7 мамырда ҚазҰМУ-да Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бинеш Жарбосыновты еске алу құрметіне «Ерлер мен әйелдердің репродуктивтік саулығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.




05.05.2012

Конференцияда клиникалық медицинадағы жаңа технологиялар мен несептік-жыныстық және репродуктивті жүйе ауруларын диагностикалау және емдеуді жетілдіру мәселелері талқыланады. КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі Б.Жарбосынов осы мәселелерді зерттеумен айналысқан.

Б.Жарбосынов (1932-1996) — Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі. Урологияның дамуына қосқан үлесі мол. Оның бастамасымен 1990 жылы алғаш рет Қазақстанда Урология ғылыми-зерттеу институтының негізі қаланып, өзі оған басшылық етті. 1996 жылы Профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президент болып сайланды. Еуропа урологтар ассоциациясының, Бүкілодақтық урологтар ғылыми қоғамы басқармасының мүшесі, Қазақ урологтар ассоциациясының төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас урологы, «Здравоохранение Казахстана», «Денсаулық», «Урология и нефрология» журналдарының редакция алқасының мүшесі болған.

1 және 2 Қазақстан урологтары конгресінің, төрт халықаралық симпозиумның  бастамашысы әрі ұйымдастырушысы. 250-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Оның басшылығымен 8 докторлық және 15 кандидаттық диссертация қорғалды. Б.Жарбосыновтың жемісті ғылыми-педагогикалық қызметі үшін «Парасат» ордені және өзге де марапаттар берілді.

Бинеш Жарбосынов несеп-жыныстық жүйенің органдарына 10 мыңнан артық күрделі операциялар жасаған. Керемет педагог ретінде, профессор Жарбосынов қазақстандық урологтар мектебінің беделін жоғары ұстап, сүйікті ұстаздары бастап кеткен үлкен істі жалғастыру үшін бар білімдері мен күштерін аянбай салатын бетке ұстар шәкірттерді көп дайындаған.

Конференцияға ҚазҰМУ-дің, академик Б.Жарбосынов атындағы ұлттық урология орталығының, Алматы Мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының, Қазақ-Американ университетінің, қалалық емдеу мекемелерінің қызметкерлері, академик Б.Жарбосыновтың достары, шәкірттері, туған-туыстары қатысады.