СТУДЕНТТЕР ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ




20.07.2011

16 шілдеде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқу ротасы әскери ант қабылдады.

Рота командирінің әскери кафедра бастығына курсанттардың әскери антты қабылдауға дайын екендігін баяндағаннан кейін, медицина қызметінің подполковнигі Қ.Жарымбетов: «Қарулы күштердің қатарына кірген Қазақстан Республикасының азаматы міндетті түрде Отанға, ұлтымызға, халқымызға, еліміздің Президентіне ант береді. Міне, Сіздер де бүгін осы бір үлкен жауапкершілікті мойындарыңызға алып, еліміздің батыл қорғаушылары болуға әскери ант бердіңіздер. «Отанды сүю иманнан» деген Пайғамбарымыздың сөзі бар. Қазақ атамыз да ер жігіттің үш байлығы бар дейді: біріншісі – иманы, екіншісі – отбасы, үшіншісі – Отаны. Міне, осы үшеуі сіздердің де жүректеріңізден орын алуы керек», деп өздерінің әскери анттарын қабылдаған жастарға тілек білдірді.

«Біздің студенттеріміздің әскери ант қабылдауы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келіп тұр. Сондықтан бүгінгі салтанатты шараның орны да ерекше. Бұл бір жағынан мереке болса, бір жағынан Сіздердің мойындарыңыздағы үлкен жауапкершілік. Сіздер халық алдында, Отан алдында ант беріп отырсыздар. Университет халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жұмыс істеп жатыр. Біз Сіздерге үлкен үміт артамыз. Қатаң тәртіп, жауапкершілік, көшбасшылыққа ұмтылу сияқты құндылықтан әскери дайындық кезінде дариды. Мен осы кафедраның бастығына, барлық қызметкерлеріне әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне сіңіріп жатқан еңбегі үшін рахмет айтамын. Әскери ант қабылдауларыңмен!» деп студенттерге ақ жол тіледі.

Осылайша әскери қызметтегі дәрігерлер саны тағы бір рота жастармен толықты.

ҚазҰМУ-дың баспасөз қызметі