МЕДИЦИНАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ АХУАЛЫНЫҢ НЕГІЗГІ АСПЕКТІЛЕРІ

28 Apr 2012

Socio-psychological aspects of contemporary problems of the state language in the field of medical sciences

The article deals with the development trends of the state language, in particular terminology. The authors analyze the social and psychological aspects of contemporary problems of the state language in the field of medical sciences.

 

Cоциально-психологические аспекты современных проблем государственного языка в сфере медицинских наук

В статье рассматриваются тенденции развитии государственного языка, в частности терминологии. Авторы анализируют социально-психологические аспекты современных проблем государственного языка в сфере медицинских наук.

 

Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады.

Ғабит Мүсірепов

 

«Тіл мәселесі – қиын да күрделі, соған қарамастан тайға таңба басқандай бұлтартпайтын айғаққа жүгініп, жүйелі де қисынды қолданысты қажет ететін «әдеби норма» деген ұғым аясында  өз өлшемін өрнектеген өркениетті құбылыс.  Ал соның ішіндегі ана тілінің аясындағы аударма сөздер мен термин сөздерді жалпыға бірдей қалыпқа салып, біріздендіріп, бір жүйеге келтіру – талай-талай тармақтарға таралып, сала-салаға сарапталып, зерттеп-зерделеуді, тұжырымдап-түйіндеуді талап ететін ғылыми үрдіс.  «1926 жылы 26-ақпан мен 6-наурыз аралығында Бакуде өткен түркітілдес елдердің ғалымдары қатысқан  «Бірінші Бүкілодақтық түркология сьезінде Ахмет Байтұрсынұлы баяндама жасады. Содан соң көп ұзамай Алаш зиялылары қуғындалып, бұл іс жалғасын таппай қалды да, тек  Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіз республикалар құрылғаннан кейін ғана қайта қолға алына бастады.  Содан бері түркітілдес елдердің терминдерін біріздендіру мәселесінің қозғалғанына бір ғасырға жуық уақыт өткен екен»/1/. Егер сол тұрғыдан алатын болсақ, онда медицина саласындағы мемлекеттік тіл аясындағы атқарылатын шаруалардың қаншалықты күрделі, қаншалықты салмақты мәселе екені даусыз. Ғылымтанушылар мәліметіне сүйенсек, ғылыми пәндердің саны әрбір жиырма бес жылда екі есеге артып отырады екен. Аударма сөздердің ғылыми айналымдағы осындай орасан зор иірімін ескерсек, аталмыш мәселені санаулы бір уақыт аясында бір аптаның, бір айдың ішінде ретке келтіру, қалыпқа түсіру әлбетте, мүмкін емес. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін салааралық терминдер жүйесінің қалыптасқандығы және сол салааралық терминдер жүйесінің кәсіби қарым-қатынас пен ғылыми байланыс аясында әр саланың қажеттілігін өтеп отырғаны белгілі. Әлбетте, медицина саласындағы мемлекеттік тілде  жарық көрген еңбектер көптеп саналады: А.Рақышев «Анатомия терминдерінің сөздігі», Т.Момынов, А. Рақышев «Медициналық сөздік», Ә.Нұрмұхамбетұлы «Орысша-қазақша медициналық (физиологиялық) сөздік», М.Ахметов «Медициналық терминдер сөздігі», М.Мырзабеков, Б.Жарбосынов, Қ. Мәжібаев «Қазақша-орысша медициналық сөздік», Д. Қияшев «Биохимия терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі» К. Аяпбергенова «Медицина лексикасының ұялы әдіспен жасалған сөздігі»т.с.с. Бұл сөздіктердің күнделікті жұмыс барысында, ғылым саласында, әкімшілік-басқарушылық жүйеде  орыс тілінен қазақ тіліне аудару қажет болған жағдайда көмекші құрал ретінде өлшеусіз қызмет етіп келе жатқаны даусыз. Бірақ, бір сөздің аудармасының әр сөздікте әртүрлі болуының өзі лексикалық тұрғыда сөз ұғымының әркелкілігін көрсетеді. Медицина ғылымында және күнделікті медициналық қызмет аясында жиі қолданылатын небәрі екі сөздің аудармасын алып қарап көрейік: Мысалы: абцесс- 1) іріңқалта (М.Ахметов. Медициналық терминдер сөздігі. 7-б./2/.  2) іріңдік (Ә. Нұрмұхамбетұлы               Орысша-қазақша медициналық сөздік.8-б.)/3/. анализ-1) талдау, тексеру, талдау жасау (М.Ахметов. Медициналық терминдер сөздігі. 38-б.) 2) талдау, ажырату (Ә. Нұрмұхамбетұлы Орысша-қазақша медициналық сөздік.8-б.)  Міне, медицина саласындағы мемлекеттік тіл проблемаларының бір аспектісі осыдан келіп туындайды, яғни, бір мәселе-аудармадағы грамматикалық және лексикалық бірізділіктің сақталмауы.  Дегенмен, бұл бағытта ілгерушілік бар. Өйткені, университеттегі терминологиялық комиссия қазіргі таңда университет сайтынан «Медициналық терминдердің электронды сөздігін» ашу ісін қолға алып, дәл осы аудармалар мен термин сөздерді біріздендіру ісімен тікелей шұғылдануда. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, іс жүзінде өз тұғырына қондырып, жүзеге асуына жол ашатын тағы бір арна – іс қағаздарының қазақ тіліндегі нұсқасы. Бұл тұста бірден ашып айтатын мәселе – құжаттардың бастапқы нұсқасының орыс тілінде жасалып, қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылатындығы. Орыс тілінде жасалған құжатты жауапты маман (егер ол бар болса және ол адам қазақ тілді маман болса) өзінің өресінің жеткенінше қазақ тіліне аударады. Сол үдеріс  кезінде  тағы да бір сөз (тіпті, ол медицина саласына қатысы жоқ, ресми сөз болуы мүмкін) бірнеше мағынаға ие болып шыға келеді. Ендеше, екінші мәселе-іс-қағаздарындағы іркілістер, яғни,  бүгінгі күнге дейін қазақ тілінде қалыптасқан нақты баламасы бар, бірақ, соған қарамастан қалай болса солай қолданысқа енген ауызекі сөйлеу тілінің стиліндегі  ресми емес аудармалар. Мысалы:  заседание кафедры – кафедра мәжілісі (дұрысы — осы, ал дұрыс емес нұсқалары толып жатыр: отырысы, жиылысы, басқосуы, жиналысы,т.с.с.) внутрикафедральный контроль – кафедра ішілік бақылау. Бұл тіркестегі «ішілік» деген сөз ешқандай әдеби нормаға сыймайтын бұрын-соңды лексикалық мағыналық тізбек ретінде әрекет етпеген ұғым. Орыс тіліндегі тіркесті сөзбе-сөз аударғаннан пайда болған «внутри» деген сөздің қазақ тіліндегі баламасы. Бұл сөз шын мәнінде сауатты түрде кафедра аясындағы бақылау немесе тіпті, жай ғана кафедралық бақылау деп аударылуы тиіс. Әлбетте, құжат жүзіндегі аталмыш қателіктердің тұрақты түрде ұшырасатынына қарамастан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қазіргі таңда анық 85 пайызды құрайды. Оған дәлел ретінде барлық деканаттардағы, кафедралардағы және құрылымдық бөлімдердегі іс қағаздарының екі тілде бірдей, орыс және қазақ тілдерінде әзірленетінін айтсақ та жеткілікті. Ресми құжаттарды қазақ тілінде сөйлету тұрғысынан келгенде бұл – факті. Ал қызметкерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігі мен қызмет бабында қаншалықты өз деңгейінде қолданатыны туралы мәселеге келгенде жылдық есепке жүгініп, соның негізінде шындыққа көз жеткізу мүмкін емес екені –заңдылық. Университет ректоры Айқан Ақанұлы айтқандай, «Біз науқаспен науқастың тілінде сөйлесетін дәрігерлер тәрбиелеп шығуымыз керек»  екенін ескерсек, қазақ тобында қазақ тілінде және орыс тобында қазақ тілінде жүргізілетін дәрістер мен сабақтардың сапасын тексеру – мемлекеттік тілді дамыту ісінің алдында тұрған абыройлы міндет. Әрине, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» демекші, бұл – ескерту жасап, қайта айналып келгенше реттеп қойыңыздар!» деп ұзын-арқау, кең тұсауға салатын іс қағаздарының сапасын тексеру емес, бұл- дәріскердің мемлекеттік тіл деңгейіндегі білімі мен мәдениетін, өресі мен өнегесін бағалайтын, соның нәтижесінде мемлекеттік тілдің-білім тілі, ғылым тілі ретіндегі ролін айқындап, мәртебесін көтеріп, мерейін үстем ететін сынақ.

 

  1. Құрманбайұлы Ш. Түркі терминқорының ортақ сипатының арта түсуіне  барша түркітілдестер мүдделі болып отыр // «Айқын» ,26-қараша, 2011ж.
  2. М.Ахметов. Медициналық терминдер сөздігі. 7-б
  3. Ә. Нұрмұхамбетұлы Орысша-қазақша медициналық сөздік.8-б.

Каракушикова А.С, Әбдіжәділқызы Жидегүл

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ