Таланттылар сайысы-2014




17.02.2014

Осы жылы Алматы қаласының Жастар саясаты жөніндегі басқармасы  мен Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы бойынша X Ұлттық Жастар Дельфийлік ойындары байқауы өткізілді.  Университетіміздің  «Cоncordia» театрында  12-ші  ақпан күні Алматы қаласы жоғары оқу орындары мен мектеп оқушылары қатысқан X Ұлттық Жастар Дельфийлік ойындарының іріктеу кезеңдері өткізіліп, 14-ші ақпан күні байқау жарысы болып  өтті.

Жастар Дельфийлік ойындарының негізгі мақсаты – Алматы қаласының дарынды талантты жастарын қолдау және таныту, жас буынның патриоттық санасын тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміздің негізінде қалыптастыру және өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру. Осы байқауға  біздің университетімізің студенттері де қатысып, өнердегі бақтарын сынады. Конкурстық және фестивальдік бағдарлама әртүрлі өнер түрлерін қамтыды. Эстрадалық ән байқауына  Қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің 3 курс студенті Мелдібекова Лаура қатысты. Байқау барысында Лаура сахнада өзін еркін сезініп, әнді нақышына келтіре орындап берді. Көрермен қауымы Лаураның әнін жылы қабылдады. Ал, патриоттық әндер байқауына Стоматология факультетінің 3 курс студенті Бөріхан Ерболат қатысып, елімізге танымал, белгілі әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін өз нақышында шебер орындап шықты. Залдағы көрермендер Ерболаттың зор сезіммен  орындаған әніне, орындарынан тұрып, қол соғып, қошемет көрсетті. Халық аспаптары байқауына,  университет жанындағы  көркемөнерпаздар үйірмесі «Дала сазы» Ұлттық аспаптар ансамблінің шебер орындаушысы Нұрболатқызы Ақерке  Махамбеттің күйі «Жұмыр қылышты» көрермендерге тарту етті. Бұл Ақеркенің университет қабырғасында білім алып  жүргендегі алғашқы байқауы еді. Ақерке қызымызды алда талай жеңістер күтіп тұрғаны анық.

Бейнелеу өнеірнен  Стоматология факультетінің 2 курс студенті Сагинова Динара өз шығармаларын байқауға ұсынды. Бейнелеу өнерінің қорытындысы алдағы күні белгілі болмақ. Динара былтырғы жылы университет қабырғасында өз көрмесін ұйымдастырған болатын. Сабақтан тыс уақытын өз бойындағы табиғат берген ерекше өнерін дамытуға жұмсаған студенттерімізге шексіз  алғысымызды білдіреміз. Байқауға қатысқан студенттерімізге шығармашылық табыс тілеп, әлі де талай байқауларға қатысып, жүлделі орын алатындығына зор  сенім артамыз. Университетіміз мәдени тұрғыда жылдан-жылға өркендеп, талантты студенттер қатары да толығуда. Бұл мәдени үрдіс баршамызды тек қана қуантады.