«Өткенге өнеге, бүгінгіге – болашаққа деген бағдар»




28.10.2013

2013 жылы 23 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде жоғары оқу орындары аралық С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университеті ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті өкілдерінің қатысуымен «С.Ж. Асфендияров – дәрігер, ғалым-педагог, мемлекет қайраткері» тақырыбындағы студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы өтті».

«С.Ж. Асфендияров – біздер үшін қадірі артқан, айрықша қасиетті тұлға. Оның қазақ халқына сіңірген еңбегі, Қазақстанда білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз». Қай салада болмасын медицина, тарихтағы іргелі ізденістері нәтижелі болды. Жазған еңбектері өткенді таразылау, кезең дамуын талдау арқылы келешек көкжиегін анықтады.

С. Асфендияровтың талант құдіретіне топжарған өз заманының интеллигенция өкілдері тәнті болған.

Осы конференцияның мерейін өсіріп келген құрметті қонақтарға ерекше назар аударалық.

Ташкенттен С.Ж. Асфендияровтың немересі Софья Темірбаевна Султанова отыр арамызда. В.И. Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетіндегі биология факультетін бітірген. Мамандығы бойынша Өзбекстан Ғылым Академиясы микробиология институтында аға ғылыми қызметкер болып, соңғы жылдары генетика институтында істеді. 2006 жылдан бері ел құрметіне бөленген зейнеткер.

С.Ж. Асфендияровтың шөбересі Әлия Маханбетнұрқызы да анасының жанында отыр. Әлия КИМЭП бітірген. Мамандығы жорналшы. «Еуропа плюс» Радиосында PR – менеджер болып істейді.

С.Ж. Асфендияровтың жақын туысы Шолпанай Асқарқызы Бөкейханова да осы конференцияның құрметті қонағы болып табылады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінен профессор Гульмира Абзалхановна Қажығалиева да студенттерімен бірге келіп отыр.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінен 22 өкіл келген екен.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен 3 қатысушы бар. Біздің университеттен – 195 қатысушы тіркеліпті. Сонымен конференция жұмысына қатысуға тіркелгендер саны 220 болды.

«ҚазҰМУ алғашқы ректоры С. Асфендияров негізін қалаған ел мүддесіне қызмет ететін игі дәстүрлер бүгінгі таңда да баянды жалғасын табуда. Біздің университет Қазақстан Республикасындағы іргелі де ірі Ғылыми-зерттеу бағытында дамып келе жатқан жоғары оқу орны болып табылады. Сондықтан да ҚазҰМУ студенті І курстан бастап ғылыми зерттеулерімен айналысуы – заңды құбылыс. Өтіліп жатқан осы конференция осының айғағы ғой. конференцияларыңа, барлық қатысушыларына зор денсаулық, ғылыми ізденістеріңізге табыс, сәттілік тілеймін»,- деп С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Айқан Ақанұлы Ақанов «С. Асфендияров – дәрігер, ғалым-педагог, мемлекет қайраткері» жоғары оқу орындары аралығындағы студенттердің ғылыми-практикалық конференциясының жұмысын бастау салтанатын ашып берді.

Конференция отырысында студенттер жасаған тұсау кесерлер, баяндамалар үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізілді.

Конференция жұмысын талдай келе Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің профессоры Гүлмира Абзалханқызы Қажығалиева былайша қорытындылады:

– Бүгінгі конференцияны ұйымдастырушы біздің С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің басшылығына, ұжымына, конференция жұмысына белсенді қатысқан студенттерге, әсіресе осы конференцияны әзірлеу, дайындау, үйлестіру барысында айрықша ұйымдастырушылық танытқан, С. Асфендияров атындағы атындағы ҚазҰМУ студенттердің әлеуметтік-мәдени құзыретін дамыту Департаменті ұжымына, директоры Л.С. Шыңғысбаевқа алғысымызды білдіреміз. Баршаңызға ғылымдағы ізденістеріңізге сәттілік, табыс тілеймін.