ЖАСТАР АРАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

24 May 2012


Түйін:
Мақалада жастардың психологиялық проблемалары; жастар арасында әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізудің бағыттары; психологиялық мәселелерді шешудің басты қадамдары талданады және жіктеледі.

Кілттік сөздер: психологиялық проблемалар, әлеуметтік-психологиялық жұмыс, психологиялық құзіреттілік, субъектілік, мәселенің шешімі, субъектілікті дамыту тренингі.

Жастар өмірінде, іс-әрекеті мен қарым-қатынасында ерекше психологиялық жолмен шешуді қажет ететін жәйттер аз болмайтыны белгілі. Мысалы, жастардың арасында кәсіби білім меңгеруі күрделі мәселе болатындары да кездеседі. Біздің іс-тәжірибеден өз әлеуеттерін толық қолданбайтын, ерік-күштерін шамалы ғана жұмсайтын болашақ мамандар да жетерлік. Кейбір жастардың оқу, еңбек іс-әрекеттері барынша нәтижелі, әлеуметтік тұрғыдан құптарлықтай болғанмен, осыған шамадан тыс күш, қажыр-қайрат жұмсалу салдарынан олардың психологиялық қажуы, титықтауы, сарқылуы, жалпы тіршілік әрекетінің шырқы бұзылуы орын алады. Одан кейін адамның барлық күш-жігері осы сәйкессіздікті жоюға ғана арналады. Іс-әрекетінен мәнді  нәтиже алуға кеткен күш-қайраттың есебін толтыра алмай, кейбір жастардың дамуында тоқырау, регресс, деформация, деградация, фрустрация сынды тұлғалық кері өзгерістер орын алуы да кездеседі.

Сондықтан іс-әрекетте, қарым-қатынаста психологиялық проблемалардың пайда болуы жастардың осы жағдаятты танып, қабылдаудағы қайшылықпен немесе жағдаяттың өз ішіндегі қайшылықпен байланысты  [1]. Сондықтан іс-әрекет, қарым-қатынас барысында немесе оларды қабылдау, жүзеге асыру ерекшеліктерімен байланысты пайда болатын қайшылықтарды жастардың саналы түрде аңғарып, тануы қажет. Жастардың өз басындағы, өміріндегі психологиялық проблемаларды анықтай алуы аса маңызды болып келеді.

Осыған орай жастар өміріндегі әлеуметтік-психологиялық күрделі жағдайларды айқындау үшін эксперименттік жұмыс жүргізілді [2]. Оған студенттер (N1=460) мен мектепте педагогикалық қызмет атқарып жүргендеріне 1-5 жыл болған жас мұғалімдер (N2=34) қатысты. Мұнда сауалнама, сұхбат арқылы жастардың өмірінде болатын типтік әлеуметтік-психологиялық проблемалар тізімі жасалды. Зерттеуге қатысқан жастардың жауаптарындағы айтылған психологиялық проблемалар мазмұны бойынша жіктеліп, былайша топтастырылды:

  1. Проблема ретінде қабылданып, танылатын кейбір тұлғалық ерекшеліктер: сенімсіздік; ұялшақтық; қорқақтық; жалқаулық; сенгіштік; күмәншілдік т.с.с.
  2. Қарым-қатынасқа байланысты проблемалар: қарым-қатынас жасау дағдысының жеткіліксіз болуы; әрқашан адамдармен тіл табыса алмау; бастамашылдықтың жетіспеуі; тұйықтық т.с.с.
  3. Оқу, еңбек іс-әрекетіне қатысты проблемалар: сәтсіздікке бой алдыру; іс-әрекеттеріне көңілдің толмауы; уақытты жеткізе алмау; өзара әрекеттестікті тиімді орната алмау; ерік-жігердің жетіспеуі т.с.с.
  4. Тұрмыс жағдайына, тіршілік әрекетіне байланысты проблемалар: мекен-жайдағы жағдаймен қанағаттанбау; дем алуға уақыттың болмауы; күн тәртібін сақтай алмау т.с.с.
  5. Материалдық жағдайлардан туындайтын проблемалар: қаржыны  үнемдей алмау; материалдық жағынан тәуелсіздіктің болмауы; материалдық жағдайға байланысты дәрменсіздікті сезіну, кредит ала алмауға және алғандардың оны өтей алмауына байланысты психологиялық тығырықтар т.с.с.
  6. Өзін-өзі танытуға, өзін-өзі актуалдандыруға орай проблемалар: өмірде өзіндік орын табудың қиыншылығы; болашақтың бұлыңғырлығы; өзіндік танымның жеткіліксіздігі; өзіндік бағаның дәлме-дәл болмауы т.с.с.
  7. Жеке бастың проблемасы ретінде қабылданатын, түсінілетін әлеуметтік ортадағы мәселелері: отбасындағы жағдайдың ауырлығы; жақын адамның денсаулығындағы мәселелер; «қазіргі адамдардың өзгеруі» т.с.с.
  8. Физикалық денсаулыққа байланысты және психологиялық денсаулыққа қатысты проблемалар: шаршау, қажу жәйті; денсаулықтың нашарлауы; қорқынышқа, стреске бой алдыру т.с.с.
  9. Қорғаныс механизмінің орнығу проблемасы: зерттеуге қатысқан екі студент пен 5 жас маман өздерінде ешқандай проблема түбегейлі жоқ екендігін мәлімдеді. Бұл жағдай олардың саналы түрде аңғарылмаған, тереңде жатқан проблемаларының бар екендігін және осы орайдағы қорғаныс механизмдерінің ықпалын танытады.

Мұнда кейбір тұлғалық ерекшеліктерге, қарым-қатынасқа және оқу іс-әрекетіне байланысты проблемаларды студенттердің көпшілігінің көрсетуі біздің зерттеудің өзектілігі мен маңызын аша түседі. Кәсіби білім алу практикасында қажеттіліктерінің қанағаттандырыла қоймауына байланысты және оған көңілдері толмаудан болашақ мамандар өздері іс-әрекет, қарым-қатынас және психологиялық даму салаларына қатысты проблемаларды нақтылаған. Бұл проблемаларды талдап, топтастырғанда оқу іс-әрекетіне қатысты проблемалардың мазмұны ерекше назар аударуды қажет етті. Олар мазмұны, технологиясы және нәтижесі бойынша үш топқа ажыратылды.

Өмірдегі түрлі проблемалық жағдаяттардың негізіндегі қайшылықтарды тауып, олардан «қашпай», оңтайлы шешу тұлғаның субъектілігі мен психологиялық даярлығының жаңа бір деңгейге көтерілетінін білдіреді. Осыған орай біздің экспериментке қатысқан жастардың субъектілік тұрғысынан іс-әрекетте, қарым-қатынаста орын алатын проблемалық жағдаяттарды психологиялық білімді қолданып, құзіреттілікпен шешу тәсілдерін жетілдіруіне аса назар аударылды. Атап айтқанда, жастардың белсенділік, бастамашылық, дербестік сынды субъектілік көрсеткіштерін өзекті етуі арқасында психологиялық құзіреттілік тұрғысынан проблемалық жағдаяттарды тауып, шешу мотивациясын арттыру мәселесі қойылды.

Осыған байланысты өмірдің күрделі жағдайларында тұлғаны психологиялық көмек беру бағыттарын былайша талдап, жинақтадық:

1) проблемалық жағдаяттарды саналы аңғару және түсіну процесінде психологиялық сауаттың негізге алынуы;

2) проблемалық жағдаяттарды шешу кезінде психологиялық құзіреттіліктің де, субъектілік ұстанымның да қисынды, яғни қарама-қарсы емес, бірізді, дәлелді болуы;

3) психологиялық құзіреттілік пен субъектілік ұстанымның рефлексиялануы;

4) іс-әрекеттегі, қарым-қатынастағы субъектілік ұстанымның психологиялық заңдылықтарын түсіну;

5) психологиялық құзіреттілік пен субъектілік ұстанымды өзекті ету мен жетілдіру бойынша тәжірибе жинақтауға қабілеттілік;

6) дербес түрде өмірдегі әр түрлі психологиялық проблемаларды тану және түсіну, оларды дәлме-дәл шешудің әдіс-тәсілдерін, құрал-формаларын анықтау.

Осыған орай жастар арасында әлеуметтік-психологиялық жұмыс ұйымдастырудың басты бір формасы ретінде субъектілікті дамыту тренингі алынды. Мұнда жастардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, әрекеті, қарым-қатынас жасау ерекшеліктері сипатталған рөлдік ойындар, проблемалық жағдаятты талдау, пікірталас әдістері қамтылған тренинг ұйымдастырылып, өткізілді. Әркім үшін субъективті мәні бар проблемалық жағдаятты талдап, шешуге ықпал ететін мынадай тапсырма ретіндегі қадамдар үлгіленді: а) жағдаят мазмұнына орай ондағы тұлғалардың (егер өздеріне қатысты болса, онда өздерінің) мінез-құлқына, жүріс-тұрысына сипаттама беру; ә) жағдаят бойынша тұлғалардың (егер өздеріне қатысты болса, онда өздерінің) мінез-құлық, жүріс-тұрыс, әрекет ету, қарым-қатынас жасау мотивтерін анықтау; б) ғылыми білім негізінде психологиялық ықпал етудің (мінез-құлық, жүріс-тұрыс мәдениет, әдеп негізінде өзгеруі үшін) оңтайлы тәсілдерін талдап, ұсыну; в) проблемалық жағдаят негізінде тұлғалардың (егер мәселеге қатысы болса, өздерінің де) мінез-құлық, жүріс-тұрыс, әрекет ету, қарым-қатынас жасау ерекшеліктерін өзіне-бағдарлы субъектілік пен психологиялық құзірет дәрежесінен сипаттап, талдау; г) проблемалық жағдаяттағы қайшылықтарды тауып, шешу негізіндегі субъектілік пен психологиялық құзіреттің өзекті болуы және жетілдіру мүмкіндіктері бойынша қорытынды жасау.

Жалпы, біздің зерттеу жастар арасында әлеуметтік-психологиялық жұмыс ұйымдастырудың көкейтестілігін айқындап, олардың түрлі проблемалық жағдаяттарын анықтауға және өмірдің күрделі жағдайларында дәлме-дәл шешім қабылдауға машықтандыратын субъектілікті дамыту тренингінің тиімділігі анықталды.

Әдебиеттер:

  1. Анцыферова Л.И. Личность в динамике: некоторые итоги исследования // Психол.журн. – 1992. – Т.13. – №5. – С.12-25.
  2. Ерментаева А.Р. Студенттерді психологиялық дайындау негіздері (Монография). — Өскемен: С.Аманжолов ат. ШҚМУ баспасы, 2007. – 404 б.

Актуальность организации социально-психологической работы среди молодежи

Ш.О. Сагатова, А.Р. Ерментаева

Резюме: В статье анализируются и классифицируются психологические проблемы молодежи; основные направления социально-психологических работ среди молодежи; алгоритм решения психологических проблем.

Ключевые слова:  психологические проблемы, социально-психологическая работа, психологическая компетентность, субъектность, решение проблемы, тренинг развития субъектности. 

The urgency of the organization of social and psychological work among young people

Sh.O. Sagatova, A.R. Yermentayeva

Abstract: The article analyzes and classifies the psychological problems of youth, the main directions of social and psychological work among young people; algorithm for solving psychological problems.

Key words: psychological problems, psycho-social work, psychological competence, subjectivity, problem solving, training, development of subjectivity.

ЖАСТАР АРАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Ш.О. Сағатова –  №65 орта мектеп; А.Р. Ерментаева

Абай ат. ҚазҰПУ, Алматы

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ