«Өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі»




03.11.2011

Атағы жер жарған, көркіне көз тойған,

Жасай бер жанданып кең далам!

Мереке күніңмен, Тәуелсіздік үнімен,

Құттықтаймыз бүгін сені, Қазақстан!

 

Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Қанша қиыншылық келсе де, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл-тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналықты жадымызда ұстайық!

«Өткеніңді  еске  алсаң ,

Өскеніңнің  белгісі.

Өткеніңді  ұмытсаң,

Өшкеніңнің  белгісі» – демекші, биылғы тәуелсіздікке 20 жыл толу мерейтойы қарсаңына орай, 28 қазан күні біздің Университетімізде жалпы медицина факультетінің  ұйымдастыруымен   1991 жылдардағы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақыруының депутаттары және  «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшелерімен кездесу өткізілді. Кездесуге шықырылған арнайы қонақтар:  ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақыруының депутаттары  д.э.н.профессор Н.Р.Жотабаев,  лабораториялық диагностика кафедрасының  профеесоры д.м.н.М.Б.Жангелова, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстың вице-президенті Р.А.Турганбаев,  «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстың атқарушы директоры И.И.Литвинов, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстың ғылыми хатшысы Л.Н.Прус, ректордың кеңесшісі профессор Ж.Г.Мустафина.  Кездесу салтанатты түрде ҚР-ның әнұранының орындалуымен ашылды.

Кездесуде қонақтарымыз студенттерге  тәуелсіздік шыңына жеткен жылдардағы алуан қиыншылықтар мен жетістіктерді баяндады.  Сол жылдардағы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші депутаттар шақырылуының құрамы өте құнды болған, өйткені сол кездегі қабылданған мемлекеттік рәміздер, Ата заң бүгінгі таңға дейін өз құндылығын жойған емес. Кездесуде сонымен қатар  ядролық сынаққа қарсы қозғалыстың белсенді мүшелері соңғы жылдары көптеген халықаралық конференциялар мен жиындарда полигонның зардабы және оны жоюы жайлы айтылып жүргенін және бүгінгі таңда да өзекті екенін ортаға салды.  Себебі, 2011 жыл еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген «Семей ядролық сынақ полигонының» жабылғанына да 20 жыл толып отыр. Дүниежүзінде ядролық қарусыз әлемге бірінші болып қадам басып, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы»  Жарлыққа қол қойған болатын. Бүгінгі таңда ел болашағы үшін, экономикасы мен халық денсаулығы үшін бұл қадамның маңызы өте зор екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, студенттер назарына бірнеше жылдар бойы ажал уын сепкен полигонның зардабы мен салдары бейнеленген деректі фильм ұсынылды.

Біздің студенттер осы кеште «Жастар ядролық қарусыз әлем үшін» атты акцияға қол қойды. 1 курс студенттері  «Тәуелсіз Қазақстан»,  «Менің елім» атты  патриоттық өлеңдерін  оқып, «Көк туым-байрағым» әнін орындады. Қонақтарға гүл шоқтары мен құнды кітаптар мен сувенирлер ұсынылды.

Қазіргі таңда Қазақстан экономикасында, әлеуметтік, мәдениет саласында үлкен жетістіктерге жетіп, өркениетті, дамыған елдер қатарында келеді. Еліміз тәуелсіз ел, дербес мемлекет болып XXI ғасыр табалдырығын сенімді аттағанбыз.

Сондықтан да тәуелсіздіктің 20 жылдығы дегенде, түрлі концерттер өткізумен шектелмеуіміз керек, сонымен қатар ұлтты ұйытатын әрі жастарға ой салып, отансүйгіштік сезімін көтеретін басқа да іс-шаралар,  осындай кездесулер өткізу маңызды деп есептейміз.

 

 

 

Жалпы медицина факультетінің

декан орынбасары

Тусупбекова Сандуғаш Қайратқызы