Сөз түзелмей, тыңдаушы түзелмейді




27.03.2012

Барлық ғылымдардың ішінде аса күрделісінің бірі – медицина ғылымы екені дау туғызбаса керек. 80 жылдан аса тарихы бар С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ғылымының осы бір күрделі саласы, медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр. Еліміз егемендік алғалы қазақ тілінде медициналық білім беру де жолға қойылды және бұл салада да университетіміз қазақстандағы медициналық оқу орындарының көшбасшысы болуда. Дегенмен, медицина ғылымын қазақ тілінде дамытуда кездесіп жатқан қиындықтар аз емес. Кеңес өкіметі кезінде көптеген жаратылыстану ғылымдары сияқты медицина ғылымы да тек орыс тілінде оқытылғандықтан, бұл салада қазақ тілінде жазылған оқулықтар, оқу құралдары мүлде болған жоқ десе де болады. Медицна ғылымының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген аға буын өкілдері, негізінен, орыс мектебін бітіргендер, тіпті қазақ мектебін бітірсе де, медициналық оқу орнын орыс тілінде тәмәмдағандар. Соған қарамастан, олар қазақ тілінде ғылыми еңбектер, оқулықтар, оқу құралдарын жазып, қазақ тілінде медициналық терминдерді, медициналық ғылыми стильді қалыптастыруға ат салысып жүр. Дегенмен, қазақша медициналық ғылыми еңбектердің тілінде орашолақтықтар әлі де көп. Әрине, ғылыми еңбектерді пайдаланушылар сол саланың мамандары болғандықтан, ғылыми мәтіндердің тілдерінде кездесетін аз-кем кемшіліктерге қарамастан, онда не айтылғаны туралы өздеріне қажетті мәліметтерді ала алады. Бірақ мұндай кемшіліктер медицина саласында білім алушы студенттерге мәтінді түсінуге көптеген қиындықтар келтіреді, себебі олар – әлі қалыптасып үлгірмеген, бұл саланың қыр-сырын толық меңгермеген болашақ мамандар. Орнымен қолданылған терминдер, дұрыс құрылған сөз тіркестері мен сөйлемдер ғана олардың медицина ғылымын толық әрі сапалы меңгеруіне мүмкіндік береді. Енді осы медициналық ғылми еңбектерде кездесетін кемшіліктерге, олардың себептеріне тоқталып, олардан арылудың жолдары туралы өз ойымызды ортаға салайық.

Медицина ғылымында ең бір шешімі табылмай жүрген мәселе – термин мәселесі. Көптеген медициналық терминдердің арғы төркіні латын, грек тілдері екені белгілі. Бірақ бұлар қазақ тіліне орыс тілінің жазылу, айтылу үлгісімен енгендіктен, қазақ тілінде білім алған адамға бұлардың жазылуы да, айтылуы да айтарлықтай қиындық келтіреді, себебі кеңес өкіметі кезінде жасалған әліпбиімізде қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі мүлде ескерілмеген. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымды ұсынуындағы басты мақсаты – орыстандыру саясаты болғанын аңғармайтынымыз өкінішті. Ол үшін тілдің дыбыстық құрылымын бұзу керек болды. Тілдің дыбыстық құрылымы оны сыртқы әсерлерден қорғайтын «иммунитеті» екенін, «иммунитетінен» айрылған тілдің үстем тілдің илеуіне оңай көнетінін сұңғыла саясаткерлер жақсы білген және өздерінің қитұрқы әрекеттерін байқатпау үшін басқа тілдерден орыс тіліне енген терминдерді «халықаралық терминдер» деп атап, «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген ереже де шығарып қойған. Осы ережеге басы айналып қалған ғалымдарымыз «халықаралық терминдер» деп жүрген сөздеріміздің орыс тілінің заңдылығымен дыбысталып тұрғанына, тура осы сөздердің дүниежүзінің барлық тілдерінде сол тілдердің заңдылықтарымен дыбысталатынына мән бермейді. Барлық тілдерде фонетикалық заңдылық бар да, тек қазақ тілінде ғана заңдылық жоқ сияқты. Қазақ тілінің сөз байлығын молынан қолданып, медициналық терминдердің қалыптасуына зор үлес қосып жүрген бірі профессор Ә.Нұрмұхамбетұлы ағамыз да: «Терминдерге бір сөзбен терең ғылыми мән-маңызын жеткізуге келмейтін халықаралық келісілген сөздерді ғана жатқызуға болады. Мәселен, гипоксия, гипертензия, гастрит, гепатит, медицина, стоматология, фармация, педиатрия, фермент т.с.с. сөздер. Оларды аудармай пайдалану ана тілімізді байытатынына шүбә келтірмейді» (Ә.Нұрмұхамбетұлы, Орысша-қазақша медициналық (физиологиялық) сөздік, Алматы, Эвро, 2007), – деп қазақ тілінің дыбысталу ерекшелігіне негізделмей, жат екені білініп тұрған сөздер тілімізді байытып тұр деген жаңсақ қорытынды жасап жіберген.

Термин сөздерді қолдану барысында әртүрлі қосымшалар жалғау қажеттігі туады. Міне осы кезде қазақ тілінің дыбыстық тіркеліміне негізделмеген сөздерге қосымша жалғауда ала-құлалықтар орын алуда. Медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдарымыздың бірі профессор Ж. Ахметов жіңішкелік белгісінің қосымша жалғауда қиындық келтіретінін сөз етіп жүр. Біздіңше, мәселе тек жіңішкелік белгісінде емес, қазақ тілінде дауыстылар жуан, жіңішке болып жіктелгенімен, дауыссыз дыбыстар үнемі дауысты дыбыстың шылауында болып, дауысты дыбыстың жуан немесе жіңішкелігіне байланысты солармен үндесе айтылатындығында. Яғни, үндестік заңы қазақ тілі оқулықтарында айтылып жүргендей тек түбір мен қосымшаның арасында ғана болмайды, қазақ тілінде тұтас сөз не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке айтылады. Бұл заңдылыққа бағынбаған сөздер тілімізге сіңбейді, жаттығы білініп тұрады. Әрине, қазіргі орфографиялық ережеміз үстемдік етіп тұрғанда бұл сөздерден құтыла алмайтынымыз анық. Ол үшін қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына негізделген орфографиялық ережелер қабылдауымыз керек.

Қазақша медициналық мәтіндерде кездесетін тағы бір кемшілік – кейбір сөз тіркестерінің орыс тілінің үлгісінде құрылуы. Мысал, мына сөйлемге назар аударайық: «Атипті қоздырғыштармен шақырылған пневмония кезіндегі балалардың жоғары тыныс алу жолдары шырышты қабатының өзгерістері» («Шипагер», №3-4 (1360-1361), 2009 ж.). Бұл сөйлемдегі «атипті қоздырғыштармен шақырылған» деген сөз тіркесі орыс тіліндегі «вызванные атипичными вирусами» деген сөз тіркесінің сөзбе-сөз аудармасы. Қазақша бұл сөйлем: «Атипті қоздырғыштар әсерінен болған пневмония кезіндегі балалардың жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабатындағы өзгерістер» болуы керек еді. Автор пневмонияның «атипті қоздырғыштар әсерінен болғанын» және осы ауру кезінде балалардың жоғары тыныс алу жолдарының «шырышты қабатындағы болатын өзгерістері» жайлы айтқысы келген сияқты. Бірақ, сөйлем орыс тілінің үлгісімен құрылғандықтан, мақала иесінің ойы түсініксіздеу болып қалған. Ғылыми еңбектерін қазақша жазып жүргенімен, орыс тілінің синтаксистік құрылымына байланып қалу медицина саласының мамандарының сөйлем құрылыстарынан анық көрініп тұрады. Сонымен қатар «бас миы», «жілік миы», «бас шаштары», «аяқ саусақтары» деген сияқты сөз тіркестері қазақ тілінде «ми» сөзінің тек бастағы миға, сондай-ақ «шаш» сөзінің адамның басындағы түкке ғана қатысты айтылатынын, ал жіліктің ішіндегі қоймалжың заттың атауы «жілік майы» екенін білмейтін, яғни қазақша сөздік қоры аз адамның сөз саптасы десек артық айтқанымыз болмас. Осындай орыс тілінің заңдылығымен орашолақ құрылған (дұрыс құрылмаған) бірнеше сөз тіркесіне тоқтала кетейік. Мысалы: «… ұзақ уақыт болғандығы туралы айғақтайды», «… өкпедегі физикальды өзгерістер», «… ядролардың ұлғаюымен көрінеді», «… атипті қоздырғыштармен байланысты пневманиямен ауырған балалардың …» («Шипагер», №3-4 (1360-1361), 2009 ж) т.б.

Сондай-ақ дене мүшелеріне қатысты кейбір атаулардың әр тілде әрқалай айтылатынын жақсы білмеу де кейде қателіктерге алып келеді. Мысалы  орыс тілінде «пальцы» сөзі аяққа да, қолға да қатыста айтылса, қазақ тілінде қолдағылары «саусақ», аяқтағылары «башпай» деп айтылады. Бұл – қазақ тілінің сөздік қоры орыс тілінікінен артық болмаса, кем емес екенін көрсетеді. Бірақ тіліміздің осы артықшылығын білмегендіктен болар, медициналық мәтіндерде «қолдың саусақтары», «аяқтың саусақтары» сияқты сөз тіркестерін кездестіреміз.

Медициналық оқулықтар мен оқу құралдарында орыс тіліндегі «смертность», «заболеваемость», «рождаемость» сөздері «өлімшілдік», «аурушылдық», «туушылдық» деп аударылып жүр. Қазақ тілінде «өлімшілдік», «аурушылдық», «туушылдық» деген сөздер жоқ. Яғни, зат есімге сын есім тудырушы жұрнақтар үстемелеп жалғанбайды. Бұл сөздерді «өлім-жітім», «ауру-сырқау», «өсіп-өну» деп қос сөздер арқылы беруге болар еді. Түркі тілдеріне тән осы бір ерекше құбылысқа, яғни сөздерді қосарлап қолдануға жеткілікті дәрежеде мән берілмей келеді. Қазақ тілін басқа өркениетті елдердің тілімен терезесі тең, ғылым тілі қылу үшін, ана тілімізге тән барлық амал-тәсілдер мен тіліміздің сөздік қорын кеңінен пайдаланған жөн болар еді.

Медицина ғылымы шарықтап дамып кеткен елдердегі барлық жаңалық бізге, негізінен, орыс тілі арқылы жететінін жасырын емес. Осыны ескере отырып, ақпараттарды ағылшын, неміс тілдерінен тікелей қазақ тіліне аударуды қолға алу қажет сияқты. Алайда, қай тілден аударылса да, ғылыми мәтіннен аударма иісі шығып тұрмауы тиіс. Өйткені, қазақ тілінің синтаксистік заңдылығына негізделіп құрылған сөйлем ғана қазақ тілді оқырманның жүрегіне жол табады.

Т.Қ.Зайсанбаев. Ф.ғ.к, қазақ тілі

кафедрасының аға оқытушысы.