Студенттер мұражайда




14.05.2012

2012 жыл 13 мамыр, жексенбі күні Медикалық-профилактикалық іс және Денсаулық сақтау мен фармациядағы менеджмент факультеттерінің 1 курс студенттері Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әбілхан Кастеев атындағы өнер мұражайына барды.

Аталған мұражай 1976 жылы Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының (1935 жылы қаланған) және Ресубликалық қолданбалы өнер музейінің (1970 жылы қаланған) қоры негізінде қаланған.

1984 жылы қаңтарда музейге Қазақ ССР Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі беріледі.

Музейде Қазақстанның бейнелеу өнері, Қазақстанның қолданбалы өнері, шетел классикалық өнері, жаңа дәуірдегі шетел өнері, қорлар, қайта қалыпқа келтіру, көрме және экспозиция, насихаттау және экскурсиялық қызмет көрсету, ақпарат және баспа ісі сынды 9 ғылыми орталық жұмыс атқарады. Қазіргі таңдағы музейдің қоры өзінің көркемдік деңгейінің жоғарылығымен көптеген әлемдік жинақтардан еш қалыспайды деп айтуға болады. 22500-ден астам кескіндеме, графика, сәулет және Қазақстанның, Ресейдің, Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының қолданбалы өнерінің баға жетпес жұмыстарымен танысқан студенттер өздерінің алған әсерін жасыра алмады.

Халқымыздың ұлттық мұрасы болып табылатын сәндік-қолтаңбалы өнері қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық дәстүрлі қолөнерінің тарихын экскурсия жүргізуші тәптіштеп түсіндіріп берді.

Музейдің тұрақты экспозициясы әрбір халықтың мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін экспонаттар арқылы әлемдік өнердің негізгі даму сатыларын байқауға болатын тарихи хронология тәртібіне негізделген.

«Қазақсатан бейнелеу өнері» залында республикамызда ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Ә.Қастеев, И.Исмаилов, А. Черкасский, Л. Леонтьев, К. Тельжанов, А. Галимбаева, С. Мәмбеев, Х. Наурзбаев, А. Айтбаев, А. Садыханов, Е. Мергенов, Т. Тоғысбаев сияқты суретшілердің туындылары қойылыпты.

«Кеңес Одағы кезеңіндегі өнер» залындағы туындылар әртүрлі үлгіде жазылған және стилистік бағыты – социалистік шындықтан абстрактілі полотноға дейін баяндалған. Оның атақты қылқалам шеберлері: П. Филонов, П. Кузнецов, К. Редько, О. Розанова, С. Сарьян, У. Тансықбаев, С. Коненков, М. Асламазян, Г. Айтиевтардың туындылары ерекше назар аудартады.

Ал орыс өнері қойылымында студенттер ХІІІ-ХХ ғасырларда жасалынған, ежелгі орыс өнерінің кейінгі, соңғы кезеңіне жататын еңбектерімен танысты.

Мұражайдағы саяхаттан соң студенттер мұражай қызметкерлерін келе жатқан 18 мамыры –  Халықаралық мұражай күнімен құттықтап, ризашылығын білдірді. Мұражай қызметкерлері студенттерге алғыс айтып, тұрақты түрде келіп тұруларына шақырды.

 

 

СТУДЕНТТЕРДІҢ МӘДЕНИ-ӘЛЕУМЕТТІК

ҚҰЗІРЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ