КӨРКІНЕ АҚЫЛЫ САЙ…




12.05.2011

Шаттық нұры шашылып зеңбіректен
Шуағын күн төгеді енді көктен.
Шылбыр үзді даланың арғымағы,
Тәуелсіздік жалауын желбіреткен.

 

Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын ән мен жырға қосып, биылғы жылдың басты оқиғасы ретінде ұлықтаған ҚазҰМУ тағы бір мерейлі мерекесін осы бір қазақтың тарихында ерен орны бар атаулы мерекеге арнады.
Конгресс-холдың төрінде тағы да күй төгіліп, ән шашылды. Бұл жолы қазақы рухты жаңғыртып, ана тіліміздің мерейін асырған – Мемлекеттік тілді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Ана тілі аруы – 2011» байқауы. Көктем айларында дәстүрлі түрде өткізілетін байқау студенттер арасында үлкен мерекелі думанға айналатыны рас. Себебі, факультеттің бетке ұстар «көркіне ақылы сай» аруларын  таңдау үшін арнайы ұсынылған шарттар театрландырылған көріністен бастап, арулардың актерлік қабілетін, шешендік өнерін, пайым-парасатына аса мән берілетіндей жасалды.КӨРКІНЕ АҚЫЛЫ САЙ...

Кешті клиникалық және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі проректор Ораз Мырзабеков: «Ана тілі аруы» байқауының жыл сайынғы дәстүрге айналғаны біздің университет студенттері үшін тәлімі мен тағлымы мол деп есептеймін. Атына заты сай көркем арулардың білімі мен білгірлігін, өнерін тамашалау арқылы жастар арасында тіл мен ұлттық салт-дәстүрді одан әрі жетілдіре түсеміз деп ойлаймын», – деп байқауға қатысатын жастарға ақ жол тіледі.

Жыл сайын байқаудың басы-қасында жүретін ғылыми және әлеуметтік-тәрбие істері жөніндегі проректор Айгүл Қаракушикова өз сөзінде биылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай атқарылып жатқан іс-шаралардың бірі екенін және зеректік пен шешендіктің, өнер мен өренің сайысы болып табылатын «Ана тілі аруы» байқауының мәні мен маңызы туралы айтып өтті.

Кештің ашылу салтанатында ерекше есте қалар сәттің бірі айтыскер ақын Асхат Қылышбайдың ҚазҰМУ-ға арнаған жыр-шашуы болды. Суырып салма ақынның университетіміздің білімі мен тәжірибесін жоғары бағалап, Т.Шарманов, А.Рақышев, К.Ормантаев сынды академиктерімізді «Үш бәйтерекке» теңеп, соңғы жылдардағы жеткен жетістіктерді  паш еткені көпшіліктің көңілінен шықты. ҚазҰМУ аруларының сыры мен сымбатын көркем суреттеп, ақын ҚазҰМУ-дың медициналық білім беруде дара орынға ие екенін жыр-арнауына арқау етті. Сонымен қатар, ҚазҰМУ-дың «Жігіт сұлтаны» Тұрсынметов Санжар аруларымызға ақжолтай тілегін айтып, сый ретінде жыр арнады.

Былтырғы жылдың қараша айында Республика көлемінде Көкшетау қаласында өткен «Ана тілі аруы» және «Ана тілі сұлтаны» байқауларына біздің университеттің намысын қорғауға Нарымбетова Назерке мен Тұрсынметов Санжар барып, өз өнерлерін ел жұртшылығына паш еткені белгілі. Осы кештің құрметті қонағы ретінде сөз алған «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің өкілі Гүлзира Байбақова сол өткізілген республикалық байқауға медициналық жоғарғы оқу орындарының ішінен жалғыз ҚазҰМУ-дың қатысқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мен ұлттық өнерге жанашырлық танытып, жастардың тәрбиесіне үлкен мән беретіндіктері үшін алғыс білдірді.

Біз өз кезегімізде байқаудың өз деңгейінде өтуіне қол ұшын беріп, демеушілік танытқан Мемлекеттік тілді дамыту институтына, ҚазҰМУ-дың Кәсіподақ ұйымына, «Демеу» қоғамдық және «Заңғар» шығармашылық бірлестіктеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

«Қазақ радиосы», «Қазақ қызы» журналы, «Алматы» телеарнасы да ақпараттық қолдау көрсетіп, өз тараптарынан әділ-қазылық сияқты салиқалы іске де үлес қосты.

Әдемі ән мен әсем күйдің күмбірлі кешіне эстрада жұлдыздары мен университеттің өнерлі жас өрендері де қатысты. Факультеттер де ерекше белсенділік танытып, жанкүйерлер сайыс сынын қыздыра түсті. Биылғы жылғы байқауда педиатрия факультеті аса ерекше белсенділік танытты. Дегенмен бас жүлдені жалпы медицина (Апсемерова Ардақ) қанжығасына байлағанмен, педиатрия факультетінің екі бірдей аруы І (Айтбаева Эльмира) және ІІ (Есболсынова Жадыра) орынды бөлісті. Ал ІІІ орынды (Оразбекова Тоғжан) емдеу факультеті жеңіп алды.  Байқауға ынталанып, барын салып әзірленген аруларымыз бен оларға қолдау көрсеткен факультет деканаттарына ризашылығымызды білдіреміз.

Мемлекеттік тіл саясатын оңтайлы жүргізуге, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттауға арналған осындай игі шаралар жастар тәрбиесіне қосар қомақты іс болып табылатыны сөзсіз.