Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған кездесу




14.11.2011

Қараша айының 3 жұлдызында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Даңқ залында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына» арналған патриоттық кездесу конференциясы өтті. Конференцияда  ҚазҰМУ-нің проректоры Тулебаев Қазыбек Ағабылұлы, ректордың студенттер ісі жөніндегі кеңесшісі, ҚР еңбек сіңірген дәрігері Мустафина Жанар Ғабиденқызы, Социалистік Еңбек Ері Сидорова Вера Васильевна, Климова Тамара Васильевна, Мағауова Ақмарал   апайларымыз  өздерінің дайындаған баяндамаларын оқыды. Конференцияға   жалпы медицина факультетінің 1 курс студенттері қатысты.

Кездесуде қонақтардың өмірлік оқиғалары, олардың Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншіліктері студенттердің қызығушылықтарын оята білді. Ұстаздардың жалынды сөздері жүректен жүрекке жеткені анық сезілді. Украинадан Қазақстанға оқу үшін келген Вера Васильевна, білім нәрімен сусындатқан Қазақстанның алдында өзін борыштымын деп сезініп, жұмыстың тәжірибесін өз еліне барып бастамай, қазақ елінде, қазақ жерінде 50 жылдан артық еңбек етеді. Бұл ісін Қазақстанға деген шексіз махаббатымен, ризашылығының көрінісі екенін айтады. Бұл ыстық махаббатты бойына қалыптастырған қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев деп біледі. Қазыбек Ағабылұлының айтуынша, адамның бойындағы ең асыл қасиет – Отан сүйгіштік. Ал, біз болашақ медицина қызметкері ретінде Отанымыздың алдында тек әскери міндетті емес, оның болашағын қалыптастырушыларымыз. Сондықтан, Отанымызды, тәуелсіз Қазақстанымызды өмірден артық сүюіміз керек. Студенттерге Жанар Ғабиденқызының пікірі ерекше әсер етті. Ол кісі өмірге адам болып келген соң халық үшін, ел үщін, Отан үшін қасықтай қаның қалғанша еңбектенудің керектігін, өзіңді осындай керемет, азат, тәуелсіз, ғажап елде туғаныңа, осы елдің азаматы болғаныңа шексіз бақытты болуың керек деп санайды. Ал, Мағауова Ақмарал апайдың  айтуынша, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын мектеп қабырғасы, қоршаған ортасы, ата-ана, ең бастысы- ұстаздар. Ақмарал апай студенттерге, әсіресе, қыз балаларға елдің іргесін көтеретін болашақ әлемнің  аналары қыздар екенін мақтанышпен атап, ерекше сенім білдіретінін айтты. Ұстаздардың сөзін Тамара Васильевна қорытындылап, университет іргесінде өткізілген және өткізілетін патриоттық  бағдарламалармен таныстырды.
Студенттер де бұл тақырыптан шет қалмай өз ойларын  жалындаған жырларымен, ақындардың нақыл сөздерімен бекіте түсті. Жалпы медицина факультетінің 1 курс студенттері Махаббат Жамағат, Жумасилова Меруерт, Орынбасар Нұрбол, Қасенов Ғалымжан  өздерінің төл шығармаларын Қазақстанның тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады.  Кездесу  Бауыржан Момышұлының: «Отанды 3- ке де, 4-ке де қорғауға болмайды, Отанды тек 5-ке қорғау керек»,- деген сөздерімен аяқталды.
Студенттер де, оқытушылар да ұлағатты кездесуден үлкен рухты, тың идеяларды бойларына сіңіріп, ұйымдастырушыларға рахметтерін білдірді.

1 курс ЖМ11-002-1к топ студенті Жумасилова Меруерт