«Болашақ дәрігерлер қылмысқа қарсы»




13.06.2011

Жалпы медицина факультетінің 2 курс студенттерінің бастамасымен мамыр айында «Болашақ дәрігерлер қылмысқа қарсы» атты қозғалыс ашылды. Осыған байланысты, 2011 жылдың 28 мамырында «Біз – қылмысқа қарсымыз» тақырыбында студенттік конференция өткізілді. Конференция жұмысына жалпы медицина факультетінің 1 курс және 2 курс студенттері қатысты. Бұл іс-шараның мақсаты – студенттер арасында белең алып келе жатқан қылмысқа шек қою, студенттерді теріс жолға түспей түзу жолға бағыттау. Университетіміз киелі медицина ордасы болғандықтан болашақ дәрігердің міндеті – халыққа көмектесу, халық үшін еңбек ету.

Конференцияны деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Е.Ильясов ашты, ол университеттің ішкі тәртіп ережесімен таныстырып, 2010-2011 оқу жылында болған тәртіп бұзушылықтар бойынша талдау жасады. 2 курс 09-022-02 топ студенті  А.Искаков «Біз тарихта өмір сүреміз, бүгінгі қадам – ертеңгі өшпейтін із», 2 курс 09-050-02 топ студенті А.Аскарбекова «Мы учимся лечить, а не калечить», 2 курс 09-046-01 топ студенті Д.Айдаров «Студенттер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу», 2 курс 09-001-01 топ студенті М.Оразбаева «Менің мақтанышым – университетім» тақырыбында баяндамалар оқыды.

Сонымен қатар, 2 курс 09-041-01 топ студенттерімен «Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді» көрінісі қойылды. Конференцияға ішкі істер департаментінің қызметкерлері полковник Б.Каримов, подполковник  А.Б.Идрисов  қатысып, жастар арасындағы  құқық бұзышылықтың үдеп бара жатқандығы туралы айтты. Қорытынды сөз ректордың кеңесшісі М.Б.Қуанышевқа берілді. Конференция соңында қонақтар мен қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. Конференция студенттерге жақсы әсер қалдырды.