«Мемлекеттік тіл – менің тілім»




29.09.2011

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай жалпы медицина факультетінің өзге ұлт студенттері 2011 жылдың 21 қыркүйегінде  ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты фестиваль өткізді.

Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.

Туған тілімізді дәріптеу мақсатында «Мемлекеттік тіл-менің тілім» атты фестивальде жалпы медицина факультетінің белсенді орыс, ауған, өзбек, шешен, қырғыз, кәріс, белорус студенттері тіл туралы  ақын жазушыларымыздың өлеңдерін, әндерін жатқа айтты. Сонымен қатар, студенттер  қазақ халқының, қазақ тілінің  бостандығын аңсаған сол үшін өз өмірін құрбан еткен арыстарымызды сахналық қойылым ретінде көрсетті. Студенттер Абай атамыздың   тәрбиеге байланысты қара сөздерін нақышына келтіріп оқудан жарысты. Жалпы медицина факультетінде оқитын ауған, орыс, ұйғыр, ұлтының  студенттері   ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан буын биі Қара жорғаны нақышына келтіре биледі. Сонымен қатар, қазақтың қамажайы және өзбек, ұйғыр билері сахнада көрсетілді. Орыс ұлтының 3 курс студенті Н.Пицунова қазақ тілінде қара өлең оқып, ауған ұлтының 1 курс студенті Сахибзада Ф. «Ханшайым» әнін орындады.

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оны осы елдің әрбір азаматы көзінің қарашығындай қорғап, мәртебесінің биіктеуіне барынша үлес қосуға міндетті. Мемлекеттік тілге арналған мереке факультетте оқитын өзге ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, оларды қазақ тілінде ән шырқатып, ұлттық би билетті. Осылайша, мемлекеттік тіл мәртебесі тағы да бір көтеріліп қалды.

Жалпы медицина факультеті ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл-менің тілім» атты фестивальге шақырылған қонақтар мен университет басшылары фестивальдің жоғары деңгейде өткенін айтып кетті.

Фестивальге көрермен ретінде қатысқан жалпы медицина факультетінің студенттері өнер көрсетушілерді қошеметтеп қол соқса, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың тіл дамыту бөлімінің басшысы Ж.Әбдіжәділқызы өнерпаздарға марапаттау қағазы мен сыйлықтарды табыстады.