Даму бағдарламасы

С.Ж. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ 2019 – 2023 ЖЫЛДАРҒА

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2019 жылғы 27 маусымдағы
№ 453 қаулысымен
бекітілген

 

«С.Ж. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ 2019 – 2023 ЖЫЛДАРҒА

АРНАЛҒАН ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ

1-тарау. Кіріспе
1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру жолдарының бірі медициналық білімді, оның ішінде клиникалық практиканың, медициналық білім мен ғылыми қызметтің үштұғырлығын дамыту жолымен жаңғырту болып табылатыны белгіленген.
2. «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҚазҰМУ» КеАҚ) халыққа денсаулық сақтаудың сапалы медициналық көрсетілетін қызметтерін ұсыну мақсатында денсаулықпен байланысты барлық бағыттар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде мамандарды даярлайтын елдегі ірі медицина университеті болып табылады.
3. Мамандарды сапалы даярлауды, озық медициналық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді, соның ішінде инновациялық қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етуге қабілетті негізгі тетік денсаулық сақтау мен ғылымның интеграцияланған академиялық жүйесін құру және дамыту болып табылады, ол денсаулық сақтау саласындағы зерттеу университетін дамыту үшін негіз болады.
«ҚазҰМУ» КеАҚ базасында медицинаның негізгі бағыттары бойынша бірқатар жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарды біріктіру арқылы адамдардың денсаулығы мүддесінде медициналық білім, ғылым мен практиканы іс жүзінде интеграциялау үшін жағдайлар жасалуда. «Университеттер серіктестігі» моделі шеңберінде білім мен ғылыми технологиялардың жеделдетілген трансферті «ҚазҰМУ» КеАҚ дамуына ықпал етеді.
4. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның зерттеу университеті мәртебесі ғылыми қызметтің, білім процесінің және клиникалық қызметтің интеграциясын күшейтеді.
5. «ҚазҰМУ» КеАҚ 2019 – 2023 жылдарға арналған даму бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) негізгі параметрлері: осы Бағдарламаға 1-қосымшаға сәйкес «ҚазҰМУ» КеАҚ бағдарламасының паспортында көрсетілген Бағдарламаның атауы, Бағдарламаны әзірлеу үшін негіздер, Бағдарламаны әзірлеушінің атауы, Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері, іске асыру мерзімдері мен кезеңдері, қаржыландыру көздері болып табылады.
2-тарау. Ағымдағы жай-күйі мен ұзақ мерзімді мақсаттарын ескере отырып, перспективаларын сипаттау.
6. «ҚазҰМУ» КеАҚ денсаулық сақтау саласында барлық бағыттар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде мамандарды даярлайтын елдегі ірі медициналық университет болып табылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ қызметінің негізі ғылыми-зерттеу қызметін, клиникалық практиканы және білім процесін интеграциялау және жандандыру болып табылады, бұл халыққа сапалы және заманауи медициналық көмекті ұсыну және кәсіби кадрлар даярлау мақсатында академиялық, ғылыми және клиникалық қызметті үйлестіруді көздейтін денсаулық сақтаудың бірыңғай академиялық ортасының негізгі қағидатына сәйкес келеді. Бұл жүйе оларды өзара күшейту және табысты дамыту мақсатында клиникалық және академиялық ұйымдар арасындағы синергизмді, өзара тәуелділікті және стратегиялық ынтымақтастықты көздейді. Әлемдік тәжірибе мұндай өзара іс-қимылдың мультипликативтік әсері клиникаға, университетке немесе ғылыми ұйымға жеке-жеке бөлінетін инвестициялардың нәтижелерін едәуір асыратынын көрсетеді. Мұндай интеграциялау моделіне халықаралық танылған медициналық академиялық орталықтардың – Джон Хопкинс Университетінің, Дьюк Университетінің, Питтсбург Университетінің (АҚШ) қызметі негізделген. Денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесінің құрамындағы әрбір ұйым – бұл дербес операциялық қызметті жүргізетін өзінің директорлар кеңесі, қамқоршылар және ғылыми кеңестері бар жеке, коммерциялық немесе коммерциялық емес заңды тұлға.
7. «ҚазҰМУ» КеАҚ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік медициналық қауымдастық және Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясы қабылдаған медициналық білімдегі халықаралық стандарттардың талаптарына толық көлемде сәйкес келуге ұмтылады.
Солардың ішінде:
1) оқыту дәлелді медицина қағидаттарына негізделеді;
2) оқыту ғылыми білімді қалыптастыруды және сыни ой-пікірді түсінумен жүзеге асырылады;
3) оқыту әдістемесі білімді тиімді меңгерудің дәлелді қағидаттарына негізделеді;
4) ақпараттық және коммуникациялық технологиялар белсенді пайдаланылады;
5) практикалық дағдыларға оқыту шынайы жағдайларда пайдаланылады.
8. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның зерттеу университетінің мәртебесі ғылыми қызметтің, білім процесі мен клиникалық қызметтің интеграциясын күшейтуге мүмкіндік береді, денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесі құрылатын болады, ғылыми-зерттеу қызметі, шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастық күшейтіледі.
3-тарау. Бағдарламаның талдамалық және болжамды негіздеме блогы
3.1. «ҚазҰМУ» КеАҚ қызметінің жай-күйін, негізгі проблемалары мен олардың себептерін талдау.
9. «ҚазҰМУ» КеАҚ елдегі медициналық жоғары оқу орындарының (бұдан әрі – ЖОО-лар) арасында жетекші орында. «ҚазҰМУ» КеАҚ мектептері мен факультеттері бакалавриаттың 8 бағдарламасы, интернатураның 6 бағыты, магистратураның 7 бағдарламасы, резидентураның 28 бағдарламасы және докторантураның 4 бағдарламасы бойынша білім береді. 2017 жылы Университет медициналық ЖОО-лардың ұлттық рейтингінде 1-орын және Қазақстанның білім беру бағдарламалары рейтингінде 1-ші және 2-орын; ЖОО қажеттілігінің институционалдық (бас) рейтингінде 2-орын алды. 4 білім беру деңгейі бойынша барлық қолданыстағы 40 білім беру бағдарламасын тәуелсіз Аккредиттеу және рейтинг агенттігі аккредиттеді. 2018 жылдан бастап «ҚазҰМУ» КеАҚ институционалдық аккредиттеу рәсімінен өтті. Университетте 2017 – 2018 оқу жылы 8867 студент жоғары медициналық білім, жоғары оқу орнынан кейінгі білімді – 562 адам (магистратура – 99, докторантура – 79, резидентура – 384) алды. Университет 2492 маман үшін Қосымша кәсіптік білім беру бағдарламасын жүзеге асырды. Университеттің ұжымы 2993 адамды құрайды. Оның ішінде оқытушы-профессорлық құрамы (бұдан әрі – ОПҚ) – 1283, соның ішінде академик – 9, ғылым докторлары – 151, ғылым кандидаттары – 401, PhD докторлары – 20.
10. 2017 – 2018 оқу жылы «ҚазҰМУ» КеАҚ-ға Түркиядан, Ресейден, Литвадан, Польшадан, Грузиядан, Украинадан, Белорусьтен 38 визитинг-профессор келді. Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде Еуропаның: Финляндия, Литва, Испания, Эстонияның ЖОО-лармен шарттарға қол қойылды. 34 елдің университеттерімен ынтымақтастық туралы 124 шарт жасалды. «ҚазҰМУ» КеАҚ 7 халықаралық қауымдастықтың институционалдық мүшесі болып табылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ – академиялық адалдық қағидаттарын іске асыру және ілгерілету арқылы білім беру сапасын арттыру мақсатын көздейтін «Академиялық талапшылдық» лигасы құрылтайшыларының бірі.
11. Университеттің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлігі бар. 2018 жылға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі (мың теңге): 598 452 мың теңге (Денсаулық сақтау министрлігі); 460 009 мың теңге (Білім және ғылым министрлігі); 104 000 мың теңге (басқа көздер). 80 қызметкерде Хирша нөлдік индексі бар. 1 200 студент ғылыми үйірмелерге қатысады және халықаралық деңгейде 235 баяндама ұсынылды. 2017 – 2018 оқу жылы олимпиада жеңімпаздарының, конференциялардың саны 53 адамды құрады.
12. Ғылым және білім беру қызметіндегі қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, «ҚазҰМУ» ҚеАҚ қызметінің жай-күйіне жүргізілген талдау мынадай негізгі проблемалардың бар екенін көрсетті:
1) «ҚазҰМУ» ҚеАҚ ОПҚ пен білім алушыларының жоғары оқытушылық және оқыту жүктемесіне байланысты зерттеу жұмыстарына жеткіліксіз тартылуы. Осы бағыт шеңберінде және заманауи зерттеу университеттеріне қойылатын талаптарды ескере отырып, «ҚазҰМУ» КеАҚ ОПҚ зерттеу жұмысына тарту білім мен зерттеу қызметінің арасындағы қажетті теңгерімге қол жеткізу жолымен, оқытушының жүктемесін бірте-бірте төмендету арқылы қамтамасыз етілетін болады, бұл өз кезегінде студенттер білімінің (практикасының) клиникалық аспектісін қамтитын болады. ОПҚ-мен, ғылыми қызметкерлермен және клиницистермен бірлескен зерттеу жұмыстарына студенттер белсенді түрде тартылатын болады. «ҚазҰМУ» КеАҚ білім беру бағдарламаларының міндетті шарты барлық білім алушылар және бірінші кезекте магистранттар, докторанттар және резиденттер үшін ғылыми сипаттағы жобаларға қатысу болады;
2) мемлекет тарапынан жүйелі базалық қаржыландырудың болмауына және бизнестен немесе басқа да сыртқы көздерден түсетін кірістерді тарту жүйесінің дамымауына байланысты университеттің ғылыми қызметін тұрақты қаржыландыруының жеткіліксіздігі. Осы проблеманы шешу үшін бірлескен ғылыми және зерттеу жобаларын ұйымдастыру мен өткізуді қаржыландыруға дайын және ықпал ететін шетелдік ғылыми әріптестер пулы қалыптастырылатын және кеңейтілетін болады. Өз кезегінде «ҚазҰМУ» КеАҚ «үнемдеу» экономикасынан «даму экономикасына» қарай ауысуды қолдайтын және «ҚазҰМУ» КеАҚ персоналы мен инфрақұрылымын, оның ішінде ғылыми-зерттеу базасын дамытуға инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа қағидатқа ауысады;
3) білім, клиникалық және зерттеу қызметінің әралуандығына байланысты денсаулық сақтау мен ғылымның интеграцияланған академиялық жүйесінің жұмыс істеу деңгейінің жеткіліксіздігі. Оны шешу жолдары ақпараттық қамтамасыз етуді және процестерді цифрландыруды, шетелден мамандарды шақыруды, жабдықтарды жаңартуды және білім мен дағдыларды беруге ықпал ететін басқа да шарттар; «ҚазҰМУ» КеАҚ-да саясатты (кадрлық, ақпараттық, сапа менеджменті және тәуекелдерді басқару саласында және одан басқа) әзірлеу, қолда бар бизнес-процестерді (ғылыми, білім, клиникалық) нақты айқындау; бизнес процестердің әрқайсысында стандартталған операциялық рәсімдерді әзірлеу мен жетілдіру және оларды бір-бірімен байланыстыру бойынша үздіксіз жұмыс.
3.2. «ҚазҰМУ» КеАҚ ұжымының инновациялық әлеуетін бағалау.
13. «ҚазҰМУ» КеАҚ ұжымы айтарлықтай инновациялық әлеуетке ие. Қазіргі уақытта «ҚазҰМУ» КеАҚ ғылыми-зерттеу қызметін ОПҚ, ғылыми қызметкерлер, білім алушылар медициналық ғылымның басым бағыттарын ескере отырып, «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның ғылыми-медициналық зерттеулерді дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес жүргізеді. «ҚазҰМУ» КеАҚ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық бағдарламаларды және әртүрлі конкурстық жобаларды орындау 52 бағдарлама бойынша өткізілді, оның 42-сі қазіргі уақытта аяқталды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көздері: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің мемлекеттік бюджет қаражаты, «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның жоғары оқу орны ішіндегі гранттары, халықаралық ұйымдардың (Бундесвер институты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Education, Audiovisual and Culture Executive Agency) қаражаты, сондай-ақ жекеше сектормен әріптестікті дамыту есебінен («Қазэкожоба» ЖШС) болып табылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ негізгі әріптес ретінде АҚШ-тың Ұлттық денсаулық институтының грантын алған бірінші қазақстандық ұйым болып табылады. 2018 жылы «ҚазҰМУ» КеАҚ қызметкерлері 819, оның ішінде шетелдік журналдарда – 151, соның ішінде импакт-факторы бар журналдарда 90 мақала жариялады. «ҚазҰМУ» КеАҚ Қазақстандағы анағұрлым көп оқылатын мақалалары саны бар университет ретінде Web of Science және Scopus сертификаттарын алды.
14. Б.Атшабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының құрамында клиникалық-эксперименттік зертхана, ғылыми клиникалық-диагностикалық зертхана; виварий, халық денсаулығы тәуекелдерін бағалау зертханасы, Эксперименттік фармакология орталығы бар. «ҚазҰМУ» КеАҚ құрамына медицинаның негізгі бағыттары бойынша жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар (Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы) кірді, бұл университеттің ғылыми, клиникалық және білім беру қызметіндегі әлеуетін айтарлықтай арттырды. «ҚазҰМУ» КеАҚ-да ғылыми қызметті қаржыландыру және қолдау жүйесі жұмыс істейді. ОПҚ, ғалымдар, докторанттар үшін университеттік зерттеу гранттарын алуға конкурстар тұрақты негізде өткізіледі. Барлық гранттық өтінімдер ішкі және тәуелсіз сыртқы (халықаралық) сараптамадан өтеді, олардың нәтижелері кейіннен қаржыландыруға арналған өтінімдерді іріктеу үшін пайдаланылады. Ғылыми-зерттеу қызметі халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберінде де жүзеге асырылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ қызметкерлері мен білім алушылары жүргізетін барлық зерттеулер «ҚазҰМУ» КеАҚ жергілікті биоэтикалық комиссиясының сараптамасынан өтеді. Зерттеу қызметі саласындағы жоғарғы кеңесші орган «ҚазҰМУ» КеАҚ Ғылыми кеңесі болып табылады, ол «ҚазҰМУ» КеАҚ және оның ұйымдарының ғылыми саясаты мен ғылыми қызметінің қағидаттарын айқындайды.
15. Білім процесінің тиімді саясатын қамтамасыз ету үшін университеттік және академиялық кеңестер, білім беру бағдарламалары комитеттері және оқытушы-профессорлық сенаты сияқты алқалы органдар құрылды. Академиялық кеңестің өкілеттігі жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында академиялық процеске, оның сапасының стандарттарына, зерттеулерге, оқу жоспарларына, сондай-ақ академиялық қолдауға қатысты мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады. Оқу процесі әрбір мамандық бойынша әзірленген және бекітілген оқу жоспарларымен, академиялық күнтізбемен және сабақтар кестесімен регламенттеледі.
16. Жалпы медицина мектебі «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат бағдарламасы бойынша білім процесін іске асырады. Стратегиялық әріптес – Литва денсаулық ғылым университетімен, сондай-ақ медициналық ЖОО-лардың өкілдерімен бірлесіп оқу жоспарларын, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларын келісу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы бастамалардың шеңберінде мектептің басымдықтарын іске асыру үшін білім беру бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігі, академиялық мобильділікті дамыту, оқытудың инновациялық, интерактивті технологияларын әзірлеу және кеңінен пайдалану үшін негіз құрылуда.
17. 2018 жылдан бастап педиатрия мектебі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның Педиатрия мектебінде 330 жуық бакалавр білім алуда.
18. Фармация мектебінің негізгі мақсаты – фармацевтикалық практика мен ғылым саласында жұмыс істеу үшін жоғары фармацевтикалық білімі бар мамандарды даярлау болып табылады. Қазіргі кезде фармация мектебінде мамандарды дуальды даярлау жүргізілуде, Санкт-Петербург мемлекеттік химия- фармацевтикалық университетімен бірлесіп, «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша студенттерді даярлау бойынша білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
19. Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі студенттерді бакалавриат бағдарламаларының үш мамандығы: қоғамдық денсаулық сақтау, мейіргер ісі және менеджмент бойынша даярлауды жүзеге асырады. Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі эпидемиология, мейіргер ісі бойынша PhD магистратура бағдарламаларын әзірлеуді және енгізуді жоспарлап отыр. Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің эпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық әріптесі Нью-Йорк штаты (SUNY), Олбани (АҚШ) университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебі, мейіргер ісі саласында – JAMK (Финляндия) Қолданбалы ғылымдар университеті болып табылады.
20. Стоматология мектебі жақсы оқу-әдістемелік базамен қамтамасыз етілген, республикадағы заманауи жабдықпен, фантомды кабинеттермен жарақтандырылған жетекші стоматологиялық бейіндегі факультет болып табылады, онда 150-ден астам оқытушы өз қызметін жүзеге асырады.
21. Халықаралық медицина факультеті «Жалпы медицина» және «Педиатрия» мамандықтары бойынша мамандарды ағылшын тілінде даярлауды жүргізеді. Білім алушылардың негізгі контингенті – Үндістан, Иордания, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, АҚШ, Ресей, Түркия және Қытайдан келген шетелдік студенттер. «ҚазҰМУ» КеАҚ-дағы табысты интернационалдандыру арқасында шетелдік студенттер контингенті жыл сайын ұлғаюда.
22. Интернатура және резидентура факультеті «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның құрылымдық бөлімшесі ретінде 2018 жылы дипломнан кейінгі білім беру факультеті мен жалпы медицина факультеті қайта құрылғаннан кейін қалыптастырылды. Факультеттің жұмысы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін жоғары білікті медицина кадрларын даярлауға бағдарланған. 2017 – 2018 жылдары 21 резидентура мамандығы бойынша аккредиттеуден кейінгі аудиттен сәтті өтті.
23. 2007 жылдан бастап «ҚазҰМУ» КеАҚ-да магистратура мен PhD докторантурада ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүргізілуде. 2007 – 2017 жылдар аралығында «ҚазҰМУ» КеАҚ магистратурасында барлығы 379 магистр және 79 PhD докторы даярланды. Магистратурада және докторантурада кадрларды даярлау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: медицина, қоғамдық денсаулық сақтау, фармация және фармацевтикалық өндіріс технологиясы.
3.3. Еңбек нарығының кадрларға қажеттілігінің өзгеру үрдісінің болжамы.
24. Соңғы бес жылда медицина кадрларына қажеттілік 32%-ға төмендегеніне қарамастан, денсаулық сақтау саласы бұрынғыдай дәрігерлік кадрлар тапшылығын бастан кешуде. 2018 жылғы 1 қаңтардағы ахуал бойынша жалпы ел бойынша 2 840 бос штаттық бірлік бар. Еңбек нарығындағы жоғары қажеттілік салдарынан «ҚазҰМУ» КеАҚ барлық түлектері мамандығы бойынша жұмыс табады. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның түлектерін жұмысқа орналастыру 2017 жылы 94 %-ды; 2018 жылы – 96 %-ды құрады. Болжам бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлар тапшылығы жыл сайын кадрлардың табиғи кетуінің, халық санының, әсіресе, орташа өмір сүру ұзақтығы мен егде жастағы адамдар санының ұлғаюы есебінен сақталады.
4-тарау. Бағдарламаның пайымы.
25. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның стратегиясында ұйымның пайымы «Денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесі қағидаттарында үздіксіз дамып келе жатқан, онда бір миссиямен жігерленген, бір құндылықтарды бөлісетін, денсаулық туралы білімді адамның денсаулығы үшін генерациялау, беру және пайдалану үшін кәсіби мамандардың күш-жігерін біріктіретін инновациялық университет» ретінде айқындалды. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның қызметі Қазақстан Республикасының халқына медициналық көмектің сапасын арттырудың негізі ретінде оқытудың прогрессивті нысандарын, жаңа технологияларды, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді пайдалана отырып, медициналық және фармацевтикалық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. «ҚазҰМУ» КеАҚ зерттеу университеті ретінде ондағы барлық қолда бар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру деңгейлеріне ғылыми қызметті, клиникалық практика мен білім процесін интеграциялауға бағытталған.
5-тарау. Бағдарламаның миссиясы.
26. Қоғамға денсаулық сақтау саласындағы бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау арқылы қызмет ету.
6-тарау. «ҚазҰМУ» КеАҚ бағдарламасының стратегиялық блогы
6.1. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі.
27. Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде «ҚазҰМУ» КеАҚ елдің денсаулық сақтау саласындағы барлық бағыттар бойынша білім берудің барлық деңгейлерінде мамандар даярлайтын ірі медициналық университеті болып табыла отырып, ерекше рөл атқарады. «ҚазҰМУ» КеАҚ базасында «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің оқу-әдістемелік бірлестігі жұмыс істейді, ол Қазақстандағы медициналық білім беруді реттейтін негізгі әдістемелік және нормативтік құқықтық құжаттарды әзірлейді және оған сараптамалық баға береді. «ҚазҰМУ» КеАҚ білім беру бағдарламалары жоғары оқу орны және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын қамтиды, жұмыс берушілермен және халықаралық әріптестермен келісіледі. Студенттерді оқыту процесі дәрістер, зертханалық және жеке сабақтар комбинацияларын, кейстермен топтық жұмыстарды орындау, проблемалық мәселелерді шешу, эксперименттер мен клиникалық практиканы жүргізу пайдаланыла отырып, әріптес ЖОО-лардың және басқа да шетелдік университеттердің заманауи технологияларына негізделген.
4 білім беру деңгейі бойынша барлық қолданыстағы 40 білім беру бағдарламасын Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі аккредиттеді. 2018 жылдан бастап «ҚазҰМУ» КеАҚ институционалдық аккредиттеу рәсімінен өтті.
«ҚазҰМУ» КеАҚ ISO 9001 халықаралық стандартының жаңа нұсқасы бойынша Сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификатын алған елдің алғашқы ЖОО-ларының бірі болды. Аудитті тәуелсіз сараптама саласындағы әлемдік көшбасшы, менеджмент жүйелерін сертификаттау бойынша ірі халықаралық орган SGS компаниясы (Швейцария) өткізді.
6.2. «ҚазҰМУ» КеАҚ академиялық саясаты.
28. «ҚазҰМУ» КеАҚ-да академиялық қызметті ұйымдастыру мен басқарудың заманауи жүйесі (академиялық саясат) қалыптастырылды және дамуда. Университет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген академиялық еркіндіктің негізгі қағидаттарын басшылыққа алады. Университет әлемдік тәжірибе ескерілетін үштілдік саясатын ескере отырып, қолданыстағы бағдарламаларды түрлендіреді және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлейді, бұл әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің осындай бағдарламаларымен олардың үйлесімділігін арттыруға қолайлы әсер етеді және өз кезегінде білім алушылардың академиялық мобильділігінің мүмкіндіктерін арттыру, қос диплом туралы шарттар жасау үшін жағдай жасайды, Университетті интернационалдандыру ықпал етеді. Барлық курстардың студенттері, интерндер мен резиденттер үшін білім процесінің практикалық клиникалық компоненттерін ұлғайтуға ерекше көңіл бөледі.
29. Білім беру процесінің тиімді саясатын қамтамасыз ету үшін университеттік және академиялық кеңестер, білім беру бағдарламалары комитеттері және оқытушы-профессорлық сенаты сияқты алқалы органдар құрылды. Академиялық кеңестің өкілеттігі жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында академиялық процеске, оның сапасының стандарттарына, зерттеулерге, оқу жоспарларына, сондай-ақ академиялық қолдауға қатысты мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады. Оқу процесі әрбір мамандық бойынша әзірленген және бекітілген оқу жоспарларымен, академиялық күнтізбемен және сабақтар кестесімен регламенттеледі.
Университет академиялық және ғылыми жұмысқа жетекші шетелдік мамандарды, ғалымдар мен оқытушыларды тұрақты негізде тартады, сондай-ақ өз қызметкерлерінің академиялық мобильділігіне қажетті көңіл бөледі.
6.3. «ҚазҰМУ» КеАҚ инновациялық әлеуетін дамыту және оның жетістіктері
30. Университет ғылыми қызмет саласында озық әлемдік стандарттар мен тұжырымдамалардың трансферті негізінде оның әдіснамалық тәсілдерін жаңғыртуға үлкен көңіл бөледі. Осы мақсатта университеттік зерттеу бағдарламалары мен жобаларды халықаралық деңгейде интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілетін болады, стартегиялық басым бағыттар бойынша ғылыми тағылымдамалар жүйесін дамытуға көңіл бөлінетін болады; ғылыми кадрлармен алмасу дамитын болады. Университет жекеше сектордың тарапынан бірлесіп қаржыландыруды алатын қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелерінің үлесін ұлғайтуға ұмтылатын болады. Университет ақпараттық инфрақұрылымды қоса алғанда, білім менеджменті жүйесін (knowledge management system) басқаруға көңіл бөлетін болады.
6.4. «ҚазҰМУ» КеАҚ ғылыми-техникалық әзірлемелерді коммерцияландыру
31. Ғылыми-техникалық әзірлемелерді коммерцияландыру үшін Университет жекеше сектор тарапынан қоса қаржыландыру алатын қолданбалы ғылыми-зерттеулер әзірлемесінің үлесін ұлғайтуға, трансляциялық медицинаны дамытуға, яғни іргелі зерттеулердің нәтижелерін практикалық денсаулық сақтауға енгізуге, халықаралық стандарттарға сәйкестік сертификаттарын алумен зерттеуге және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге ұмтылатын болады.
32. Университет магистратураға, резидентураға, PhD докторантураға қабылдауды ұлғайту, мамандықтар және ғылыми кадрларды даярлау бағыттарының, докторантурадан кейінгі бағдарламалардың санын кеңейту бойынша мүмкіндіктерін қарайды. Университет жас ғалымдарды қолдау бойынша, оның ішінде зерттеулерді жүргізуге университеттік гранттарды ұсыну арқылы жүйелі саясатты әзірлейтін және енгізетін болады.
33. Денсаулық сақтауды дамытудағы, медицинаны биофизика, биоинформатика, биохимия, робототехника, кибернетика және басқа да осындай ғылым салаларымен тоғысқан зерттеулер бойынша жұмыс істейтін мамандықтарды кеңейтудегі әлемдік үдерісті ескере отырып, Университет еліміздің қажеттілігін және өздерінің осы бағыттағы қызметін, мысалы тиісті факультет құру арқылы дамыту бойынша мүмкіндігін қарайтын болады.
34. Денсаулық сақтау мен ғылымның интеграцияланған академиялық жүйесін құру және дамыту білім беру сапасын арттыра отырып, озық медициналық көрсетілетін қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз етеді. «ҚазҰМУ» КеАҚ-да іске асырылатын денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесінің моделі Университеттің клиникалық бөлімшелерін, сондай-ақ медицинаның негізгі бағыттары бойынша жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарды қамтиды. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары:
1) «ҚазҰМУ» КеАҚ мен ғылыми-зерттеу институттарын және ғылыми орталықтарды өзара күшейту және дамыту, практиканы, ғылым мен білімді интеграциялау мақсатында олардың арасындағы синергизм, үйлестіру стратегиялық ынтымақтастық;
2) нарықты тұрақты бағалау және инвестициялар мен бюджеттердің жоспарларын бейімдеу;
3) медициналық көмектің көлемін, спектрін кеңейту және сапасын жақсарту, жоғары технологиялық медициналық көмектің үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық жобаларға қатысуды кеңейту;
4) оқытудың практикалық компоненттерін ұлғайту жолымен медициналық білім беру сапасын арттыру болып табылады.
35. «ҚазҰМУ» КеАҚ стратегиялық даму жоспарына сәйкес зерттеу компоненті ретінде де, білім беру компоненті ретінде де ЖОО-ны дамытудың оң болжамы:
1) «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның әлемнің жетекші ғылыми университеттерінің қатарына кіруі;
2) студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын қолдаудың ұйымдастырушылық-қаржылық тетігін әзірлеу;
3) басым бағыттар бойынша өтінімдер мен гранттар санын арттыру, халықаралық гранттарды ұлғайту;
4) экономиканың нақты секторы тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстарына ЖОО-ның (оның шағын инновациялық кәсіпорындарын қоса алғанда) тапсырыстарының көлемін ұлғайту;
5) қазақстандық және халықаралық қоғамдастықтардың сұранысына ие геномика, жасушалық технологиялар мен биомедицина саласында, қолданбалы медицина, трансляциялық ғылым мен денсаулық сақтау саласында ғылыми білім базасын құру;
6) импакт-факторы бар журналдарда жарияланымдық белсенділікті арттыру, ОПҚ жарияланымдарының дәйексөз келтіру индексін арттыру;
7) университеттің тапсырыстық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық және (немесе) бастамашылық ғылыми жобаларын орындаудағы ОПҚ үлесін ұлғайту;
8) ғылыми-зерттеу қызметін орындауға тартылған білім алушылардың санын ұлғайту;
9) ғылыми әзірлемелерді ұлғайту, коммерцияландыру және практикаға енгізу болып табылады.
7-тарау. Бағдарламаның мақсатына қол жеткізу жолдары
36. Мақсаты – «ҚазҰМУ» КеАҚ-ны оның білім беру, ғылыми-зерттеу және клиникалық базасын дамытуды интеграциялау арқылы денсаулық сақтау саласындағы әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру.
«ҚазҰМУ» КеАҚ әлемдік деңгейдегі медициналық университет ретінде дамыту «Университеттердің әріптестігі» моделі шеңберінде білім және ғылыми технологиялар трансферті арқылы жүзеге асырылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ стратегиялық әріптесі Литва денсаулық ғылым университеті болып табылады. Әріптесті таңдау оның білім беру, ғылыми және клиникалық қызметіндегі жетістіктеріне, медициналық білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкестігіне және нәтижесінде дипломдарының Еуропалық Одақта танылуына, сондай-ақ бірыңғай кеңестік білім беру кеңістігінде ұзақ уақыт бойы қызметін жүзеге асыратын екі университеттің ортақ тарихына негізделген. Әріптестіктің нәтижесі кейіннен халықаралық тани отырып жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету, зерттеу қызметін жоспарлау, менеджменті және бағалау жүйесін жетілдіру, академиялық, ғылыми және клиникалық қызметті біріктіретін тиімді жүйені құру болып табылады.
37. «ҚазҰМУ» КеАҚ стратегиясы өзара тығыз байланысқан бес негізгі стратегиялық бағытты айқындайды.
38. Бірінші стратегиялық бағыт «ҚазҰМУ» КеАҚ-да денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесін құру болып табылады. Осы бағыт шеңберінде және қазіргі заманғы зерттеу университеттеріне қойылатын талаптарды ескере отырып, «ҚазҰМУ» КеАҚ оқу орнының қолдағы бар ОПҚ-ны білім беру қызметімен қатар зерттеу жұмысына тартуға ұмтылатын болады. Бұл ретте, осы екі түрдің арасындағы қажетті теңгерім оқыту жүктемесін біртіндеп төмендету арқылы қамтамасыз етілетін болады, бұл өз кезегінде студенттерге білім берудің клиникалық аспектісін (практиканы) қамтитын болады. Студенттер ОПҚ-мен, ғылыми қызметкерлермен және клиницистермен бірлескен зерттеу жұмысына белсенді тартылатын болады. Магистранттар, докторанттар мен резиденттер үшін «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның білім беру бағдарламаларының міндетті шарты ғылыми сипаттағы жобаларға қатысу болады.
39. «ҚазҰМУ» КеАҚ екінші стратегиялық бағыты денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесінің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. ОПҚ мен білім алушылардың ғылыми қызмет саласындағы белсенділігін арттыру «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның жүргізілетін зерттеулер сапасының барынша жоғары деңгейіне шығуы үшін негізгі шарттардың бірі болып табылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ зерттеу университеті ретінде қарқынды құратын және жетілдіретін сапаны арттырудың басқа шарттарына процестерді ақпараттық қамтамасыз ету және цифрландыру, шетелден мамандарды шақыру, жабдықтарды жаңарту және білім мен дағдыларды беруге ықпал ететін басқа да шарттар жатады. Жұмыстың сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі «ҚазҰМУ» КеАҚ саясатын (кадрлық, ақпараттық, сапа менеджементі және тәуекелдерді басқару саласында және басқалар) әзірлеу және қолдағы бар бизнес-процестерді (ғылыми, білім беру, медициналық, тәрбие) нақты айқындау, бизнес-процестердің әрқайсысында және стандартталған операциялық рәсімдерді өзара байланыстыра отырып, стандартталған операциялық рәсімдерді әзірлеу және жетілдіру бойынша үздіксіз жұмыс болады.
40. «ҚазҰМУ» КеАҚ үшінші стратегиялық бағыты қызметкерлердің өз жұмысына, медициналық және фармацевтикалық мамандарды, білім алушыларды даярлау сапасына, оқыту шарттарына және процесіне қанағаттанушылығын арттыру болып табылады. Зерттеу университетінің ОПҚ мен ғылыми қызметкерлері үшін кәсіби өсуін, оның ішінде академиялық мобильділікті арттыруды, кітапхана ресурстарын дамытуды, халықаралық ғылыми конференцияларға және басқа да іс-шараларға қатысуды, «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның ғылыми-зерттеу базасын дамытуды және басқаларды білдіреді. Бұған Директорлар кеңесі бекіткен «ҚазҰМУ» КеАҚ даму стратегиясының шеңберінде ғылыми және академиялық (оның клиникалық бөлігін қоса алғанда) күн тәртібін қалыптастырудағы негізгі буын ретіндегі «ҚазҰМУ» КеАҚ Сенаты – консультациялық-кеңесші органның жаңа рөлі ықпал ететін болады. Осы шаралар «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның олар қарамағына келіп түсетін лауазымды адамдардың жауаптылығын арттыра отырып, оларды орталықсыздандырудың пәрменді процесінен тұратын қолданыстағы ресурстарын бөлудегі жаңа тәсілдерді құруға ықпал ететін болады.
41. «ҚазҰМУ» КеАҚ төртінші стратегиялық бағыты оның интернационалдығы болып табылады. Басым бағыты ел ішіндегі стратегиялық әріптестермен де халықаралық әріптестермен де, ғылыми-зерттеу және ғылыми-практикалық жобаларды бірлесіп жүргізу бойынша ғылыми ынтымақтастықты дамыту болады. Осы стратегиялық бағыттағы табыстылықтың маңызды индикаторларының бірі «ҚазҰМУ» КеАҚ басқа шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, алатын гранттардың саны мен көлемі болады. Сондай-ақ зерттеу университеті үшін интернационалдандыру Web of Science базаларында тіркелетін шетелдік әріптестермен бірлескен және тек ел ішінде ғана емес, сондай-ақ жетекші шетелдік университеттердің хаттамаларына сәйкес жиналған материалдарға да негізделген жарияланымдар санын ұлғайтудан тұрады. Бұл үшін «ҚазҰМУ» КеАҚ шетелдік консультанттардың бағдарламаларына қатысуымен шектелмей шетелдік әріптестермен бірлескен докторантура бойынша халықаралық бағдарламаларды, ғалымдармен алмасу жүйесін, олардың ғылыми конференцияларға, қысқа мерзімді тренингтерге және шетелдік университеттерге бір жылдық кезеңге дейінгі тағылымдамаға шығуын дамытатын болады.
42. «ҚазҰМУ» КеАҚ стратегиясының бесінші бағыты экономикалық даму және қаржылық тұрақтылық болып табылады. «ҚазҰМУ» КеАҚ тек елімізде ғана емес, сондай-ақ әлемдегі беделді зерттеу университеті болады. Сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастыру мен өткізуді қаржыландыруға дайын және ықпал ететін шетелдік ғылыми әріптестердің пулы қалыптасатын және кеңейтілетін болады. Бұл өз кезегінде, коммерцияландырудың көмегімен қаржылық түсімдердің маңызды көзі болатын ғылыми өнімдердің кеңеюіне әкеледі. Өз кезегінде «ҚазҰМУ» КеАҚ «үнемдеу» экономикасынан даму экономикасына ауысуды қолдайтын жаңа қағидатқа ауысады және жыл сайын зерттеу университетінің персоналы мен инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде ғылыми-зерттеу базасын дамытуға инвестицияларды кеңейтетін болады. Экономикалық даму қағидатына сәтті өту міндеті маркетинг пен фандрайзингті, функционалдық-құндық талдауды және форсайтты, өнімсіз шығындардың деңгейін анықтауды және азайтуды, бюджетті жоспарлы орталықсыздандыру (оны тіпті «ҚазҰМУ» КеАҚ мектептерінің деңгейіне беруге дейін) әдістерін бір мезгілде оны әкімшілендіру үшін жауапкершілігін арттыра отырып белсенді енгізуді қажет етеді.
8-тарау. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
43. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде және «ҚазҰМУ» КеАҚ барлық ұйымдарында ғылыми қызметті, білім беру процесін және клиникалық қызметті интеграциялауды күшейту қамтамасыз етілетін болады:
1) ғылыми-зерттеу қызметіне тартылған ОПҚ-ның үлесі артады;
2) білім алушылардың жалпы контингентінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын магистранттар мен докторанттардың үлесі ұлғаяды;
3) ғылыми-зерттеу жобаларының жалпы саны ұлғаяды.
44. Денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесі құрылатын болады:
1) стратегиялық әріптестермен бірлесіп әзірленген білім беру бағдарламаларының саны ұлғаяды;
2) ғылыми қызметтің нәтижелерін ескере отырып, аттестаттау өткен ОПҚ-ның үлесі артады;
3) оқытудың барлық деңгейіндегі білім беру бағдарламаларындағы ғылыми қызметтің үлесі артады.
45. «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның ғылыми-зерттеу қызметі күшейтілетін болады:
1) соңғы бес жыл ішінде Web of Science-те индекстелетін халықаралық рейтингтік журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны көбейеді;
2) Web of Science-те индекстелетін халықаралық рейтингтік журналдарда соңғы бес жыл ішінде жарияланған ғылыми мақалалардың орташа дәйексөз келтіру деңгейі артады;
3) «ҚазҰМУ» КеАҚ бюджетінде ғылыми қызметтен түсетін табыстардың үлесі артады;
4) «ҚазҰМУ» КеАҚ бюджетінен зерттеулерді қаржыландырудың сыртқы көздерінен түсетін қаражаттың сомасын шегере отырып, ғылыми қызметке жұмсалатын шығыстардың үлесі артады.
46. Шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастық күшейтілетін болады. Шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жобалардың саны ұлғаяды.
«ҚазҰМУ» КеАҚ университеттер мен негізгі медициналық білім беру орталықтарының халықаралық рейтингіне ілгерілетілетін болады. QS (by Subject) нұсқасы бойынша «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның үздік университеттер рейтингіндегі позициясы артады.
Бағдарламаның нысаналы индикаторлары көрсетілген, жылдар бойынша бөле отырып, Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат Бағдарламаға 2-қосымшада көрсетілген.

«С.Ж. Асфендияров атындағы
Қазақ ұлттық медицина
университеті» коммерциялық
емес акционерлік қоғамының
даму бағдарламасына
1-қосымша

«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының даму бағдарламасының паспорты

Бағдарламаның атауы «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «ҚазҰМУ» КеАҚ) 2019 – 2023 жылдарға арналған даму бағдарламасы
Әзірлеу үшін негіз  «Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы  3-бабының 8) тармақшасы, Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің  2014 жылғы 30 маусымдағы № 752 қаулысымен бекітілген Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша 2014 – 2020  жылдарға  арналған іс-шаралар  жоспарының 7-тармағы
Бағдарламаны әзірлеуші «ҚазҰМУ» КеАҚ
Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері Мақсаты – «ҚазҰМУ» КеАҚ-ны оның білім беру, ғылыми-зерттеу және клиникалық базасын дамытуды интеграциялау арқылы денсаулық сақтау саласындағы әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру.
Міндеттері:
1) денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесін құру;
2) ғылыми-зерттеу қызметін күшейту;
3) шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты күшейту;
4) «ҚазҰМУ» КеАҚ-ны университеттер мен негізгі медициналық білім беру орталықтарының халықаралық рейтингісіне ілгерілету.
Іске асыру мерзімі I кезең. 2019 – 2023 жылдар
II кезең. 2021 – 2023 жылдар
Қаржыландыру көздері «ҚазҰМУ» КеАҚ-да білім алушылардың білім гранттары.
Ақылы негізде білім алатын білім алушылардың қаражаты.
Ғылыми зерттеулер жүргізуге алынған гранттар.
Заңнамада белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органмен келісілген «ҚазҰМУ» КеАҚ-ның басқа қызметінен түскен қаражат.

 

«С.Ж. Асфендияров атындағы
Қазақ ұлттық медицина
университеті» коммерциялық
емес акционерлік қоғамының
даму бағдарламасына
2-қосымша

 

«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы даму бағдарламасының нысаналы индикаторлары

Р/с
Нысаналы индикаторлар Өлшем бірлігі Жоспарлы кезеңде
I кезең II кезең
2019 2020 2021 2022 2023
1 2 3 4 5 6 7 8
Мақсаты – «ҚазҰМУ» КеАҚ-ны оның білім беру, ғылыми-зерттеу және клиникалық базасын дамытуды интеграциялау арқылы денсаулық сақтау саласындағы әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру.
1-міндет. Денсаулық сақтау мен ғылымның академиялық жүйесін құру
1. Стратегиялық әріптестермен бірлесіп әзірленген білім беру бағдарламаларының саны бірлік 4 5 6 7 8
2. Білім алушылардың жалпы контингентінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын магистранттар мен докторанттардың үлесі % кемінде5% кемінде 6% кемінде 7% кемінде 8% кемінде
10%
3. Ғылыми қызметтің нәтижелерін ескере отырып аттестаттаудан өткен ОПҚ-ның үлесі % 30 60 90 100 100
4. Білім берудің барлық деңгейіндегі білім беру бағдарламалардағы ғылыми қызметтің үлесі % 2 4 6 8 10
2- міндет. Ғылыми-зерттеу қызметін күшейту
5. Ғылыми-зерттеу қызметіне тартылған ОПҚ-ның үлесі % кемінде
50%
кемінде
55%
кемінде
60%
кемінде
65%
кемінде
70%
6.  Ғылыми-зерттеу жобаларының жалпы саны саны 10 12 15 18 22
7. Web of Science-те индекстелетін халықаралық рейтингтік журналдарда соңғы бес жылда жарияланған ғылыми мақалалар санының ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің жалпы санына қатынасы бірлік 1 : 50 1 : 45 1 : 40 1: 30 1:15
8. Web of Science немесе Scopus-та индекстелетін халықаралық рейтингтік журналдарда соңғы бес жылда жарияланған ғылыми мақалалардың орташа дәйексөз келтіру деңгейі бірлік кемінде
1,0
кемінде
1,1
кемінде
1,2
кемінде
1,5
кемінде
1,8
9. Алынған қазақстандық патенттердің саны бірлік 10 12 14 16 18
10. Алынған халықаралық патенттердің саны бірлік 1 1 1 2
11. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі жобалардың саны бірлік 1 1 1 2
12. Университет және оның ұйымдарының жобалары базасында құрылған стартаптар бірлік 1 1 1 2
13. Ұжымдық пайдалану зертханаларында іске асырылатын зерттеу жобаларының саны бірлік 1 2 2 3 4
3-міндет. Шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты күшейту
14. Шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жобалардың саны бірлік 5 5 6 7 7
4-міндет. Университеттер мен негізгі медициналық білім беру орталықтарының халықаралық рейтингінде «ҚазҰМУ» КеАҚ-ны ілгерілету
15. QS (by Subject) нұсқасы бойынша «ҚазҰМУ» КеАҚ үздік университеттер рейтингіндегі позициясы рейтингтегі позиция 600+ 550+ 500+ 450+ 400+
С.Ж. АСФЕНДИЯРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ 2024 – 2028 ЖЫЛДАРҒА