ІС ҚАҒАЗДАРЫН ҚАЗАҚША ЖҮРГІЗУ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫНЫҢ НАҚТЫ КӨРСЕТКІШІ

28 Apr 2012

Түйін Мақалада медицина ғылымы саласындағы іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу туралы және оның өзекті мәселелері жазылған. 2009 жылда іс қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілу үлгісі 50% болса, 3 жыл аралығында 20-25% көтерілген. Жылда құжаттардың қазақ тіліндегі  жазылуы тексеріліп салыстырмалы түрде талдама жасалып келеді.

Түйінді сөздер мемлекеттік тіл, іс қағаздарың жүргізу, құжаттарды жүргізу

 

Ведение делопроизводства на казахском языке –показатель реализации функций   государственного языка

Резюме Статья посвящена проблеме ведения делопроизводства на государственном языке в сфере медицинских наук. Как известно, в 2009 году доля делопроизводства на государственном языке составляла50%,  в течение 3 лет уровень поднялся на 20-25%. Ежегодно  проводится сравнительный анализ ведения документации на казахском языке.

Ключевые слова государственный язык, делопроизводство, ведение документации

 

Records management in Kazakh language is the index of the realization of functions of state language
Abstract The article deals with the problem of record keeping in the official language on the field of medical sciences. In 2009 the share of office records in the state language  was 50% within 3 years the level rose by 20-25%.

Keywords: state language, record keeping

 

«Қазақ тілі мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты»/1/   Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

 

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі — оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі. Іс қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түспей, стильдік жағынан қалыптаспай, мемлекеттік ресми құжаттардың барлығы алдымен қазақ тілінде жүргізілмей қазақ тілінің қолданыс аясы, қызмет қарымы өрісін кеңейте алмайды. Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші. Іс қағаздары қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады. Іс қағаздарының саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мемлекет, республика, қала, кәсіпорын, ұйым мекеме тарихын жазғанда іс қағаздары ақпараттың табылмас қайнар көзі бола алады. Құжаттар фактілерді, оқиғаларды, қоғам өмірінің құбылыстарын дәлелдейтін айғақ қызметін де атқарады.  «Іс қағаздары — басқару қызметіндегі негізгі бір сала»/2/. Яғни, ұйымдар мен мекемелердің, кәсіпорындардың қызмет етуі барысында шығарған түрлі шешімдері, басқару істері, атқарған қызметі іс қағаздарынан айқын көрінеді. Сондықтан халық шаруашылығын басқаруды жетілдіру, оны ұйымдастыру деңгейін көтеру онда құжаттармен жұмыс істеудің қаншалықты ғылыми негізделгеніне тікелей байланысты. Іс қағаздарын жүргізу-басқару үрдісінің ажырамас бөлігінің бірі болып табылады. Мекемелер арасындағы ақпарат алмасу хат, жеделхат, телефонхат сияқты құжаттар арқылы іске асады. Үкіметтің басқару істері жарғы, қаулы, нұсқау, ереже, бұйрық сияқты құжаттар арқылы жүргізіледі. Іс қағаздарын жүргізу-мекеме жұмысының нақты құжаттармен, деректермен реттелген, дәйектелген жүйесі.

Қазақ ресми іс қағаздар стилі халықтың қоғамдық өмірімен, мәдени өркендеуімен, әдеби тілдің жанрлық тармақталуымен, қоғамдық қызметінің артуымен байланысты дамып, жетіліп отырған. Қазақ ресми іс қағаздар тілінің тарихына шолу жасай отырып, оның екі түрлі арнадан сусындағанын байқауға болады. Бірі — сонау көне дәуірден бері үзілмей келе жатқан хан жарлықтары және де ресми құжаттар үлгілері. Екіншісі-қазақ жерінің Ресей мемлекетінің қол астына кіруімен байланысты қазақ тіліне аударылып таратылған орыс әкімшілік орындарының бұйрық-жарлықтары, заңдары, қатынас қағаздары. Яғни, қазіргі қазақ ресми іс қағаздар тілі жоқ жерден пайда бола салмаған, өзіндік тарихы бар құбылыс.

Бұрында қазақтар саны басым алыс аудандарда ғана іс қағаздары қазақша жүргізіліп келгені мәлім. Қазіргі таңда республикада мемлекеттік органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге бет бұрды. Бұл әрине әр мекемеде әр түрлі дәрежеде атқарылып жатқан іс. Бұл істің оп-оңай орындалып, бір күнде қалыптаса қалмайтыны белгілі. Осыған байланысты мәселелер де жетерлік. Оның бірі-мемлекеттік қызметшілердің ана тілінде еркін сөйлеп, жаза алмайтыны. Ал орыс тілді кез-келген маман орыс тіліндегі ресми құжатты еркін жазып шығады. Бұның себебі, біріншіден, тілді жетік меңгергендігі болса, екіншіден орыс тілінде іс қағаздары ғасырлар бойы уақыт тезінен өтіп әбден қалыптасқан, қай салада да дайын, мәтіндері стандартқа айналған. Оларда бұл дәстүрлі мектеп. Біз қазақ тіліндегі іс қағаздарын да осындай дәрежеде көтеруіміз керек. Екінші мәселе-қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуге байланысты оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, іс қағаздарының үлгілері өте аз, жоққа тән десе де болады. Үшінші мәселе-жоғары оқу орындарында да, арнаулы оқу орындарында да іс қағаздарын қазақша жүргізуге байланысты пән, арнаулы курс оқу бағдарламасына еңгізілмеген, сондықтан оқу орнын аяқтаған маман өндіріске, я мемлекеттік органға іс қағаздарын қазақша жүргізуге еш дайындықсыз келеді.

Құжат-латын тілінде, «куәлік», «дәлелдеу тәсілі» деген мағына береді. Бүгінгі қолданыста оның негізгі үш мағынасы бар: а). қандайда бір фактіні не бір нәрсеге деген құқықты (мысалы, жол жүруге деген) растайтын іс қағаз; ә) жеке басты ресми түрде куәландыратын құжат (төлқұжат); б). бір нәрсе туралы жазбаша куәлік (мысалы, ескі грамоталар); Кәсіпорында басқару- мәліметтерді қабылдап алу және өңдеу, шешім қабылдап оны орындау сияқты белгілі бір дәрежедегі ақпараттық процесс болып табылады. Дұрыс шешім қабылдау үшін толық түрдегі жедел және ақиқат мәліметтер керек болады. Құжатта ақпараттың осы талабына жауап беруі тиіс. Дегенмен хабардың толықтығы оның көлемімен ғана емес, сонымен бірге оның мәнді де басты мәселелерін көрсетумен бағаланады. Яғни, ақпараттың көптігі оны өңдеуді талап етеді, оның маңызды, жедел орындауды қажет ететін жақтарын айқындап, оны қабылдап-түсінуге ыңғайлы күйге түсіруді керек етеді. Осы жұмыстың бәрін құжатты толтырушы атқаруы тиіс. Құжаттың сапасы оның толықтығы, оралымдылығы және анықтылығымен ғана емес, сондай-ақ оның ықшамдылығымен, көрнектілігімен және қолайлығымен айқындалады.

Сондықтан құжаттар тікелей қатынас жасаумен тиімді ұштастырыла жүргізілсе, техникалық жағынан жақсы жабдықталып, нақты мақсаттарға жұмсалса, онда олар іс-әрекетін табысты болуына жағдай жасайды. Іс жүргізу құжаттары сонымен қатар хабар-мәліметтің қайнар көзі және таратушысы, заң арқылы қорғалатын істі белгілеудің тәсілі де болып табылады. Басқарудың құралы ретінде құжаттар жоспарлауда, қаржыландыруда, несие беруде, бухгалтерлік есептеу мен есеп беруде, оперативті басқаруда, ұйымның қызметін кадрлық жағынан қамтамасыз етуде т.б қолданылады. Құжаттарда мемлекеттік құрылым белгіленеді, олар мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар және азаматтар арасындағы, заңды және жеке тұлғалар арасындағы қатынастар үшін қызмет етеді. Материалданған (құжат түріндегі) заңды күші бар мәліметтер төрелік сотта бизнес бойынша әріптестерімен шаруашылық дауларын немесе халықтық сотта еңбек тартыстарын шешуде қандай да бір фактінің негізгі дәлелі ретінде қызмет етеді.

Осы тұрғыда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылдың 31 желтоқсанындағы № 887 «Іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы» бұйрығына, Университет ректоры, профессор А.Ақановтың 2009 жылдың 29 қаңтарындағы «Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №25 бұйрығына сәйкес, университеттің құрылымдық бөлімдеріндегі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі, іс қағаздарының мемлекеттік тілдегі жүргізілу сапасын тексеру мақсатында  арнайы комиссия құрылды.  Университеттің 7 факултетінің 73 кафедрасы тексерілді. Тексеріс барысында ескертулер, кафедра меңгерушілерінен, оқытушылардан ұсыныстар, жетістіктер және біраз кемшіліктерде болды.  Бірақ айта кетері бұған дейінгі 2009 жылғы тексерісте құжаттардын 50% орыс тілінде болатын, аудармалардың мағынасы болмайтын, 2010 жылғы тексерісте ескертулер ескерілгенмен 65%  ресми тілде болатын салыстырмалы түрде қарағанда 2011 жылы құжаттардың 70-75%  мемлекеттік тілде жүргізілуде. Тексерілген кафедралардың барлығында грамматикалық қателер және  іс қағаздары бойынша біріздендірілмеген сөздер. Мысалы: Рапорт-Баянат, Лекция-Дәріс, Консультация-Кеңес беру сияқты тағы басқалары. Мысалда көрсетілген сөздер тек орыс тіліндегі үлгісінде қазақ тіліндегі құжаттарда қолданылған. Кафедра мәжілістері орыс тілінде өтетіндіктен хаттамалар орыс тілінде әзірленіп, мемлекеттік тілде қысқаша түйіндеме берілген. Келешекте мемлекеттік  тілде жасалып, ресми тілде (орыс тілінде) қысқаша түйіндеме берілсін деген шешім қабылданды.

Іс қағаздарға келген кезде дау тудыратын, көкейкесті мәселелер маңызды орын алады. Тәуелсіздік алғанымыздан бастап міне 20 жыл іс қағаздарын бір анадан туған егіздей етіп екі тілде жүргізіп келеміз.   Университетте мемлекеттік тіл десе ішкен астарын жерге қоятын, бастарын байгеге тігіп ел ағаларына қарсы шығып жүрген тіл жаншырларыда жетерлік. С.Аманжоловтың “Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?”/3/- деген сөзіне сәйкес қан тамыры жабылмай тұрғанда   Болат Хабижанұлы сынды елінің ерлері  ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан ана тілі үшін аянбай еңбек етуде.  Ал, кейбір  деканаттар мен құрылымдық бөлімшелер кафедраларға орыс тілінде құжат беріп екі тілде немесе мемлекеттік тілде жауап берулерін талап етеді, кейде қазақ тілінде құжат қабылдамайды. Себебі олар мемлкекеттік тілді түсінбейді-мыс. Тіпті, тек мемлекеттік тілді оқытатын қазақ тілі кафедрасыда есепті орыс тілінде деканатқа апаруға мәжбүр екен.  Сол сияқты орыс тілді мамандардан «біз орыс тілді мамандармыз қазақ тобына сабақ бергенде тіл байлығымыз жетпейді және қазақ тілінде оқулық жоқтың қасы. Студенттерге қазақша сабақ түсіндіргенде айтар ойымызды толық жеткізе алмаймыз, ал орыс тілінде түсіндіргенде мысалмен әдемілеп жеткіземіз. Бізді орыс тілділерді осылай қабылдасын. Біз қазақ тілді мамандарға қарағанда өз ісіміздің шеберіміз, біліміміз терең» деген пікірлерде айтылды. Бұл кафедраларда, мемлекеттік тіл өз туған әкесінің үйінде жүріп өкей шешенің зардабын шеккен күй кешіп журген сыңайлы.  Бұндай сөздерді өзге ұлт өкілдерінен естісек бір сара өзіміздің көкірегі ояу, көзі ашық қара көз қандастарымыз айтқанда бұны естігенше құлағым тас керең болғаны артық еді.  Осындай  кездерде  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Он бес жылда аюға да тіл үйретуге болады» /4/  деген сөзі орынды айтылған. «Сын түзелмей, мін түзелмейді»-демекші болашақта ескертулерімізді ескереді деген ойдамыз. Шыймайланып байланған жіптей болған осындай өзекті мәселерді бабымен  жіпті тарқатқандай шешпесек жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Біз мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне және де қаракөз қандастарымызға айтарымыз бұл сендердің отан алдындағы борыштарыңыз дер едім.

«Көш жүре түзеледі» ғой, бірақ та келешекте осындай келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін, тек қана Мемлекеттік тілді дамыту бөліміне міндеттеп қарап отырмайық. Елбасымыз айтқандай: «Мемлекеттік тіл енді ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс» /5/. Сондықтан да, барлығымыз мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясының кеңеюі үшін және қазақ тілін Қазақстан Республикасының әрбір азаматы «Мемлекеттік тіл-менің тілім» дейтін деңгейге жеткізу үшін бір үйдің баласындай атсалысайық әріптестер!

  1. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан халқына жолдауы 2009 жыл»- Алматы: Жас алаш газеті, 3-ақпан, 2009 ж.
  2. Н.Ә.Назарбаев. «Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық»-Алматы: Ана тілі газеті,  №23, 5-маусым,2008ж.
  3. «Президенттің қанатты сөздері»-Ғаламтордан, 16-қараша, 2006ж.
  4. Қ.Жарықбаев «Ақылдың кені  ұлағатты сөздер» — Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС,  2008ж.,-63 бет
  5. Л.Дүйсембекова «Іс қағаздарын қазақша жүргізу». – Алматы: «Ана тілі», 2001ж.,-3 бет.
  6. Л.Дүйсембекова «Қазақ тілі: Іс қағаздары жүргізу». – Алматы: «Мемлекеттік тілді дамыту институты» (Екінші басылым), 2011ж.,-15 бет.

Шынықұлова Т.

ҚазҰМУ

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ