Рухани байлық-жан саулығы




25.01.2013

Өткен 2012 жылдың көңіл қуантарлық  мәдени басты жаңалығы, қазан айында қайта түрленіп күрделі жөндеуден өтіп, ашылу салтанатын арнайы өткізген «CONCORDIA»  театрының жаңа келбетке ие болып, оқу-орнымыздың үлкен  мәдени ошағына айналуы көңіл қуантады. «CONCORDIA» театрының салтантты  ашылуынан бері міне үш айдың жүзі өтті. Университетімізге қасиетті  өнердің шуағы шашыла бастады. Мәдени бағытта еліміздің өнер ордаларымен тығыз байланыс орнатылып, шығармашылық алмасу басталып кетті. Осы қысқа мерзімде 2012 жылдың 16 қараша күні Алматы қаласына  гастрольдік сапармен келген, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды  облыстық драма театры «Қайран жас дәурен» қойылымын театрымызда көрсетіп, көрермендердің жылы ілтипатына ие болды.

Желтоқсан айының 26-шы жұлдызында Қазақстан Республикасының халық артисі, балет өнерінің жұлдызы  Б.Аюхановпен кездесу өткізіліп, театр  артистері өз өнерлерін көрсетті. Б.Аюханов өз труппа артистерінің қойылымын көрсете отырып, кездесуді қызықты ойларымен, тартымды әңгімесімен бөлісіп, көрермендердің жүрегін бірден жаулап алды.

Жаңа жылдан соң, студенттердің қысқы демалысынан кейін, қаңтар  айының 24-ші күнінде театрымызда Ғ.Мүсрепов атындағы  Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артистерімен кездесу өткізіліп, Ш.Айматовтың «Қызыл орамалды шынарым» және «Кармен» повесіне фантазия «Карменсита» спектаклінен үзінділер көрсетілді. Қойылым режиссері  Қазақстан Республикасының халық артисі, Ғ.Мүсрепов атындағы  Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, көркемдік жетекшісі, кинорежиссер Теменов Талғат Досымғалиұлы, сонымен қатар шақыртсаңыз келе бермейтін, Мәскеу қаласының «Жаңа опера» театрының бас балетмейстрі Фадеев Иван Владимирович та қонақтар арасында болып, өз ойымен бөлісті. Мәскеу балетмейстрі Т.Д.Теменовтың арнайы шақыруымен келген, «Карменсита» қойылымының балетмейстрі.  И.В.Фадеевтің айтуына қарағанда, Алматы қаласы және театр ұжымы қатты ұнағанға ұқсайды. Тағы да басқа спектакльдерге би қойып, шығармашылық алмасуын жалғастыра беретінін айтып өтті. Елімізге танымал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі  Кәден Лидия Тажадинқызы өз өнерін ортаға салды. Университетіміздің Ғ.Мүсрепов атындағы  Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артистерімен кездесуі бірінші рет емес.Театрмен тығыз байланысымыздың төрт жылдық тарихы бар. Театр ұжымы бізге келіп, біздің студенттер театрға барып қойылымдарды тамашалау бүгінге күнге дейін жалғасуда. Әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен,  оқу орнымызда жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша, бірінші курс студенттерін  арнайы жоспарланған түрде, Алматы қаласында орналасқан мәдени орындарға  апару жұмысы  жүргізіледі. Студенттер қаламызда орналасқан театрларға, мұражайларға, концерттік залдарға барып,  мәдени орындармен жақын танысады. Бұл мәдени бағдарламамыз бұдан әрі де жалғасын тауып, аясын кеңейте түседі.  Ертеңгі болашақ дәрігерлер әлеуметтік-мәдени қолдауды студент кезінен бойына сіңіріп, алдағы уақытта  игі істің жалғастырушысы болатынына сеніміз мол. Білімді, жоғары мәдениетті ұрпақ-ел болашағы. Ал,  болашақтың іргесі бүгіннен басталып, ертеңмен жалғасады.

Мақаланы әзірлеген: Әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі басқармасының көркемдік жетекшісі С.А.Апсаттарова.

 

 «Мәдени өрлеу»  бағдарламасы аясында.

               Студенттер  қысқы демалыс күндерінің алғашқы күндерін мәдени игі іспен бастады.

Осы жылдың қаңтар айының 24-сі күні Ғ.Мүсрепов атындағы  Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұжымымен  кездесу  өткізілді. Кездесуге Қазақстан Республикасының халық артисі, Ғ.Мүсрепов атындағы  Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, көркемдік жетекшісі, кинорежиссер Теменов Талғат Досымғалиұлы, және  театрдың арнайы шақыруымен келген,  Мәскеу қаласының «Жаңа опера» театрының бас балетмейстрі И.В.Фадеев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі  Кәден Лидия Тажадинқызы және театр артистері қатысты. Кездесу жоғары дәрежеде өткізілді. Шығармашылық топ студенттер сұрақтарына жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Кездесу барысында Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» және «Карменсита» спектаклінен үзінділер көрсетіліп, Л.Т.Кәденова өз өнерін көрсетті.