Қарсы алу кеші




02.11.2011

Жалпы медицина факультеті әр жылдағы 2 курс студенттері оқуға жаңадан келген 1 курс студенттерін жылы лебізбен қарсы алып, жаңа өмірге жол болсын айтудың факультет деңгейіндегі мақтан тұтар өз дәстүрі бар. Ол – факультет күнінде өтетін Қарсы алу кеші! Әдеттегідей Қарсы алу кеші биылғы жылы да, Факультет күні қарсаңында қазанның 19 жұлдызында университеттің Конгресс-Холлында өтті. Мерекелік кеште кештің басты қонақтары жалпы медицина факультетінің 1 курс студенттері, университеттің ардақты ақсақалы, академик А.Р.Рақышев, ректор А.А.Ақанов, оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректор Қ.А.Төлебаев, факультет деканы Р.Т.Джумашева, факультет декандарының орынбасарлары, факультеттің профессорлары мен оқытушылары, әкімшілік қызметкерлері көрермен ретінде қатысты.

Мереке осы факультеттің алғашқы түлектерінің бірі, 5 курс студенті Әуелбеков Бағланның орындауындағы Жалпы медицина факультетінің Ән-ұранымен ашылды.

Содан кейін құттықтау сөз алған академик А.Р.Рақышев биылғы оқу жылындағы 1 курс студенттеріне «Ақ жол» тілесе, ректор А.А.Ақанов осы факультетке үлкен үміт артатынын, жалпы медицина факультеті – университет болашағы, факультет мерекесі «Қарсы алу кешінің» университет үшін жақсы дәстүр екендігін атап кетті.

Жалпы медицина факультетінің медицинаның ауыр жүгін арқалап жүрген, медицинаға жан-тәнімен қызмет еткен, өзінің кәсіби және азаматтық борышын лайықты түрде орындайтын, қазақстандық және әлемдік медицинаның рухани-өнегелілік құндылықтарын сақтау, дәріптеуге үлес қосқан, Қазақстандық медицина мектебі мен отандық денсаулық сақтауға ерекше еңбегі сіңген тұлғаларға берілетін «С.Ж.Асфендияров атындағы» төсбелгісі бар. Төсбелгіге үміткерді ұсыну туралы қолдауды Жалпы медицина факультетінің студенттері береді.

Осы жылы студенттер төсбелгінің келесі иегері, жалпы медицина факультетің алғашқы және қазіргі деканы Р.Т.Джумашева лайық деп шешті. Сондықтан да, кеште факультеттің 2 курс студенттері «С.Ж.Асфендияров атындағы» үшінші төсбелгіні факультеттің 5 жылдығына орай Р.Т.Джумашеваға табыс етті. Факультет деканы Р.Т.Джумашева өз студенттерін студент атануымен құттықтап, болашаққа сәт-сапар тіледі.

Одан кейінгі кезек 1 курс студенттерін құттықтау рәсіміне ауысты. 2 курс студенттері оларға әр пәннің ерекшелігі туралы өз ойларын білдіру мақсатында, оқитын пәндеріне нұсқау беретін 1000-ға жуық кітапша әзірлеген екен. Сол нұсқаулықта, мысалы молекулалық биология және генетика пәніне:

Молекулалық биология,

Қандай тамаша сабақ ия?

Аласында көк кітапты

Оқисың репликация, транскрипция, трансляция

Көзге көрінбейтін РНҚ мен ДНҚ-ны

Оқи бересің, оқи бересің, соны!

Ең соңында аласың,

49 деген тәтті балды!!! – деген болса,

екінші қиын сабақ химия пәні туралы:

Химия қиын, ашиды миың, – деп

Отырасың 3 сағат кеп,

Реакцияларды жазып-сызып,

Студенттер шығады

Ужас,МАМа басым деп., – пәндердің өзінше «ерекшелігін» атап көрсеткен екен. Жоғарыда келтірілген екі пәннен басқа информатика, экология және латын тілі пәніне де сипаттама берген.

Мерекелік қойылым 2 курс студенттері Ж.Толыбаева мен Б.Бисембиевтің актерлік өнерлерін тамашалаумен жалғасты. Медицинаның алғашқы табалдырығы ҚазҰМУ-дың студенті атанып, бітіргенге дейінгі өмірінен үзінді көрсеткен бейне-роликте өте тартымды, кәсіби деңгейде көрінді.

Кеш иелері ақындарымыздың шығармаларын жаныңды тебіренте оқып, тұла бойыңды баурап алудың да шеберлері екен. Залда отырған 1000 көрерменді студенттер Г.Сакенова мен Т.Құрманбек атақты ақын М.Мақатаевтың «Шын ғашықпын» атты өлең жолдарын оқумен тебірентті.

Әрине, кеш әсем ән мен әдемі биден кенде болған жоқ. Ж.Данияров, С.Әштаева, Ә.Артықбаева, А.Пазылов, Б.Сайлыбаева, О.Пірімхан, С.Оспанов, А.Сейтжан, А.Салменова, Н.Нұрмахамбетұлы, А.Өтеген әсем дауыстарымен және нақышына келтіре би билеген С.Махажанова, С.Нұрсұлтан, И.Түркпенованың тобы, «Шанден» тобы, Ж.Нәметкерим өз таланттарымен көрерменді тәнті етті.

Мерекелік кештің тізгініне ие болған 2 курстың дарынды жүргізушілері А.Базарқұлова мен Ш.Наджибулоның да еңбегі зор. Кешті басынан аяғына дейін қазақ және орыс тілінде, бірінің сөзін бірі іліп алып, айтар сөздерін көрермен көңілінен шығара жеткізе білді.

Иә, ән айтылды, би биленді, көрініс көрсетілді. Әр өнерді бір-бірімен қиюластырып, кешті әсерлеп, мерекені басынан аяғына дейін жоспарлап, қатысушы өнерпаздардың әрбір қимыл-қозғалысына дейін мәнерлеп, әсемдеп берген, кеш бағдарламасының авторы, 2 курс студенті Асабаева Гүлмира Кенжеханқызының өнері ерекше десек болады.

Мерекелік кеш аса жоғары деңгейде өтті. Жоғарыда аты аталған, кешті ұйымдастырушы 2 курс студенттеріне факультет атынан айтар алғысымыз шексіз. Белсенді қатысқан әрбір студенттің ата-анасына алғыс хат жолданды. Біздің факультеттің әрбір студенті осындай дарынды, сүйкімді болса екен деп тілейміз.