Жаңалықтар




19.07.2011

Тамылжыған ән мен мың бұралған би

МЖМББС-2006 жылғы жаңа буынды бағдарламаның енгізілуімен байланысты 2007 жылы негізі қаланған жалпы медицина факультетінің, сонымен қатар Қазақстан медицинасының негізін қалаушы С.Ж.Асфендияровтың туылған күні университетіміздің конгресс-холында аталып өтті. Университеттің жетекші факультеттерінің бірі, медицинаның алғышарттарымен, медициналық базалық пәндерді студенттердің бойына егетін құрылымдық бөлімше осы төрт жыл ішінде төрт жарым мыңдай студентті білім нәрімен сусындатып отыр. Күй күмбірлеп, ән шырқалып, би биленген кешке университетіміздің ректоры А.А.Ақанов, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Г.М.Есенжанова, кафедра меңгерушілер мен оқытушылар қатысып кештің шырайын келтірді.

Факультет студенттерінің бастамасымен университет ректоры А.А.Ақановқа С.Ж.Асфендияров атындағы сыйлық, факультет деканына құрметті декан сыйлығы ұсынылды.

Болашақ кәсіби мамандар тек өз ісінің білгірлері болып қана қоймай сонымен қатар, өнерлі, талантты студент екендігін көрсетті. Мың бұрала билеген Бердібекова Айгерім, Әбілова Гүлстан, қара жорға биін билеген Нұрақыман Ардақ, Нұртас Гаухар, тамылжыған даусымен таң қалдырған Тоғымова Перизат, Тұрғанбаева Ардақ, Артықов Ақиқат, Шомпиева Маржан, Абдукадирова Айгерім, Әуелбеков Бағлан, «Нұр» квартеті көрерменнің көңілін аулап, кештің қызығын арттырды.

Той қашанда тәттісіз өтпеген кеш соңынан бірінші курс студенттеріне балмұздақ пен торт тарту етілді.

Жалпы медицина факультеті деканының тәрбие жұмысына жауапты орынбасары Жамила Түгелбайқызы