МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ

19 Sep 2012

Суатай С.Қ., Тәттібаева А.Е.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

 

Резюме В статье рассматриваются методы обучения казахского языка в медицинских заведениях.

 

Түйін Қазақ тілін оқыту бағдарламасы ЖОО-да мемлекеттік тілді заман сұранысы мен тапсырысқа сай, білім сапасын көтеріп, студенттердің кәсіптік бағдарлы дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жаңа технологияны қолдана оқытуға негізделеді.

Abstrakct The article deals with methods of teaching the Kazakh language in medical institutions.

 

Қоғам дамуының қазіргі кезінде жоғары оқу орындарында оқыту үрдісін жетілдіруде, болашақ мамандардың ізденімпаздығын қалыптастыруда, шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдіруде, рухани дүниесін дамытуда кәсіби лексиканы тілдесім әрекеті арқылы оқытудың маңызы ерекше.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Қазіргі заман жағдайында жоғары білім беру жүйесіне жаңа сана мен қоғамдық мәртебе беру және оны айрықша сала ретінде қабылдау қажет, оның бірінші кезектегі міндеті – жоғары білікті мамандарды оздыра даярлау, икемділік пен білімділік болуға тиісті»,- деп атап көрсетілгендей тек білікті маман ғана қоғамды дамытады, экономиканы өркендетеді. Маманның біліктілігі мен кәсіби деңгейінің жоғары болуы оқытуды дұрыс ұйымдастыра білумен байланысты.

Кәсіби лексиканы тілдесім әрекеті арқылы оқыту үшін бүгінгі таңдғы мамандыққа қатысты оқытуға  арналған әдістемелік зерттеулер мен еңбекерге талдау жасау қажет.

Н.Оралбаева, Ә.Аблақов кәсіптік-техникалық училище оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқу құралдарында мәтіндерден мамандыққа қатысты терминдер мен сөздерді табуға, ол сөздерден сөйлем құрауға, мазмұндама жазғызуға көңіл бөлген. «Қазақ тілі сабағында ешқашанда естен шығаруға болмайтын негізгі мақсат – жастарды еркін, жақсы әрі жатық сөйлеуге, сауатты жазуға, айтайын деген ойды дәл жеткізуге баулу, ана тілінің шексіз мол мүмкіндіктері мен сарқылмас байлығын дұрыс пайдалана білуге дағдыландыру, әдемі әрі әуенді, үйлесімді әрі ұйқасымды сөйлеудің, жазудың үлкен өнер екенін көңіліне ұялату, ұғындыру» [1, 3].

Қазіргі кезде жаңа инновациялық технологиялармен білім берудің негізгі мақсаты – қоғамның талаптарына сай жеке тұлғаны қалыптастыру. Осы бағытта соңғы жылдары қазақ тілін оқыту әдістемесінде оқыту технологияларының жаңа үлгілері, заман талабына сай әдістемелік амал-тәсілдердің көптеп қолданылып жүргенін білеміз. Сондықтан да жоғары оқу орындарында, яғни біздің арқау етіп отырған медициналық оқу орындарында кәсіби қазақ тілін оқыту барысында студенттерді болашақ өз мамандықтарына сай, яғни болашақ дәрігерді қазақша кәсіби сөйлеуге үйретуде жүйелілік пен сабақтастық, бірізділікді қалыптастырудың маңызы ерекше деуге болады. Әрине, мамандыққа қатысты тілді меңгеру арнайы алынған бір мәтінді оқыту және аудартумен ғана шектеліп қалмай, мәтіндегі тақырыптық сәйкестіктің алынып отырған мамандыққа сай мазмұн түсініктілігін қалыптастырып, мәтінге лексикалық және грамматикалық материалдардың сәйкестілігін басшылыққа алу керек.

Кәсіби тілді меңгертуде сөз тіркестерімен оңтайландырып алынған мамандыққа қатысты мәтіндермен, кәсіби терминдермен, сөздіктермен жұмыс түрлері жүргізіледі. Мамандықтарына байланысты шағын мәтіндер, сұхбаттар құрастыруға болады. Әр тақырыпқа сай сөздік және лексикалық минимум, сұрақтар беріледі.  Әр сабақтан соң мазмұнына сай сұрақтар мен тапсырмалар беріліп, қорытындылау мақсатында түрлі рөлдік ойындар мен дағдаяттық тапсырмалар беріледі.

Жалпы қазақ тілін сөйлесім әрекеттері арқылы оқыту мәселесі профессор Ф.Ш.Оразбаеваның «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты еңбегінен бастау алады. Ғалым еңбегінде: «Тілдік қатынас жүзеге асу үшін, айтылған не жазылған хабардың қабылданып, оған жауап қайтарылуы, яғни істің ортақ атқарылуы басты шарт. «Сөйлесім» осы шартты және ортақ тілдік әрекетті аңғартатын сөз» дей келіп, «Адам не туралы сөйлейтінін, тіл арқылы нені жеткізетіндігін білгенмен, тілді, сол сияқты сөйлеуді өзіне бағындыра алмайды, яғни сөйлесім әрекеті, адамның сөйлеу тілі өзіне тәуелді емес, ол – табиғат берген, жаратылыстан туған күрделі процесс. Адам сөйлеуді жетілдіреді, дамытады, соның заңдылықтарын қарастырады, бірақ сөйлеу тілін өзі жасай алмайды. Осыдан сөйлеудің, тілдің қоғамдық-әлеуметтік сипаты аңғарылады. Хабардың қай түрі болса да шындыққа құралу керек, сонда ғана тілдік қатысым өз бетінше дамиды және сөйлеу (информацияны қабылдау, оған жауап қайтару, қайта жауап алу) қатысымдық құбылыстың мәнін ашады, адамдар арасындғы әлеуметтік көпір бола алады»,- деп ой қорытады да, сөйлесім әрекетінің бес түрін (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) көрсетеді [2, 52].

Студенттер мәтінмен әртүрлі жұмыстар істегенде (мәтінді оқу, мәтінге ат қою, мәтін бойынша сұрақтар дайындау, диалог құрастыру т.б.) байланыстырып сөйлей білуге үйренеді. Мәтін – қашан да тілдік әрекеттің нәтижесі болып табылады. Мәтінде тілдік тұлғалардың бәрі орын алады. Сондықтан, мәтін арқылы тілдің фонетикасын, лексикасын, грамматикасын меңгертуде.

Қазақ тілін оқыту бағдарламасы ЖОО-да мемлекеттік тілді заман сұранысы мен тапсырысқа сай, білім сапасын көтеріп, студенттердің кәсіптік бағдарлы дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жаңа технологияны қолдана оқытуға негізделеді. Медицина мамандығын меңгеруге қажетті лексикалық қорды тілдік қатынаста  қатысымдық тұрғыдан жаңа жаңа технология арқылы іске асырудың амал-тәсілдерін іздестіру. Мамандыққа байланысты мәтіндерді оқытқан кезде тілдік қатынастың барлық түрлері қолданылады. Студенттердің мәтінді талдау әрекетімен бірге әңгімелесу арқылы сөйлеу әрекетіне, сұрақ-жауап арқылы тілдесім әрекетіне, мазмұндама жазғызу арқылы жазу әрекетіне үйрету көзделеді.

Мамандыққа байланысты мәтіндерді меңгерту арқылы студентті болашақ мамандығымен кеңірек таныстыруға мүмкіндік туады. Мысал, «Фармацевтика» факультетінің студенттеріне төмендегідей тапсырмалар беріледі:

1-тапсырма. «Дәрі және оның түрлері» мәтіні бойынша кездесетін жаңа сөздерді есте сақтаңыздар.

Сақтандыру, шипалы, жөтелді басатын, қызуды төмендететін, ауруды басатын, жансыздандыратын, терлететін, химиялық өнім

2-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқып,  түсінгеніңзді айтыңыздар.

Дәрі және оның түрлері

Дәрілер – ауруды емдеу және аурудан сақтандыру үшін қолданылатын шипалы заттар. Дәрі адам баласына өте ертеден белгілі. Біздің жаңа жыл санауымыздан IV-V ғ. Бұрын грек дәрігері Гиппократ, Рим дәрігері Галеннің еңбектерінде дәрілер туралы жазылған. Галеннің пікірінше табиғата дайын тұрған дәрі жоқ, бірақ өсімдік пен жануар ағзасында сол дәрі-дәрмектерді жасауға өте қажетті заттар бар. Атақты азиялық ғалым дәрігер – Ибн Синаның ғылыми еңбектерінде де дәрі мәселесіне зор мән берілген.

Фармакология ғылымы ХІХ ғасырдың ортасында дамыды. Осыған байланысты кокаин, ұйықтататын, жансыздандыратын тағы басқа дәрілер шығарыла бастады. Дәрілер жасалуына қарай бірнеше топтарға бөлінеді.

а) химиялық синтез өнімінен;

ә) тірі ағзадан (анбиотиктер, кейбір витаминдер, гормоналдық ферментті препараттар);

б) дәрілік өсімдіктерден;

в) мұнай, минералды тұздар, тас, көмір, тағы басқалардан жасалатын дәрілер.

Дәрілер қолданылуына және науқас адамдарға әсер етуіне қарай: антибиотиктер, антисептикалық дәрілер, ауруды басатын, жөтелді басатын т.б. болып бөлінеді.

Дәрілер фармацевтика зауыттарына жасалады, дәріханаларда дайындалып, сонда сақталады. Дәрілер ұнтақ, таблетка, микстура, тұндырма, ерітінді, паста тәрізді т.б. түрде болады. Дәрінің науқас адамға әсер ету күші оның құрамына және науқастың жасына, жалпы жағдайына байланысты. Дәріні дәрігердің рұқсатымен белгілі мөлшерде тамақтану алдында не тамақтан кейін пайдалану керек. Пайдалану мерзімі өткен дәріні тастау керек.

 

3-тапсырма. Мәтінге байланысты білетін дәрілердің түрлерін жазыңыздар.

 

4-тапсырма. Оң бағандағы етістіктерді пайдаланып, сол жақтағы сөздермен (сұрақ арқылы) сөз тіркесін құраңыз.

фармокология                                  сақтандыру (неден?)

дәрілер                                              жазылған (қайда?)

дәріханаларда                                  шығарылу (нелер?)

аурудан                                             жасау (неден?)

тірі ағзадан                                       дамыды (не?)

Гален еңбектерінде                         сақтау (қайда?)

 

Мәтін бойынша тапсырмалар берілді. Ол тапсырмалар студенттердің қазақша сөйлеу тілін дамытуға бағытталады. Олар:

  • мәтіндегі сөздердің түсінікті, түсініксіз екендігін сұрау;
  • мәтіндегі сөздерді лексикалық жақтан түсіндіру;
  • мәтіндегі сөздердің түбір тұлғасын анықтау;
  • мәтіндегі сөздерді сөз таптарына сай талдау;
  • мәтіндегі сөз тіркестерінің түрлерін ажырату;
  • мәтіндегі жай сөйлемнің түрлері мен тыныс белгілерін ажырату;
  • мәтіндегі құрмалас сөйлемдердің жолдары мен компоненттерін талдау;
  • мәтіндегі сөздердің орын тәртібі мен байланысу жолдарын ажырату;
  • мәтіндегі қиындау сөздер мен сөйлемдерді қайталатып оқыту;
  • мәтіндегі қате оқылған объектілерді тыңдап отырған студенттерге түзеттіру;
  • мәтіннің қысқаша мазмұнын айтқызу;
  • мәтінді дұрыс оқуға пайдасы тиетін жаңалық хабарларды оқыту және т.б.

Сонымен, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» тұлғаның қалыптасуына жағдай жасау арқылы еліміздің ертеңіне жауапты мамандарды тәрбиелеу жолдарының бірі ретінде «… дүниеге жауапкершілікпен қарайтын, инновациялық, шығармашылық ойлауға дағдыланған, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол және білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру» міндеті қойылған [3]. Бұл үштұғырлы тіл саясатын ұстанып отырған егемен елдің болашақ мамандарының мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оны өзі қызмет ететін салада қолдана алуы олардың кәсіби әлеуетін арттырумен қатар  елжандылық қасиеттерін де қалыптастырудың басты шарты болып табылатынын  танытады.

Кез келген өркениетті мемлекеттегі аса маңызды қоғамдық саланың бірі – медицина саласы. Себебі мемлекеттің басты байлығы саналатын халықтың денсаулығы – оның толыққанды ел екендігінің де басты көрсеткіші. Сондықтан медицина саласы бойынша білікті маман тәрбиелеу ісінде мемлекеттік тілдің, қазақ әдеби тілінің атқарар рөлі ерекше. Қазақ әдеби тілінің танымдық әрі коммуникативтік қызметінің сан-қырлылығын көрсететін де осы сала.

Медицина саласында қазақ тілінде атаулық және әрекеттік мәндегі терминдер де, сөз тіркестері де, фразеологизмдер де, мақал-мәтелдер де қалыптасып орныққаны белгілі. Бүгінде барлық жоғары оқу орындарында оқытылып отырған пәндердің жаңа заман талабына лайық меңгертілуі Қазақстан Республикасы өз алдына егеменді ел болуымен байланысты оның әлеуметтік экономикасының қайта құрылуы, мәдени байлығының күннен-күнге алға басуы нәтижесінде мемлекеттік тілдің кең өркендеуіне жаңа мүмкіндіктердің  кеңеюімен тығыз ұштасып жатыр. Сол себепті жоғары білім жүйесінде мемлекеттік тілді әрбір мамандықтың ерекшеліктері мен тілдік жүйесін ескере отырып үйрету күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Бұл өзекті мәселе «Қазақстан  Республикасының  Конституциясында», ҚР «Білім туралы» Заңында, «Қазақстан Республикасында  гуманитарлық  білім  беру  тұжырымдамасында»  және Елбасының  «Қазақстан  халқына Жолдауларында» және т.б. мемлекеттік деңгейдегі маңызды құжаттарда қазақ тілінің өрісін кеңейту елдік тұрғыда көтеріліп отырған жаңа кезеңде мемлекеттік тілді әлеуметтік тұрғыда қоғамның барлық саласында қолдану мақсатына сай меңгертудің басым бағыттарын айқындаумен байланысты шешілері даусыз.

 

Әдебиеттер

  1. Н.Оралбаева, Ә.Аблақов. Қазақ тілі. –Алматы, 1989.
  2. Ф.Ш. Оразбаева. Тілдік қатынас. – Алматы: Сөздік, 2005.
  3. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың бағдарламасы.

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ