Бүгін – Ғылым қызметкерлерінің күні




12.04.2012

ҚР Білім және ғылым министрлігі отандық ғалымдарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Қымбатты  ғалымдар! Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі Сіздерді төл мерекелеріңіз – Ғылым қызметкерлерінің күнімен құттықтайды! Қазақстан ғалымдарының кәсіби мерекесі ұлттық жаңа ғылым жүйесінің  құрылуына  негіз салған – «Ғылым  туралы» жаңа Заңды жүзеге асырудың алғашқы жылының  аяқталуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ғылым саласына қаржыландыру мен басқарудың жаңа моделі енгізілді. 2012 жылы салаға бөлінген  қаржы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға ұлғайса, 2015 жылы ғылымға жұмсалатын қаржыны еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына, ал 2020 жылы 1,5 пайызына жеткізу көзделіп отыр.

Елбасы ғалымдар алдына ғылым жетістіктерін экономикалық және әлеуметтік тауарға айналдыру, инновацияны дамыту, іргелі зерттеулерді әлемдік деңгейге көтеру сияқты ауқымды тапсырмалар қойды. Бұл бағытта бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазақстан ғалымдары халықаралық деңгейде өздерін сенімді көрсетіп келеді. Ғалымдарымыздың дүниежүзілік мойындалған ғылыми басылымдардағы жарияланымдары өсу үстінде.

Біз шын мәнінде, Қазақстанда тәжірибесі жас буынға үлгі боларлық, жоғары әлеуетті, белгілі ғылыми мектептердің сақталып қалғанын мақтан тұтамыз. Бүгінгі таңда зерттеу жұмыстарының қыр-сырын меңгеріп, жастар ғылымға ағылып келе бастауда.

Құрметті  ғылым қызметкерлері! Қазақстан ғылымының болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, қарымды азаматтық көзқарастарыңыз ғылымда ойлағандарыңызды жүзеге асыруға, жетістіктерге жетуге, біздің мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға көмектесері сөзсіз. Сіздерге бақыт, денсаулық, сәттілік, шығармашылық ойларыңызды іске асыруда табыстар тілейміз!