2012 жылғы 17 мамырда ҚазҰМУ ректоры Айқан Ақанов ТМД елдері жас ғалымдарының «Жастар ғылымда» атты V Халықаралық форумына қатысты




23.05.2012

Форумды ТМД-ға мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Жас ғалымдар кеңесі ұйымдастырды. Іс-шараға Ресей, Украина, Белорусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен 200 астам талантты жас ғалымдар, сондай-ақ ғылыммен айналысатын жастардың делегат-өкілдері және ҚР Тұңғыш Президенті Қоры байқауларының жеңімпаздары мен лауреаттары қатысты.

Форум барысында ғалымдар заманауи ғылыми зерттеу бағыттарын талқылап, оның даму мүмкіндіктері жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ, ТМД елдері жас ғалымдарының бірлесіп жұмыс істеуіне және өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалатындығы ерекше сөз болды.

Форум пленарлық және сессиялық отырыстар түрінде ұйымдастырылды. Пленарлық сессияның ашылуында ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұловтың, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының директоры – Ұлт көшбасшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрайымы Д.Н.Назарбаеваның құттықтау сөздері оқылды, жиынға келгендер алдында ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры – Ұлт көшбасшысы С.Т.Руруханов, Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Айқан Ақанов, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының Гуманитарлық саясат департаментінің директоры Полушкина Е.А., Әлемдік экономика және саясат институтының директоры, Халықаралық Форумның ұйымдастырушы комитетінің төрағасы Мұхамеджанов Б.Г., ТМД Халықаралық инновациялық нанотехнологиялар орталығы директорының орынбасары, РФ Президенті жанындағы Жас ғалымдар істері жөніндегі үйлестіруші кеңес бюросының мүшесі Тамонов А.В., Семей қ. Мемлекеттік медицина университетінің ректоры Рахыпбеков Т.К., Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, ҚазҰУ Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі Әбдірайымова Г.С., сондай-ақ ТМД елдерінің қатысушы жас ғалымдары сөз сөйледі.

ҚазҰМУ ректоры Айқан Ақанов конференцияға қатысушылар мен  делегеттар алдында былай деді: «Біз Тұңғыш Президент Қорымен бірлесе жұмыс атқаруға үлкен мән береміз. Форумның өтуі білімнің, ғылымның және өндірістің ықпалдасуына септігін тигізеді. Осы шара аясында ТМД елдерінің жас ғалымдарының ортақ жобалар бойынша жұмыс жасауы стратегиялық бағытқа айналуы тиіс. Бүгінде елімізде таңқаларлық, ғаламдық өзгерістер орын алуда. Ғылымға зор мән берілуде. Тек қана ҚазҰМУ-дің өзінде 3 жылдың ішінде ғылымға бөлінген қаржы 40 есе өсті. Біз жастарға үлкен үміт артамыз. Бүгінгі Форумның ТМД елдерінің жас ғалымдары арасындағы байланыстың әрі қарай нығаюы үшін тиімді ортаға айналарына сенімдімін. ТМД кеңістігі біздің қолдануымыз үшін қажетті бірегей ғылыми әлеуетке ие».  

Форумның алғашқы күнінде «Болашақтың ғалымдары» атты гуманитарлық, жаратылыстану және техника ғылымдары саласындағы үздік студенттік жұмыстар республикалық байқауының жеңімпаздары; ТМД елдері жас ғалым – делегеттарының баяндамалары марапатталды, «Ынтымақтастықтағы ғылым және инновациялар» атты көрменің ашылуы; медициналық-биологиялық және жаратылыстану-техникалық бағыттар жөніндегі постерлік сессиялар жұмысы; «Жас әлеуметтанушы ғалымдар және әлеуметтік қызметкерлер», «Ғылым және жастардың инновациялары: таңдау және жаңару стратегиясы» параллель сессиялардың жұмысы өтті, қатысушы қонақтар алдыңғы қатарлы ЖОО (ҚазҰМУ, ҚазҰУ, ҚазҰТУ) және Алматы қ. ҒЗИ аралады.

ҚазҰМУ баспасөз қызметі