Айқан АҚАНОВ: Медицинаға кәсіби этика, ар-ұят, ізгілік түсініктерін қайтару керек Бөлісу…




28.04.2011

Халыққа қажет әрі қамқор сала – медицина. Елбасы Жол­да­уында отандық медицина алдына әлемдік үрдістерге сай үлкен міндеттер қойылып, талап күшейтілгені белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасында болған кезінде елдің денсаулық сақтау саласындағы кейбір кемшіліктер мен олқы тұстарды да нұсқап көрсеткен-ді. Әлбетте, соның бірқатары жоғары білікті медицина кадрларын даярлаумен, дәрігердің кәсіби санаттылығымен тікелей ұштасып жатыр. Осы орайдағы көптеген көкейкесті мәселелер мен проблемалар, оларды шешу жолына бағытталған іс-шаралар хақында С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің рек­торы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан АҚАНОВТЫҢ пайымды толғаныстарына зер салған артық болмас еді.

– Айқан Ақанұлы, Елбасы Жол­дауында нұсқалған өздеріңізге қа­тысты проблемаларға тоқтал­са­ңыз.

– Жолдау біз үшін нақты мақсатты айқындаған үлкен құжат болып та­былады. Медициналық білім беретін жоғары оқу орындарының денсаулық сақтау саласын көтеруге көмектесуі, өзіндік үлес қосуы ол құжатта баса айтылған. Соның біріншісі, әрине, білікті дәрігер мамандарын даярлауға саяды. Екіншіден, қазір әр өңірде арнайы бағдарлама құруға бағыт алынды. Ол бағдарламалар бойынша балалар мен әйелдердің, жалпы ауыл тұрғындарының денсаулығы, өкпе аурулары, ВИЧ, СПИД, сондай нау­қастарды емдеу, соларды диспансерлеу мәселелері көтеріліп, осы реттегі жұмыстарға мониторинг жасауға тап­сырма берілді.

Бүгінде көп міндет практикалық емханаларға жүктеліп отыр. Мәсе­лені зерттеу орайында біздің университет өкілдері бір жарым ай ішінде алты облысты – Алматы, Жамбыл, Оңтүс­тік Қазақстан, Қызылорда, одан әрі Батыс Қазақстан, Атырау облыс­тарын айналып шықтық. Сондағы көрген-білгенімізді Елбасы сөзі де айғақ­тайды. Денсаулық сақтау ісіне мемлекет тарапынан көп қаржы бөлінуде, неше түрлі емханалар са­лынып жатыр. Ол кісі ендігі іс тетігі медицина қызметкерлерінің өз қо­лында десе, соның растығына көзі­міз жете түсті.

Біздер болған аймақтардың қай жерінде болсын емдеу мекемелерінің материалдық іргетасы нығыз. Облыс­тық ауруханаларға құрал-жабдық, аппаратура алу, жаңа технологиялар енгізу жағынан үлкен көңіл бөлінуде. Әсіресе, жаңадан ашылған аурухана, емханалар керемет. Мәселен, Алматы облысының әкімі саланы дамытуға ерекше мән беретінін аңғартты. Қы­зыл­орда облыстық ауруханасы да рес­публика бойынша таңдаулылар қа­тарында. Оралдағы кардиохирургия орталығына да көңіл толғандай. Аты­раудағы облыстық аурухананың жыл­дық бюджеті 1,2 млрд. теңге болса, оған қосымша әкім 1 млрд. тең­геге жаңа жабдықтар алып беріпті.

– Олай болса, олқылықтар неден шығуда?

– Біз соны зерттедік. Барлық аудандардың бас дәрігерлерін жинап, әңгімелестік. Сонда көп мәселе кадр жетіспеушілігіне тіреле берді. Сонда сіздерде қандай мамандар жетіспейді, нендей көмек керек?, дедік біз. Міне, сонда айтылған жайларды жинақ­тап, талап-тілекті теріп алып келеміз де, өз бағдарламамызға қосамыз, нақ­ты жұмысымыздың арқауы етеміз. Қа­зірде әр жерде көбіне-көп анестезиолог, ревматолог, акушер-гинеколог, хи­рургтар, алғашқы медициналық жәр­­дем көрсететін дәрігерлер жетіспейді. Қазақстан бойынша жетімсіз маман саны 4-5 мыңның шамасында.

Біз қолдан келгенше дәрігерлер білімін жетілдіруге көмектесіп жат­сақ та, тағы бір түйткіл сол аздың өзін ауылға жеткізуден көрініс табады. Біздің оқу орнын жылына 1000 маман бітіреді, соның ішінде тікелей емдеумен айналысатындары 700-дің ары-берісі. Өкінішке қарай, солардың ауыл­дық жерге баратыны 50-ақ па­йыз. Бөлгеннен, келісім­шартқа отыр­ған­нан пайда шамалы. Бүгінде бұ­рынғыдай міндеттейтін заң жоқ. Дип­ломды алып қалып, үш жыл жұмыс істетудің дәурені өткен. Әкімшілік тетіктер пәрменсіз. Демократия дейміз, адам­ның құқын құрмет­тейміз дейміз, от­басылық жағ­дайға қараймыз, немесе басқа бір жолын табады, әйтеуір, бар­ғысы келмеген жерге, әсіресе, ауылға бар­майды. Бұрын үш жыл ауылда жұмыс істемей аспирантураға жол ашыл­майтын.

– Бұл түйткілді шешу жолдары қандай деп ойлайсыз?

– Жуырда осы мәселені минис­трдің алдында да көтердім. Ол кісі негізінен дұрыс қабылдады. Бізде жы­лына 3-3,5 мың маман даярла­нады. Осылардың ауылға жетуі жүйелі жол­ға қойылса, айналасы 2-3 жылдың ішінде мәселе оң шешімін табар еді, жетпей жатқан 4-5 мың маманның орны толар еді. Бірақ бұл арада қол байлайтын тағы бір бөгесін бар. Ауылға келген жас маман ықы­ласты жылы қабақпен қарсы алынып, әлеу­меттік көмек көрсетілуі, баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Баяғыда «подъемный» деген болушы еді. Қазір жас маманға жағдай туғызудың жайы, жұқалап айтқанда барлық жерде бірдей емес. Мысалы, бүкіл Қазақстан бойынша ауылда 2 мың маман жетіспейді. 2009 жылы 431 жас дәрігерге үй берілді. Бұл барған маманның жартысы ғана. Ал, өткен жылы 800-дей маман барса, соның жартысының жартысына ғана үй берді. Астана мен Алматының өзінде жас мамандарға ешқандай жәр­демақылық көмек жоқ. Әлеуметтік қолдау әр облыста әртүрлі. Айталық, бір реттік көмек Ақмола облысында 250 мың теңге болса, Алматы облы­сында 90 мың теңге екен. Алшақтық тым үлкен. Сондықтан, бұл арада мемлекеттік саясатты бұрмаламай дұрыс жүргізген жөн деп білеміз. Өйтпесек, халық­аралық деңгейге, еуропалық стандарт деңгейіне қайтіп көтеріл­мекпіз?

– Еуропалық деңгей демекші, Елбасы жедел жәрдем ауруха­на­сында болғанда біздің дәрігерлердің сапа­сына көңілі толмайтынын білдірді емес пе?

– Иә, біздің дәрігерлердің жалпы деңгейі Австрияның орта буын медицина мамандарының деңгейімен қарайлас деген Елбасы реніші орынды. Бір жағынан, отандық дәрігер қауымының намысын қамшылағаны да дұрыс. Бірақ қазір жастардың ішінен көптеген жақсы мамандар шығып жатыр. Мы­салға ме­дицинаның ең жоғарғы пило­тажы, оз­ғын технологиясы саналатын кардио­хирургияны алайық. Төрт жылда елімізде осы саланың мамандары қаржы бөлініп, көптеп даярланды. Кардиохирургия қазір облыстарда 80 пайыз қам­тылған. Бұл қызмет кенжелеп тұрған кезде жүрек ауруларымен науқаста­нушылар шетелге барып, 200-300 мың доллар шығын шығарып емделетін. Мұны кімнің жағдайы көтере берсін? Енді, құдайға шүкір, 80-90 пайыз ша­масында жүрекке операциялар өзімізде сәтті жасалуда. Қол­жетімді, сенімді, арзан. Осыған 4 жылда қол жеткіздік десек, халық­аралық сарапшылар сенбейді. Неге десеңіз, бұл кемінде 7-10 жылда жолға қойылатын шаруа. Жақсы нейро­хирург­тарымыз да шығып жатыр. Бір өкініштісі, осының ауқымын кеңейту ойластырылмаған. Белгілі бір жүйе жоқ. Мұны қазір қолға алсақ, емдеу ісін екі-үш жылда жақсы деңгейге көтеретіндей үміт бар. Медицинаның негізгі білімін алу үшін 6 жыл оқиды. Сол негізгі білім жақсы болса, оны кейін толықтыру, жетілдіру жеңілге түс­пек. Біздің кеңес кезінен қалыптас­қан базалық біліміміз жақсы деп санаймын. Кардиохирургияны 4 жылда көтеруіміз осыны айғақтайды.

Астананың өзінде холдингте істеп жүрген мамандардың біліктілігі соңғы екі-үш жылда бірталай жерге барып қалды. Еуропаңызбен қарайлас. Елбасы қалайда халықаралық деңгейге шығу керек деп отыр. Жедел жәрдем ауруха­насындағы кездесуде мен де болғам. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлына медицинада кісі қызығарлықтай жастар өсіп келе жатқанын айтқам. Бір студентімді ертіп әкеліп көрсеттім. Әлі дәрігер емес, 6-шы курста оқиды. Сөйтсе де өткен жазда жолын тауып, практикасын Еуропадағы ең күшті – Франкфурттағы медициналық орталықта өткіздірдік. Қа­зір сол Франкфурттағы озық аппаратуралар біздің емханаларымызда да тұр. Жаңағыдай жастарымыз мұнымен жұ­мыс істей алады. Біздің кафедра мең­герушіміз де айтты: Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, мен Германияда, Берлиндегі кар­дио­хирургиялық орталықта бір жыл жұмыс істедім. Осындай аппаратурамен жұмыс істей білетін мамандар, онымен емдеудің әдіс-технологиясын түгел игеріп, тиімді пайдалануға мүм­кіншіліктер бар, деді.

– Дегенмен де жалпы денсаулық сақтау жайына келер болсақ, ел ішіндегі әңгімелерді естіп отырсаңыз, емделушілер тарапынан көп сын айты­лып жатады. Ауруханаға барғандағы ем алу машақаты, бармақ басты, көз қысты, көңіл бөлмеушілік, салғырт­тық, жаны ашымастық. Гиппократ антындағы идеалды біздің дәрігерлер арасынан табудың қиындығына өзі­ңіз де келісерсіз.

– Иә, әсіресе, 90-шы жылдардың ішінде медицинаның жалпы деңгейі көп төмендеп кетті. Десе де, бір емхана бір емханаға, бір дәрігер екіншісіне ұқса­майтын шығар, барлығы бірдей қылдан таймаған болар, бірақ ха­лық­тың көңі­лінен көп нәрсе шықпай жат­қанын біз біліп отырмыз. Жаңа айттым ғой, облыс орталықтарына барып әріптестермен кез­дескенімізде де осы әңгіменің бар­лы­ғы көтерілді. Мемлекеттен қаржы бөлінбей отырған жоқ. Жаңа ауруханалар салынып жатыр, құрал-жабдықтар келіп жатыр. Сонда кемшілік неден? Мен айтар едім: кемшілік өзімізден. Бүгінгі таңдағы про­блемалардың бірсы­пырасы біздің медицина қызмет­кер­лерінің өзінен болып отырғанын мо­йын­дауымыз керек. Со­ның ең біріншісі, медицинаға кәсіби этика, ар-ұят, про­фес­сионалдық намыс, ізгілік категория­ларын қайтар­маса болмайтын шекке жетіп қал­ғандаймыз. Өтпелі қиын кезең, коммерция… Ақша-ақша деп көп нәр­сені, әсіресе, адамгершілік қасиет­терді ұмы­тып кеткеніміз рас. Халыққа қиын кезде халықтың қасынан табылу кәсіби парызымыз екенін әрдайым есте ұс­таған жөн. Жалпы, дәрігер қауымына қойылар талаптың ең қарапайымы да, ең қағидалысы да осы.

– Демек, Елбасы айтқандай, ден­саулық сақтау жүйесінде өзгерістер болуы керек қой.

– Әрине, халық риза болмай жатса, жұмысты жақсарту жолдарын іздеген жөн. Кемшіліктің түп-тамырына үңіл­ген абзал. Мен өзім осы бағыттамын. Мысалы, бүгінде біздің университетке түсушілер 1990-91 жылдары туған балалар. Ал енді сол балалар өсіп, есейген, мектепте оқыған жылдарды еске алайықшы. 1993 жылы елу пайыз инфляция. Халықтың күнкөрістен бас­қаны ойлауға шамасы келмей қалды. Ұстанымдар ұмыт болды. Жұрт жапа-тармағай базарға шығып, сауда тас­қыны жақсы қасиеттерді шайып әкетті. Бала бақшалар жабылды. Тоқсаныншы жыл­дардың ортасындағы мектеп, ондағы білім беру сапасы есіңізде ме? Сол кезеңде біз көп нәрсені жоғалттық, бірталай құндылықтардың бағасын түсіріп алдық деп ойлаймын. Қазір оқып жат­қандар сол кезде туған балалар. Ащы да болса ашығын айтсақ, олардың мектептен алған білімі де толық емес, тәлім-тәрбиесі де дұрыс емес. Замана жағ­дайының құрбаны болған оларды кінә­лай да алмаспыз. Қалай десек те, өтпелі кезең ұрпағы алмай қалған білім-тәр­бие, мәдениет-парасаттың орнын тол­тырудың, дұрыс дүниетанымын қалып­тастырудың қиын міндеті біздің иығы­мызға түсіп отыр. Және бұл дағдарған хал жалғыз біздің ғана университеттің басында емес қой.

– Иә, бұл қиындықтан шығу үшін не істеп жатырсыздар?

– Әуелі жаңадан келген бірінші курс студенттерін Алматының театрларына апарамыз. Билетті өзіміз сатып аламыз. Бұл шараның басы-қасында бастап өзім жүремін. Сонда балалардың көбі театр­ды өмірінде бірінші рет көреді.

– Болашақ дәрігерлердің жан дү­ние­сін қоса тәрбиелеуді қолға алған екенсіз ғой.

– Енді, онсыз болмайды ғой. Рухани олқылық орнын толтыру үшін Әуезов театрына, опера және балет театрына, филармонияға, органдық музыкаға, хор капелласына апарамыз. Бірінші курстан бастап өрге, өнер мен өмірге сүйрейміз осылай. Екінші курстан бастап қоғам­дық жұмыс ретінде айына екі сағат оқыған кітаптарын дұрыстап ретке келтіріп, кітапханада жұмыс жасатамыз. Үшінші-төртінші курстарда ізгілік-мейірімділікті ояту әрі өмірдің қатаң сы­нымен таныстыра беру мақсатында айына екі сағаттан әл үстінде жатқан адамдарды, онкологиялық науқастарды күтуге, жетім балаларға жібереміз. Бұ­ған міндетті түрде барады. Ауыр нау­қастың аузына су тамызып, киімдерін ауыстырып, алғысын алып, ауырған адам­ның қиналғанын көріп, қасіретін жанымен сезініп, дәрігерлік ізгілік көкі­регінде көктесін деп осылай жасаймыз.

Ал енді төртінші-бесінші курстарда болашақ дәрігерлеріміз басқа жоо-лардың студенттері, мектеп оқушылары алдына барып, бір-бір дәріс оқулары керек. Мысалы, өкпе ауруларының алдын алу, саламатты өмір салты деген сияқ­ты. Тақырыбын, лекция жобасын өзіміз береміз. Бұл да олардың әлеу­меттік жауапкершілігіне түрткі болады. Әзірге мұндай жұмыс әдістемесі бізден басқа ешкімде жоқ. Жаңағыдай, «ха­лықтың көңілінен шықпайтын дәрі­герлер қай­дан шығады?» деген сұраққа жанымыз ауырып, оны қалай шешудің жауабын тынымсыз іздей келе, өз жауапкершілігіміз тұрғысынан қолдан келгенше осындай жұмыстарды бір-біріне сабақ­тастыра жасап жатырмыз. Жатақ­хана­дағы тәрбиелік шаралар мен тәр­тіп, белгілі қайраткерлермен кездесулер, елімізде өтіп жататын, айталық, Азиада сынды аламан оқиғаларға қа­тысу арқылы студенттеріміздің елжан­дылы­ғын, қазақстандық патриотизмді тәр­бие­леуге де мән береміз.

– Дегенмен де, дәрігер үшін ең бастысы кәсіби біліктілік емес пе?

– Әрине. Кәсіби оқытуда да біздің өз моделіміз бар, қазір басқа техно­логияға көшіп отырмыз. Алтыншы курсқа жеткенге шейін студенттің 5 түрлі біліктілігі болуы шарт деп санаймыз. Біріншіден, стандартқа сай теориялық білімі болсын дейміз. Екіншіден, ота жасау­дың алғашқы тәжіри­бесін меңгеріп, кемінде 2-3 операция істей білуі тиіс. Бұған біз бірінші курстан бастап бейімдеп баулимыз. Үшінші шарт – адамдармен, науқастар­мен тіл табысып сөйлесе білуі, қарым-қатынас мәдениеті, айта­лық, науқастың диагнозын барынша сыпайы жеткізуі, көңіліне қарауы, яғни дәрігерлік дипло­матияны игеруі, жай­дары, ашықтығы. Төртіншіден, ол нау­қас­тың құқығын, өзінің заңды құқық­тары мен міндеттерін бес саусақтай білуі керек. Бесіншіден, өз білім-білігін ұдайы жетілдіріп отырмаса, жақсы дәрігер боламын деу де, елдің денсау­лық сақтау саласын көтеру орайындағы талпыныс та бос әурешілік болар еді. Неге десеңіз, әлемдік медицинада жыл сайын 20 пайыз ақпарат жаңадан келіп қосылуда. Дүниені Қазақстан дербес ел болғасын таныдық қой. Мәліметтер толассыз жаңарады. Жаңа дәрі-дәрмек, жаңа құрал-жабдық, аспаптар шығып жатыр, жаңа технологиялар кіріп жа­тыр. Дү­ние жүзінде жылма-жыл жиыр­ма пайыз өзгеріс. Нано-технология, гендік инженерия дейміз. Міне, осының бәрінен құр қалмас үшін студентті бірінші курстан бастап осындай озыңқы да ілгерішіл талаппен оқытқан абзал. Мәлімет-материалды қайдан аласың, қандай каналдармен жұмыс істейсің – ол басқа әңгіме. Олай болса, жаңағы бес құзірет басқа оқу ордаларында орныға қой­маған, біздің өз ерекшелігімізге жатады.

Тағы бір атап айтар ерекшелігіміз сол, нашар оқитын, алға тартқанға көн­бей, икемге келмей үнемі «екілік» баға алатын студенттерді оқудан шығарып жібереміз. Мен ректор боп келген 3 жылдай уақытта үлгерімі төмен мың­нан астам студент оқудан шығарылды. Амал жоқ, қатаң да болса, қажет шара. Екіге оқыған бала кетеді. Бұл мәселе, тіпті, неге бұлай деп талқыланбайды да. Ісікті пышақпен кескендей сылып тастаймыз. Одан соң «үшке» оқитын­дармен де жолымыз басқа.

– Мұны қалай жүзеге асыра­сыздар, тәртібі қандай?

– Курстан курсқа өтудің белгіленген межесі бар. Кәдімгі балдық жүйе. Бірінші курсты кілең 3-ке бітірсе, екінші курсқа өтпей немесе көшпей қалады. Көшу үшін балы ең болмағанда 3,2 болуы керек. Екінші курста 3,4, ары қарай 3,6, одан 3,8 болып жоғарылай береді. Жоғарғы курстарға келгенде төрттен төмен оқысаңыз, келесі курсқа көшпейсіз, сол курсыңызда қалып қоя­сыз. Ал енді алтыншы-жетінші курсқа өтер кезде, орташа балл 4,3-тен төмен болса, біз ондай студентпен тағы да қош айтысамыз. Талап осылай қатаң болмаса болмайтынына көзіміз жетті. Біздің студенттеріміз қазір осы талапқа сәйкес тәулігіне 24 сағат сабаққа дайындалып оқиды десем, өтірік айтпаймын.

– Мұндай шешімтал қадамға қа­лай бардыңыз?

– Себебі, өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Әуелі ар-ұятымызға жү­гіндік. Шынын айтқанда, біз осындай әкімшілік ресурсты амалсыздықтан іске қосуға мәжбүрміз. Негізінде, батыс елдеріндегі сияқты, студенттер жақсы оқуға, мамандықтың қыр-сырын ба­рын­­ша жете игеруге өздері саналы түрде талпынуы керек. Болашақта солай боларына да кәміл сенемін. Бірақ әзірге «екі» мен «үшке» оқыған балалардың қолына адам емдейтін дәрігер деген диплом беруге ар-ұятым жібермеді.

– Шетелдің медициналық оқу орын­дарындағы нақ осындай жағ­дайлар қалай екен? Соларды бай­қастадыңыз ба?

– Әрине. Мен Жапонияда жұмыс істедім. Американың оқу жүйесін біршама білемін. Оларда медицинаға біздегідей кездейсоқ келетін адам жоқ. Жастары қай мамандық иесі бола­тынын оқушы кезінен біледі. Жалпы білім беретін мектеп талабының өзі өте жоғары. Солай болғандықтан, университеттерге ешкім кездейсоқ түспейді. Оларда неше түрлі жүзбе-жүз әңгі­мелесулер, сынақ-емтихандар болады. Университеттердің өздері «жүзден жүй­рік, мыңнан тұл­парды» өз қа­лауы­мен іріктеп, таңдап алады.

Ал бізде қалай? Сіз ана Атырау немесе Қызылордада мектеп бітіресіз де, ҰБТ-дан әйтіп-бүйтіп жеткілікті балл жинап алып, облыстық университет жанындағы қабылдау комиссиясына келесіз. Сөйтесіз де, «мен медицинаға барамын» деп бала бір жеріне белгісін қоя салады. Сол қағаз Астанаға келгенде оның бір ғана көрсеткішіне – цифрға ғана қарайды. Баланың бейім-қабі­летінің басқа бағамдары беймәлім күйінде қалады. Қыркүйекте менің басыма мың бала жауған қардай топ ете түседі. Оның қаншасы дәрігер­ліктен үміт күттіретінін, қаншасы кездейсоқ, «апам тойға барады, мен де бара­мын­ның» керімен жүргенін ешкім білмейді.

Осы мәселені министрліктің алдына талай рет қойдым. Тым болмаса, бізге түскісі келетіндермен әуелі әңгімелесіп алайық дедім. Қазір университетімізге түскендердің кемінде 5-10 пайызы кездейсоқ келгендер. Әйтеуір түскен соң әйтіп-бүйтіп оқиды. Бірінші курсқа 100 бала түссе, алтыншы курсты соның 80-і бітіретін болар. Ал шетелде 100-ден – 100. Оларда 10-11 жыл оқиды, қандай маман болып шығатынын бірінші курстан бастап біледі. Біздің студент лекцияны тыңдап, кітаптан тақырыпты қайталап оқып, соның төңірегінде айтып берсе, оқытушы да риза, бұл да риза. 4-5-ін қойып береді. Ал Аме­риканың студенті әрбір жаңа сабақтан «мен не аламын» деп келеді, соған орай алдын-ала дайындалып, сол тақырып бойынша ізденіп, 150 парақ ақпарат оқып келеді. Байқасаңыз, білім алуға деген көзқарас басқа, оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас басқа.

– Бізде баға алса болды, білімді керек қылмайтын психология бар сияқты ма, қалай? Әйткенмен, сіздердің оқу-тәрбие ісін жаңартып, жақсартып, ізденіс жасап жатқан­дарыңыз жайлы естіп те жүрміз…

– Студенттердің санасын, оқуға деген ықылас-бейілін көтеруге, қоғам­дық істерге белсенділігін арттыруға күш салып жатырмыз. Студенттік үкі­метіміз бар. Ол студенттердің құ­қығын қорғайды. Студенттік кеңес, студенттік жасақ. Өздері іштерінен сайлап алады. Мысалы, біз «Топ-100» деген бір жобаны жүргізудеміз. «Топ» жо­ғары, биік деген мағынаны білдіретін ағылшын сөзі. Яғни, жүйрік жүздік. Үш тілді бірдей білетін, кілең «5»-ке оқитын, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысатын, ең биік дең­гейдегі 100 студент жинап жатырмыз. Оңай шаруа емес. Қазір 80-дей жиналып қалды. Солардың ішінен 5 студентіміз, мы­салы Азиада кезінде халықаралық дәрежедегі допинг жөніндегі офицер қызметін атқарды, 22 студентіміз сол жарыстарда ме­дициналық жағынан көмектесіп, спорт­шылардың қасында жүрді.

Бір атап айтарым, жатақхана жағ­дайын да тәртіпке келтірдік, мінсіз дейтіндей, кім-кімге де ұялмай көрсе­тетіндей тәртіп орнаттық. Осыны студенттік кеңес өзі қолға алып отыр. Дем алуға, сабақ қарауға, жайлы тұруға бар жағдай жасалған. Бейсауат ешкім кіріп, мазаны алмайды. Бұған екі-үш жылда қол жеткіздік. Енді бір жатақхананы эксперимент ретінде түгелдей студенттердің қолдарына бермекшіміз. Өздерін өздері басқара­ды, коменданты да өздері болады. Студенттік деканатымызды да құрып қойғанбыз. Осының бәрі студенттерімізді белсенділікке, сапалы білім алуға ынталандырып жатқаны сөзсіз.

– Жақсы білім беруге оқыту­шылар да ынталы болар?

– Әрине, бұл ретте оқытушы­лар­мен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Айталық, жалақыны әркімнің еңбегіне қарай жеке-жеке саралап төлейміз. Сабақты жақсы беретін ізденгіш оқыту­шылардың жалақысын екі есеге дейін көтеріп отырмыз. 2 мың дол­ларға дейін айлық алып отырған ұстаздар бар.

– Ондай білікті оқытушыларды қалай анықтайсыздар?

– Жұмысты кім қалай істейтінін байқаймыз ғой. Оның да неше түрлі көрсеткіш, бағамы болады. Сабақты қалай береді, студенттердің пікірі қалай, ғылыми жағынан қандай жетістіктері бар, қоғамдық істерге қатысуы, т.б. соның бәрін арнайы комиссия жіпке тізіп, қадағалап қарап отырады.

– Оқыту әдістерінде қандай жа­ңалықтар бар?

– 2 факультетте ҚазҰУ-дың және басқа университеттердің үлгісімен несиелік технологияны енгізіп отырмыз. Студенттер жыл аяғында өзіне қажет білім бойынша оқытушыны өзі таңдайды. Бір ерекшелігі, басқаларда бұл іс әкімшілік жолмен атқарылса, біз таңдауды студенттердің өздеріне беріп қойдық. Қай оқытушы дұрыс білім беретінін өздері анықтайды. Сөйтіп, өте қызық үдерістер болып жатыр.

– Мұның оқытушыға ыңғай­сыздық тудыратын жақтары да бар шығар? Қайсы біреуі үшін әділет­сіздік орын алып жүрмей ме?

– Оқытушылардың көбі айтып та жүр, студенттер көп сұрамайтын, талапты қатаң қоймайтын, алды кең, иі жұмсақ мұғалімдерді таңдайды дегендей сөздер де шығуда. Бірақ тап қазірде эксперимент жүріп жатыр. Мамыр, маусым айларында нәтижесін көреміз.

– Келешегін ойлайтын ақылды студент қатаң да болса өзіне дұрыс білім беретін оқытушыны таңдауы керек қой…

– Әрине. Оның үстіне жыл ая­ғында сол студенттен біз жақсылап сұрап, алған білімін тексереміз ғой. «Қанеки, сен не үйрендің? Мынадай-мынадай стандарттарды білуің керек. Неге білмейсің? Онда сен өтпейсің келесі курсқа» дейміз ғой. Демек, студент мұғалім таңдағанда осыны ескеріп, өзіне тиімді, пайдалы жағына ойысады деп білеміз. Несиелік тәсіл, түптің түбінде нәтиже беретіні анық. Шетелде бірталайдан бері осы тә­сілмен жұмыс істейді. Білім бе­рудің бұл ұтымды технологиясы, міне, бізге де келді. Эксперимент сәтті аяқталарына көңілім сенімді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Егемен Қазақстан

Алматы.