МЕЛАТОНИННІҢ ТЕМПЕРАМЕНТТІК ӘСЕРІ

18 Mar 2013

ӘӨЖ- 616-053.2 (075.9)

Қ. Құнанбай,  А.К. Қаирбеков,  Г.А.Шәкір

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық Университеті

Клиникалық фармакология, ЕДШ және физиотерапия кафедрасы

Мақалада мінез темпераментіне сайкес адам ағзасына Мелатониннің әсері қарастырылған.

Түйінді сөздер: мелатонин, серотонин, темперамент, сангвиник, флегматик, холерик, меланхолик, триптофан, Мелатонин

 

Тақырыптың өзектілігі:

Адамда темпераменттің әр түрінің белгілі бір пайыздық мөлшері болады. Бұл темпераменттік мөлшерді (модельді) білу өзіндік бақылауды және өз істеріне баға беруді тиімді атқаруға мүмкіндік туғызады. Қазiргi кезеңде психология ғылымы белгiлi жүйеде темперамент түрлерiнiң бəрiне толық психологиялық сипаттама беруге негiз боларлықтай деректер топтаған. Дəстүрлi қабылданған темпераменттiң төрт (сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик) түрi бар [4,5]. Адамның мінез темпераменттеріне сипаттаманы  Гиппократ,  И.П. Павлов берген.

Томпақ дене гормондары- мелатонин және серотонин белгілі бір деңгейде мінез темпераменттерінің қалыптасуна әсер ететіндігі дәлелденді [8,11] Мелатонин және серотонин нейропептидтерінің  әсері өзара қарама қарсы болып келеді. Өз кезегінде, мелатонин серотониннен түзіледі, күндізгі уақытта қанға серотонин бөлініп, мөлшері бір қалыпты сақталып тұрады. Түнде, керісінше, қанға мелатонин бөлініп, мөлшері бір қалыпты деңгейде сақталып тұрады [2,3].

Қазіргі таңда Мелатонин (табиғи гормон) және Мелаксен (синтетикалық гормон) препараттарының ұйқы бұзылыстарын, күйзелістік жағдайларды емдеуде, жалпы ағзаның иммундық жүйесін көтеруде, антиоксиданттық қорғаныс ретінде тиімділігі дәлелденген [1,7,9]. Осы төрт түрлі темпераментті адамдарға Мелатонин препаратын беру қарым-қатынас жасаудың тиімді түрлерін және әдістері мен тәсілдерін дұрыс талдауда, өз іс-әрекетін сауатты жүргізуде, жолдастық жақсы қарым-қатынастар орнатуда жақсы әсерін көрсетпек. Бұл мақалада медицина мен психологияға ортақ мәселелер қарастырылған.

Зерттеу мақсаты: Адамның әр түрлі мінез темпераменттеріне сәйкес Мелатонин препаратының әсерін зерттеу.

Зерттеу әдістері: Мінез темпераменттеріне сәйкес 4 топ (әр топта 10 адамнан) (сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик) бөлініп алынды. Зерттеу екі бөлімнен тұрады. Зерттеудің бірінші бөлімінде аталған төрт темперамент түрлері бойынша адамдар іріктелді. Зерттеудің екінші бөлімінде аталған топқа Мелатонин препараты 3 мг/тәул, 4 апта бойы берілді. Зерттеу нәтижелері әр түрлі темпераменттің адамдарына өмір сүру барысында белгілі бір қолайсыздықтар туғызатын, яғни, мінездің теріс сипаттары бойыша бағаланды.

Мелатониннің темпераменттік әсері

Мелатонин (N-ацетил-5- метокситриптамин) . Мелатонин- ми безі- эпифиздің (томпақ дене) секреторлы жасушалары- пинеалоциттермен синтезделетін және жануарлар мен адам организміне бірегей әсер көрсететін нейропептид [2]. Мелатонин гормонын 1958 жылы А. Б. Лернер ашты [13]. Супрахиазматикалық ядролар мен шеткі мүшелер арасында ″делдал″ бола отырып, эпифиз мелатониннің көмегімен тәуліктік кезеңді үрдістердің реттелуіне қатысады. Эпифиз гипоталамустың супрахиазматикалық ядроларымен бірге «ішкі уақыт есебі» мен қартаю механизмінде маңызды рөл атақаратын орагнизмнің биологиялық сағат  жүйесіне кіреді [1,8]. Эпифиздің организмдегі негізгі қызметтері: циркадианды және маусымдық ырғақтарды реттеу, репродуктивті жүйе қызметін реттеу, антиоксидантты және ісікке қарсы қорғаныс көрсетеді [2].

Химиялық құрылымы бойынша мелатонин (N-ацетил-5- метокситриптамин) биогенді амин серотониннің туындысы болып табылады, ал серотонин өз кезегінде тамақпен бірге түсетін амин қышқылы триптофаннан синтезделеді. Серотониннен N-ацетилтрансфераза ферментінің көмегімен мелатонин түзіледі [13].  Мелатонин эпифиз жасушаларында түзіліп, қанға бөлінуі тәуліктің қараңғы уақытында жүретіндігі; ал таңда және күндізгі уақытта гормон түзілуі айтарлықтай азаятындығы дәлелденді. Сыртқы жарық туралы мәліметті эпифиз құрылымында гипоталамустың супрахиазматикалық ядролары маңызды орын алатын құрылысы күрделі жүйке жолы арқылы алады. Ақпарат көздің торлы қабатынан көру жүйкесі талшықтарының бойымен супрахиазматикалық ядроларға барады; бұдан кейін бұл сигналдар (белгілер) төмен қарай гипоталамус арқылы ми бағаны бойымен жұлынның мойын бөліміне жетеді; бұл жерде симпатикалық жүйке жүйесі талшықтарымен бас сүйек тесіктері арқылы қайтадан бас миына, ең соңында эпифизға жетеді [3,4]. Түнде супрахиазматикалық ядролар нейрондарының көп бөлігі қызмет атқармайды, бұл жүйке ұштары эпифиз жасушаларында (пинеалоциттер)  мелатониннің түзілуін белсендіретін ферменттердің синтезін жоғарылататын норадреналин бөледі [3]. Қандағы гормон деңгейі жасқа, ұйқыға, жынысқа (әйелдерде ерлермен салыстырғанда гормон мөлшері жоғары), қоршаған орта температурасы мен электромагнитті өрістер әсер етуіне байланысты.  Адам қанындағы мелатонин деңгейі мамыр айынан шілде айына дейінгі аралықта төмеңгі мөлшерде, яғни, күннің ең ұзақ мезгілі мен жарықтың ең көп болатын уақытына сай (тәуліктің ұзақтығына байланысты) [2]. Мамыр айында, сонымен қатар, мелатонин деңгейінің тәулік бойғы ең аз (күндізгі) және ең көп (түңгі) деңгейлері арасындағы амплитуда ең жоғары деңгейге жетеді [15]. Мелатонин деңгейінің жоғары көтерілуінің ең ұзақ кезеңі қысқы уақытқа сай, бұл гипоталамус GnRH секрециясы белсенділігінің төмендеуіне белгі болып табылады.  Осы өзгерістер қысқы уақытта ұрықтану қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі [2,14]. Гормон концентрациясы күндіз ең аз (1-3 пг/мл), әдеттегі ұйқыға жатар уақыттан 2 сағат бұрын оның концетрациясы жоғарылай бастайды. Қан сарысуындағы оның концентрациясы түнде күндізбен салыстырғанда 5-10 есе көп және мелотонин белсенділігінің ең жоғарғы мөлшері түнгі сағат 3-те байқалады да, таңғы сағат 7- лерде оның мөлшері азайып, кешке дейін өте төмен деңгейде сақталады [2,11].

Мелатониннің адам организміндегі негізгі қызметтері. Маусымдық биоырғақтылықты реттейді; иммундық жүйе қызметін күшейтеді [2,14]; иммунитеттің төмендеген жағдайында оның айқын белсенуі және оны аз дозада қайталап енгізгенде антидене өндірілуі өзгеріп, вирусқа қарсы тұрақтылықты жоғарылатады [16]; антиоксидантты қызметі қартаюға қарсы әсер көрсетеді (оттегінің бос радикалдарын байланыстыра отырып, сонымен бір мезгілде супероксиддисмутаза мен  каталазаны белсендіру арқылы организмнің антиоксидантты қорғаныс жүйесін қосады [12]; сағаттық белдеулер бойынша орын ауыстырғанда бейімделу үрдістерін күшейтеді [9]; қартаю үрдісіндегі зат алмасу өзгерістерінде көмірсу және май алмасуына жақсы әсер көрсете отырып қандағы холестерин мөлшерін төмендетеді; липидтердің тотығу үрдісін реттей отырып, атеросклероздың даму қаупін төмендетіп, жасты ұзартады [3,12]; АКТГ, норадреналин, вазопрессин және ренин бөлінуін төмендете отырып, артериалдық қан қысымының гормоналды реттелуіне қатысады және қартаю үрдістерін баяулатады [7]; ісікке қарсы әсер көрсетеді [15].

Мелатониді мінез темпераменттеріне байланысты қолдану.

Темперамент — адамның психикалық əрекетiнiң нақты динамикасын айқындайтын психиканың дара қасиет-терiнiң жиынтығы. Бұл психикалық ерекшелiктер адамның барша iс-əрекетiнде оның мазмұны, мақсаты жəне сеп-түрткiлерiне тəуелсiз бiрқалыпты көрiнедi, есейген шақта да өзгерiске түспей, өзара байланыста темперамент кейпiн өрнектейді [4]. Ол қасиеттер: қозу мен тежелу процестерiнiң күшi, тепе-теңдiгi, қозғалмалылығы. Осы үш қасиеттi негiзге ала отырып, И. П. Павлов жүйке процесiнiң күшiне орай жəне күштi тип пен əлсiз типтi айыра, дəстүрлi Гиппократ типологиясына жақын жүйке жүйесiнiң төрт негiзгi типiн ажыратты [17]:

  • • күштi, қозу мен тежелуi теңдей, қозғалмалы — сангвиник;
  • • күштi, қозу мен тежелуi теңдей, салғырт — флегматик;
  • • күштi, қозуы басым — холерик;
  • • əлсiз тип — меланхолик.

Сангвиник — жоғары дəрежелi əрекетшең адам, дегенмен, бұл əрекетшеңдiк оның белсендiлiк қасиетiне сай, қозу мен тежелуi тепе-тең. Назарын тартқанның бəрiне араласа кетедi, ым-ишарасы мен қозғалыс қимылдары мəнерлi, шапшаң. Сəл нəрседен қарқылдап күледi, болмашы себептен көңiлi қалып, мұңаяды. Бет-жүзiнен көңiл-күйi, заттар мен адамдарға болған қатынасы бiлiнiп тұрады. Сезiмталдығы өте жоғары, сондықтан ол оншама əсерi болмаған дыбыстар мен жарыққа елеңдей бермейдi. Мұндай адам көтерiңкi белсендiлiкке ие, жұмыс қабiлетi мен қуатының жоғары болуынан жаңа iске қаймықпай  кiрiседi, ұзақ уақыт талып-шаршамастан қызметiн жалғастыра алады. Зейiнiн таңдаған объектiне тез шоғырландырады, тəртiптi, қажет болса, өзiнiң ырықсыз əрекеттерi мен сезiмдерiне тоқтау, тиым бере алады. Əрекетi жедел, ақылы-ойы икемдi, тапқыр, сөйлеу қарқыны шапшаң. Сезiмдерi, көңiл-күйi, қызығулары мен ниеттерi өзгерген жағдайға байланысты жеңiл ауысып отырады. Сангвиник төңiрегiндегiлермен тiл табысқыш, жаңа талаптар мен жағдайларға икемшiл. Қиналмастан бiр iстен екiншiсiне ауыса алады, қажет болса, қайта үйренiп, жаңа дағыларды қабылдауға шебер. Əдетте, бұл типтi адам өткенiмен болашағын болжастыруда өзiнiң субъективті пайымдауларының жетегiнде қалып қоймай, көбiрек сыртқы əсерлердi объектив бағамдауға бейiм, экстраверт. [4,17]

Холерик. Сангвиник сияқты жай əсерлерге берiлмейдi, əрекетшең жəне белсендi. Бiрақ холериктiң əрекетшеңдiгi белсендiлiктен басымдау, сондықтан ол ұстамсыз, шыдамсыз, қызба. Сангвиникке қарағанда салғырттау, икемi кемiрек. Осыдан – ниеттерi мен қызығулары тұрақтылау, табанды, зейiнiн ауыстыруы қиындау, сезiмi көбiне сырттай көрiнедi, сондықтан — толық экстраверт [4,18].

Флегматик — əрекетi енжар, сезiмталдығы мен көңiл шарпулары кем көрiнiстi. Оны күлдiру де, мұңайту да оңай емес, төңiректiң бəрi күлкiден жығылып жатқанда, ол мiзбақпас. Қай жағдайда да сабырлылығы мен байсалдылығын жоймайды. Ым-ишара жоқ, сөзi сылбыр, əрекетi жай. Жаңарған жағдайға икемделуi қиын, дағдылары мен əрекет-терiн өзгертуi ауыр. Солай да болса, флегматик өте қуатты, жұмыстан шаршамайды. Шыдамды, ұстамды, сезiмге берiлмейдi. Əдетте, жаңа адамдармен араласып кете бермейдi, сырттай əсерге төзiмдi. Бар бiлгенi iшiнде – интраверт [4,17].

Меланхолик. Өте сезiмтал, бiрақ əрекетшеңдiгi кем адам. Болмашы нəрседен көзiне жас үйiрiлiп, өкпелегiш, сырттай əсердi күйзелiспен қабылдайды. Ым-ишарасы жоқтың қасында, дауысы мен қозғалысы өте сылбыр. Əдетте, өзiне сенiмсiз, үркек, болмашы қиындықтан шегiнедi. Меланхоликтiң жiгерi кем, тез шаршайды, қызметi болымсыз. Зейiнi тұрақсыз, оның барша психикалық процестерi əлсiз. Көпшiлiк меланхоликтердiң өздерiнiң тұйықтығы мен адамдардан оқшаулануынан iшiне түйгенi көп- толық интраверт [4].

Мелатониннің темпераменттік әсерін зерттеу

Мелатониннің темпераменттік әсерін зерттеу 2 бөлімнен тұрды.

I бөлім. Адамдардың мінез темпераментін анықтау. Қатысушылардың көпшілігі өздерінің мінез темпераментін білмегендіктен және зерттеудің II бөліміне саны нақты адамдар тобын бөліп алу үшін (зерттеу нәтижесінде пайыздық көрсеткіштерді салыстыру үшін) зерттеуге 18-40 жас аралығындағы дені сау N- санды (саны белгісіз) адам қатысты.

II бөлім. I бөлімде анықталған төрт топ зерттеушілерге (төрт темпераментке сай) Мелатонин препаратының әсерін анықтау.

I бөлім. 18-40 жас аралығындағы зерттеушілерді алуымыздың себебі: 18 жаста адамның мінезі толық қалыптасады, ал 40- тан асқан адамдарда қартаю үрдістері басталуы және салыстырмалы түрде соматикалық аурулар жоғарылауы себепті өзін өзі субъективті бағалауы оң- жалған немесе жалған- оң нәтижелер беруі мүмкін.

Зерттеуге дайындық. Зерттелушілер саны бастапқы кезеңде белгісіз болғандықтан, сауалнамаларды өз темпераментін анықтағысы келген барлық адамдарға тараттық. Зерттеудің екінші кезеңінде Мелатонин препаратын қабылдау керектігі және препараттың әсері, мүмкін жанама әсерлері, мөлшері туралы алдын ала мәлімет берілмеді.  Өз еркімен қатысушылар саны 55 адам, оларға 55 темперамент анықтау сауалнамасы үлестірілді [18].

Сауалнамада әрбір темпераментке 20 түрлі сипаттамадан 80 сипаттама (20 х4 =80) аралас жазылған. Темперамент түрін анықтау әдістемесі төменде берілген төрт кестенің қосындысы түріндегі сауалнама ретінде ұсынылды. Адамдар қасиеттер жазылған мәтінді оқи отырып, егер оның кейбірі өз бойынан байқалатын болса, онда «иә» деп жауап беру немесе қасиет тұсында «+» белгісін қоюы қажет.

Нәтижелерді өңдеу алгоритмі. Алдымен, «иә» деп берілген жауаптардың жалпы санын шығару керек. 80 қасиеттің кемінде 20- сында «иә» немесе «+» белгісі тұрса, сауалнама толтырған адамның темпераменті төмендегі кестеге сәйкес анықталды.

 

1 кесте — Сангвиник [17]

Қасиеттер  
1 Шыдамсызсыз  
2 Қызбасыз, ашушаңсыз  
3 Тік мінездісіз, адамдармен қарым қатынаста дөрекісіз  
4 Батыл және бастамашылсыз  
5 Бірбеткейсіз  
6 Пікірталаста тапқырсыз  
7 Ұмтылыспен жүмыс істейсіз  
8 Кекшілсіз және ренжігішсіз  
9 Сөзіңіз тез, қызба, дауыс ырғағы ретсіз  
10 Ұшқалақсыз, қызба мінездісіз  
11 Агрессивті, сотқарсыз  
12 Тәуекелге бейімсіз  
13 Кемшіліктерге төзімсізсіз  
14 Мәнерлі ымды тез түсінгішсіз  
15 Тез және шешімді қимылға қабілеттісіз  
16 Жаңалыққа ұмтылғышсыз  
17 Шалт және шұғыл қозғалатын адамсыз  
18 Қойылған мақсатқа жетуде табандысыз  
19 Әбігершілсіз  
20 Көңіл-күйдің тез ауысуына бейімсіз  

 

2 кесте — Холерик [17]

Қасиеттер  
1 Көңілдісіз  
2 Қуатты және іскерсіз  
3 Көбіне істі соңына дейін жеткізбейсіз  
4 Өзіңізді асыра бағалауға бейімсіз  
5 Жаңаны тез ұғып алуға қабілеттісіз  
6 Қызығушылықтарыңыз бен бейімділіктеріңіз тұрақсыз  
7 Сәтсіздіктер мен жаманшылықтарды жеңіл қабылдайсыз  
8 Әртүрлі жағдайларға тез бейімделесіз  
9 Іске қызығып кірісесіз  
10 Егер іс қызықтырмаса, тез айнып қаласыз  
11 Жаңа жүмысқа тез кірісіп кетесіз, бір жүмыстан екіншісіне тез ауыса аласыз  
12 Күнделікті жұмыстың бірыңғайлылығы тез шаршатады  
13 Көпшілсіз, қайырымдысыз, жаңа адамдар шаршатпайды, қысылмайсыз  
14 Шыдамдысыз және еңбекке қабілеттісіз  
15 Мәнерлі қимылдар мен ишараларды қолдана отырып тез, анық сөйлей аласыз  
16 Кенеттен болатын жағдайларда өзіңізді ұстай білесіз  
17 Барлық кезде сергек күйдесіз  
18 Ұйқыға тез кетіп, тез оянасыз  
19 Ақжарқынсыз  
20 Шешімдер қабылдауда көбінесе жинақы емес, асығыссыз  

 

 

3  кесте — Флегматик [17]

Қасиеттер  
1 Сіз байыпты, сабырлысыз  
2 Істе жүйелі және байсалдысыз  
3 Сақ жүресіз және парасаттысыз  
4 Күте білесіз  
5 Тұйықсыз және бос сөйлегенді ұнатпайсыз  
6 Қатты эмоция, қимылдар мен ишараларсыз, байсалды және бірқалыпты сөйлейсіз  
7 Ұстамды әрі шыдамдысыз  
8 Басталған істі аяғына дейін жеткізесіз  
9 Күшіңізді босқа жұмсамайсыз  
10 Өмірде тәртіпті, жұмыста жүйені қатаң ұстанасыз  
11 Қарқынды жеңіл тежейсіз  
12 Мақтау мен даттауға көп көңіл бөлмейсіз  
13 Кекшіл емессіз. Қонақтарға кішіпейілділік білдіресіз  
14 Қызығушылықтар мен қарым-қатынастарда тұрақтысыз  
15 Жұмысқа және бір істен екінші іске жай кірісесіз  
16 Адамдармен қатынаста бір қалыптысыз  
17 Барлық істе ұқыптылық пен тәртіпті ұнатасыз  
18 Жаңа жағдайға қинала бейімделесіз  
19 Ұстамдысыз  
20 Аз қозғаласыз, салғыртсыз,босаңсыз  

 

4 кесте  — Меланхолик [17]

Қасиеттер  
1 Сіз ұяңсыз, ұялшақсыз  
2 Тосын жағдайда абыржып қаласыз  
3 Бейтаныстармен байланыс орнатуға қиналасыз  
4 Өз күшіңізге сенбейсіз  
5 Жалғыздықты жеңіл көтересіз  
6 Сәтсіздікте абдырап қаласыз және ұнжырғаңыз түсіп кетеді  
7 ұяңсыз, тұйықсыз  
8 Тез шаршайсыз  
9 Кейде сыбырлап, өлсіз дауыспен сөйлейсіз  
10 Өзге адам мінезіне амалсыз бейімделесіз  
11 Мақтау мен даттауды қолайсыз көресіз  
12 Өзіңізге және өзгелерге үлкен талап қоясыз  
13 Күмәншілсіз  
14 Армандауға бейімсіз  
15 Өте сезімталсыз және тез ренжисіз  
16 Әсерленгішсіз  
17 Тез ренжисіз  
18 Тұйықсыз, көпшіл емессіз  
19 Басқалардың көмектесуі мен ниеттес болғанын қалайсыз.  
20 Белсенді емес, жасқаншақсыз  

 

Зерттеу нәтижелері. Зерттеудің I кезеңіне қатысқан 55 адамнан 40 адам ( 10 сангвиник, 10 холерик, 10 флегматик, 10 меланхолик) зерттеудің II кезеңіне алынды. Қалған 15 адамның мінез темпераменті аралас түрі (жартылай флегматик, жартылай меланхолик немесе жартылай сангвиник, жартылай холерик типті) болғандықтан, темпераменттің нақты төрт түріне Мелатониннің әсерін зерттеу сатысына алынбады.

II бөлім.

Төрт түрлі темпераменттің «жақсы» және «жаман» қасиеттері әр түрлі болғандықтан, Мелатониннің әсерін зерттеу үшін төрт топқа бірдей көрсеткіштер алу мүмкін емес.  Таңдап алынған 4 топтың әрқайсысына  (10 адам) Мелатонин ең аз терапевттік дозада 3 мг/тәул, 4 апта бойы берілді. 4 топқа арналған көрсеткіштер осы топ адамдарына өмір сүру барысында ең көп қолайсыздықтар туғызатын 6 белгі бойынша алынды.

 

5 кесте +Мелатонин 3 мг/тәул, 4 апта. Сангвиник (10 адам).

Белгілер Емге дейін,% Емнен кейін, % Емдеу курсынан кейін жақсару, %
шыдамсыздық

100

40

60

ашушаңдық

100

50

50

ренжігіштік

90

40

50

агрессивтілік

80

30

50

тез қозғалушылық

100

30

70

көңіл күйдің тез ауысуы

90

30

60

 

6 кесте –Мелатонин 3 мг/тәул, 4 апта. Холерик (10 адам).

Белгілер Емге дейін,% Емнен кейін, % Емдеу курсынан кейін жақсару, %
асығыстық

100

50

50

тұрақсыздық

100

50

50

қызығушылық

100

40

60

Бастаған істі соңына дейін жеткізбеушілік

90

40

50

өзін асыра бағалаушылық

80

30

50

Тез оянушылық

90

40

50

 

7 кесте — Мелатонин 3 мг/тәул, 4 апта. Флегматик (10 адам).

Белгілер Емге дейін,% Емнен кейін, % Емдеу курсынан кейін жақсару, %
салғырттық

70

70

0

тұйықтылық

100

100

0

тәртіпті қатты ұстанушылық

90

90

0

жайлық

100

100

0

Бір істен екінші іске ауысу қиындығы

80

90

Жаңа жағдайларға бейімделудің төмендігі

90

90

0

 

8 кесте — Мелатонин 3 мг/тәул, 4 апта. Меланхолик (10 адам).

Белгілер Емге дейін,% Емнен кейін, % Емдеу курсынан кейін жақсару, %
ұялшақтық

100

100

0

өзіне өзі сенімсіздік

100

60

40

Күмәншілдік

100

70

30

пассивтілік

100

100

0

тез ренжігіштік

90

90

0

уайымдаушылық

100

70

30

Зерттеу нәтижесі. Зерттеудің  II бөлімінің қорытындысы бойынша Мелатонин 3 мг/тәул, 4 апта бойы қабылдау сангвиник пен холерикте жақсы нәтиже берді. Сангвиникте өмір сүру барысында қолайсыздықтар тудыратын қасиеттер: шыдамсыздық- 60%, ашушаңдық- 50%, ренжігіштік- 50%, агрессивтілік- 50%, тез қозғалушылық- 70%, көңіл күйдің тез ауысуы- 60% төмендеді. Холерикте: асығыстық- 50%, тұрақсыздық- 50%, қызығушылық- 60%, бастаған істі соңына дейін жеткізбеушілік-50%, өзін асыра бағалаушылық- 50%, тез оянушылық- 50% төмендеді. Флегматикте: салғырттық, тұйықтылық, тәртіпті қатты ұстанушылық, жайлық, бір істен екінші іске ауысу қиындығы, жаңа жағдайларға бейімделу төмендігі көрсеткіштері өзгеріссіз қалды. Меланхоликте: ұялшақтық- өзгеріссіз, өзіне өзі сенімсіздік- 40%, күмәншілдік- 30%, пассивтілік- өзгеріссіз, тез ренжігіштік- өзгеріссіз, уайымдаушылық- 30% төмендеді. Осыдан шығатын қорытынды, сангвиник пен холериктерге Мелатонин препаратын 3 мг/тәул мөлшерде беру жоғарыда айтылған қасиеттердің төмендеуіне әкеліп, жалпы өмір сүру барысында мінезбен байланысты туындайтын қиыншылықтарды жеңуде жақсы әсер көрсетеді. Флегматикте Мелатонин әсерінен өзгеріс болмады, яғни, флегматик темпераментті адамдарға препараттың әсері жоқ. Меланхоликтерде Мелатонин екі көрсеткіш бойынша (өзіне өзі сенімсіздік пен уайымдаушылық) тиімді әсер етті. Меланхолик типті адамдар депрессивті жағдайлар мен күйзелістерге  түсуге басқа типтермен салыстырғанда жақын болғандықтан, Мелатонин препараты өзінің антидепрессивті және күйзеліске қарсы әсерін тағы бір рет дәлелдеді.

Қорытынды.

Мелатониннің адам ағзасындағы рөлі зор. Жалпы жүргізілген зерттеулердің көпшілігі мелатониннің адам ағзасындағы ырғақ түзуші, ұйқы реттеуші, қартаюға қарсы, иммунды жүйені ынталандырушы, тропты гормондардың бөлінуі мен репродуктивті жүйені реттеуші, қатерлі ісікке қарсы қызметтерін зерттеуге негізделген. Адамның мінез темпераменттеріне де мелатониннің әсері бар екендігі жүргізілген зерттеу нәтижесінде анықталды.  Зерттеу нәтижесінде анықталғандай, Мелатонин препараты мінез темпераменттеріне әр түрлі әсер көрсетеді. Сангвиник пен холерикке препарат тиімді әсер көрсететіндігі,   флегматикке әсері жоқтығы және меланхоликте күйзелістік жағдайларда айтарлықтай әсері бар екендігі  анықталды.

әдебиеттер тізімі

1       Анисимов В.Н. Молекулярные и физиологические механизмы старения. СПб: Наука, 2003. — 467 с.

2       В.Н. Анисимов, И.А. Виноградова Старение женской репродуктивной системы и мелатонин. Издательство «Система», 2008. — 44 с.

3       3. Анисимов В.Н., Рейтер Р.Д. Функции эпифиза при раке и старении //Вопросы онкологии. – 1990. – Т.36. – C.259–268.

4       Сəбет Балтаұлы Бап-Баба (Бабаев).  Алматы: Заң əдебиеті, 2006.-275 б.

5       Арушанян Э.Б. Хронобиологические особенности невротических расстройств и анксиолитического эффекта психотропных средств//Рос. психиатр. журн. – 2000. – №1. – C.26–32.

6       Арушанян Э.Б. Антидепрессанты. – Ставрополь: 2002. – 330C.

7       Арушанян Э.Б. Антистрессорные возможности эпифизарного мелатонина. В кн.: Мелатонин в норме и патологии. —  М.: 2004. – C.198–222.

8       Арушанян Э.Б. Гормон эпифиза мелатонин – новое ноотропное средство? //Экспер. и клин. фармакол. – 2005. – Т. 68. – №3. – C.74–79.

9       Арушанян Э.Б., Арушанян Л.Г., Симонов И.А. Физиологические и фармакологические особенности эпифизарных пептидов // Экспер. и клин. фармакол. – 2001. – Т. 64. – №.4. – C.73–79.

10    Арушанян Э.Б., Арушанян Л.Г., Эльбекьян К.С. Место эпифизарно–адренокортикальных отношений в поправочной регуляции поведения // Успехи физиол.наук. – 1993. – Т.24. – №4. – C.12–28.

11    Арушанян Э.Б., Батурин В.А. Депрессия, антидепрессанты и биологические часы // Журн. невропатол. и псхиатр. – 1995. – Т. 95. – №3. – C.85–89.

12    Арушанян Э.Б., Батурин В.А., Попов А.В. О реципрокных отношениях между супрахиазматическими ядрами гипоталамуса и эпифизом в процессе перестройки циркадианной подвижности крыс при изменении светового режима // Журн. высш. нервн. деят. – 1993. – Т.43. – №1. – C.69–75.

13    Arendt J. Melatonin and the mammalian pineal gland. Chapman and Hill. – London: 1994. —  214 p.

14    Armstrong S.M. Melatonin the internal Zeitgeber of mammals? //Pineal Res. Rev. – 1989. – V.7. – P.157–202.

15    Bartsch C., Bartsch H. Significance of melatonin in malignant diseases //Wien. Klin. Wochenschr. – 1997. – V.109. – P.722–729.

16    Lieberman H.R., Lea A.E. Melatonin: effect on sleep and behavior in man. In: Melatonin. Clinical Perspectives. — Oxford Univ.Press: 1988. – P.118–127.

17    Абрамова Г.С. Практическая психология. 6-е изд., перераб. и доп. — М.: Академический Проект, 2003 — 496 с.

18    Немов Р.С. Психология . 1 том. —  Юрайт:  2011.  — 726 с

 

 

К. Кунанбай,  А.К. Каирбеков, Г.А.Шакир

Темпераментное влияние мелатонина

Резюме: В статье рассмотрено влияние Мелатонина на организм человека в соответствии с темпераментами характера.

Ключевые слова: мелатонин, серотонин, темперамент, сангвиник, флегматик, холерик, меланхолик, триптофан, Мелатонин

 

К. Kunanbai, A.K. Kairbekov, G.А.Shakir

Temperamental effects of melatonin

Resume:  The article considers the influence of melatonin on the human body in accordance with the nature of temperament.

Кeywords: melatonin, serotonin, temperament, sanguine person, phlegmatic person, choleric person, melancholiac person, tryptophan, Melatonin

 

МЕЛАТОНИННІҢ ТЕМПЕРАМЕНТТІК ӘСЕРІ

Новости

Все


Видео


Фото

Научно-практический медицинский журнал Вестник КазНМУ

Научные публикации, статьи, доклады, рефераты, диссертации, новости медицины, исследования в области фундаментальной и прикладной медицины, публикации журнала "Вестник КазНМУ" и газеты "Шипагер".


ISSN

ONLINE ISSN 2524 - 0692

PRINT ISSN 2524 - 0684


Полезные базы данных

Google Scholar Elibrary.ru Cyberleninka


О журнале

Описание журнала Редакция журнала СМИ о нас Рекомендуемые издания


Индексируется

Казахский Национальный Медицинский Университет имени С.Д. Асфендиярова

© 2021 КазНМУ