ҚазҰМУ ректоры Ақанов Айқан Ақанұлының университет ұжымы мен студенттеріне үндеуі




16.05.2014

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫТУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР!

 

Сыбайлас жемқорлық – әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселелер қатарына жатады. Әлемдік статистика жемқорлық сипатындағы келеңсіз оқиғалардың барлығында пара алушы мен пара берушінің бірдей кінәлі екенін көрсетеді. Біріншісі жемқорлыққа итермелесе, екіншісі оны іске асыруға ынта танытады. Ұлтымыздың Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев: «Жемқорлық – жай ғана құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады» деген еді.

Өкінішке орай, жемқорлықтың мектепке дейінгі мекемелерден бастап білім беру саласына тұтастай кесірі тиюде. Аталмыш саладағы сыбайлас жемқорлықты, әсіресе, сессия, сынақ апталары, емтихан тапсыру кезінде өрши түсетіні құпия емес. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы 29 сәуір күні ЖОО ректорларының қатысуымен «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты» атты семинар-кеңесін өткізген болатын.

Аталмыш семинардағы ұсыныс бойынша жемқорлықпен қарсы күреске бағытталған іс-шаралар барлық университеттерде жалғасуы тиіс. Біздің университет те осы ұсыныстарды қолдай отырып, емтихан мезгілінде «Таза сессия» ақциясын өткізуге және ҚазҰМУ-да жемқорлыққа қарсы қызметті ұйымдастыру мен үйлестіру жөніндегі Штаб жұмысын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады

Университетімізде жемқорлыққа қарсы саясаттың тұрақты түрде жүзеге асырылуына қарамастан, тәртіптік және этикалық кеңес қызмет атқарады, «Университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты» бағдарламасына жемқорлықтың алдын алу мәселелері енгізілген, ҚазҰМУ оқытушысы мен студентінің Ар Кодексі құрастырылды, ректордың блогында кез-келген адам өз пікірін жазып қалдыра алады, жемқорлыққа қарсы тұру жөнінде бірқатар тиімді шаралар қарастырылған. Ең әуелі, тәрбие жұмысының стратегиясы қайта қаралып, тьюторлық енгізілді, студенттердің өзін өзі басқару ұйымдарының белсенділігі артып, «АНТИКОРР» бағдарламасы құрылды. Бұл бағдарламаның аясында үгіт-насихат жұмыстары мен студенттік шаралар ұйымдастырылады. Бағдарламаның құрамындағы барлық іс-шаралардың жүзеге асырылуы қадағаланып, осы мәселеге қатысты студенттер мен оқытушылардың пікірлерін зерттеу мен саралауға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын сессия аяқтала салысымен жемқорлық сипатындағы оқиғаларды әшкерелеу мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізіледі. Мұнда ақшалай сипаттағы парадан бөлек, студенттердің университет оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлеріне түрлі қызмет көрсету оқиғалары да қарастырылады. Әрбір жағдай талданып, оның себептері анықталады.

2013-2014 оқу жылының қысқы сессиясы аяқталысымен, «Антикорр» студенттік ұйымы Әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі басқарманың қолдауымен ҚазҰМУ-дағы Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға барлық факультеттер мен курстар арасынан 1300-дей сұхбаткер қатысты. Оның қорытындысы бойынша сұралған  студенттердің 1%-ға жуығы түрлі жағдайларда жемқорлыққа қатысы бар оқиғаларға куә болған. Осылайша біздің университетіміз үшін жемқорлық үйреншікті жағдай емес екендігі белгілі болды, алайда, сирек те болса жемқорлық сипатындағы оқиғалар орын алған.

Егерде студенттер тарапынан бір оқытушыға сыбайлас жемқорлыққа байланысы бар сипатындағы шағым келіп түссе, бұл жайт міндетті түрде ҚазҰМУ этикалық және тәртіп бұзушылықтың алдын алу Кеңесінде қаралатын болады. Осы қызметкер жұмыс істейтін кафедра жан-жақты тексеріледі. Сыбайлас жемқорлықпен байланысы бар, оған қатысы фактілермен дәлелденген қызметкерге қатаң жаза қолданылады – жұмыстан шығарылады, ісі құқық қорғау органдарына беріліп, жарияланатын болады. Кафедраның бірқатар қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлықпен байланысы бар болған жағайда кафедра меңгерушісі алмастырылады немесе бұл кафедра таратылатын болады.

ҚазҰМУ-дың тікелей оқу үрдісімен айналысатын барлық құрылымдық бөлімшелері басшылары мен қызметкерлерінен өтінерім, «Таза сессия» акциясынан шет қалмаңыздар және университетімізде жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, әшкерелеу мен түбегейлі жоюға қажетті барлық шараларды жүзеге асыруларыңызды сұраймын.

 

Ізгі тілекпен, Айқан Ақанов

11 мамыр 2014 ж.