ЕЛ АТАҒЫН ЕР ШЫҒАРАР




19.05.2011

Простите те, кому мы не успели

Сказать слова о трепетной любви,

За то, что на горячей снег осели,

Захлебываясь в собственной крови.

Мамыр айының 12-жұлдызында «Тағзым» клубының және ҚазҰМУ Бауыржан Момышұлы атындағы патриоттық тәрбие беру орталығының, сонымен қатар ҚазҰАУ-мен бірлескен ұйымдастыруымен Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.

Ауған соғысы мақсат-міндеті, тактикасы мен бағыт-бағдары жағынан ерекше соғыс болды. Тікелей жаумен көзбе-көз шайқасқа шықпай, өзге елде, өзге жерде, дұшпаныңның кім екенін білмей, қырағылық пен барлау арқылы қорғану, өз еліңнің, отаныңның саяси тапсырмасын орындау, адам төзгісіз  қиын жағдайда өмір сүру – осының бәрі сол соғысты көзбен көріп, отан алдындағы борышын өтеп келгендер үшін сол жылдардан қалған естеліктер.

10 жылға созылған бұл соғысқа Қазақстаннан 22 000 ер-азамат аттанған. Олардың бір мыңы отан алдындағы борышын өтеп жүріп қаза тапса, бір мыңы мүгедек болып оралды. 20 шақтысы із-түссіз жоғалып кеткендер қатарында. Сұрапыл соғыстың зардабын көрген ер-азаматтар кездесуде өз ойларымен бөлісіп, көзбен көрген оқиғалары мен сол жылдардағы жағдай туралы сөз қозғап, ондағы медицина қызметкерлерінің рөліне ерекше тоқталды.

Студенттерге ақжолтай тілегін айтып, медицинаның қай жерде, қай кезеңде болмасын аса қажеттігін жастарға пайымдап, түсіндіріп берген қонақтарымыз көрермендерге үлкен ой салып, үлгі боларлық, тағлымды дүниелер төңірегінде әсерлі әңгіме айтты. Өз ойымен бөлісіп, өміріне үлкен сабақ болған сұрапыл соғыс туралы сөз еткендер қатарында бірнеше қонақтар да болды. Олар: Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, полковник Баймулдинов Серікбай Кеңесбайұлы, ауған ардагерлері  қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, полковник Бекжанов Габдулла Ешенұлы, м.ғ.к., травматология және ортопедия кафедрасының ассистенті, полковник, әскери барлау капитаны, «Алтай» арнайы маманданған бригада хирургі Бердавлетов Бақытжан Абрашитұлы, әскери кафедраның аға оқытушысы, полковник Шушбаев Менмұхаммед Қабылұлы, әскери кафедраның оқытушысы, медицина қызметіндегі полковник Калистратов Владимир Сергеевич, әскери кафедраның бастығы, медицина қызметіндегі подполковник Жарымбетов Құрақбай Байсейітұлы, әскери кафедраның аға оқытушысы, полковник Лобков Юрий Евгеньевич, Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары, қатардағы Дәркебаев Байдәулет, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қатардағы Үсербаев Бекболат Сакенұлы.

Кездесуде әңгіме болған тақырып студенттерді бей-жай қалдырмады. Өлең оқып, келген қонақтарға құрмет көрсеткен студенттердің ыстық ықыластары айқын аңғарылды.

Кездесу соңында Ауған соғысына байланысты фильм көрсетіліп, университеттің патриоттық тәрбие беру  ісіне ерен үлес қосқан азаматтарға Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалі мен міндет, абырой, ерлік мақтау қағаздары табыс етілді. Олар: ректор А.А.Ақанов, клиникалық және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі проректоры О.М.Мырзабеков, ректордың кеңесшісі Ж.Г.Мұстафина, аға әдіскер Е.И.Лазариди және әскери кафедраның барлық қызметкерлері.

Ерлік пен елдікті паш етіп, жастардың рухын көтеріп, білімге, ізгілікке, адамгершілікке баулу мақсатында ұйымдастырылған кездесу жастарды жігерлендіріп, алдағы асуларға тағы бір серпін берді.

 

ҚазҰМУ-дың баспасөз қызметі