«Қош, махаббат!» қойылымы көрсетілді




31.01.2014

Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн деген еді. Осыған орай, ҚазҰМУ студентінің тұлғалық даму Моделін жүзеге асыру жоспары аясында 30-қаңтар күні университетіміздің «Concordia» театры сахнасында «Қош, махаббат!» атты «Жас сахна» театры спектакль көрсетті. Спектакль қазақ халқының қастерлі перзенті, лирик, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің пьесасы желісімен қойылған. Спектакльдің астарында адам жанының әр қилы қырлары, махаббат пен достық, ізгілік пен азғындық, сан алуан сезімдер,сүйініші мен күйініші қатар жүретін нағыз өмір шындығы жатыр. Спектакль тіршіліктің түпкі мәні жайлы терең ойға шомдырып, турашылдық, ардан аттамау, махаббатқа адалдық сынды ізгі қасиеттердің қаншалықты қастерлі екенін ұғындырады.