1916-жылғы ұлт азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай қазақ тілі кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған …» атты әдеби-сазды кештің есебі




22.04.2016

20.04. 2016-жылы қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент З.А.Абдуллинаның, кафедра доценті Т.Қ.Зайсанбаев пен аға оқытушысы Қ.С.Бураханованың ұйымдастыруымен және шетелдік студенттер деканаты мен кітапхана ұжымымының қатысуымен 1916-жылғы ұлт азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған …» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кештің мақсаты – қазақ халқының бостандық, азаттық үшін күресін жас ұрпаққа насихаттау, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, бостандық үшін жан қиған батыр бабаларына деген құрмет сезімін қалыптастыру.

Кеш шымылдығын ашқан стоматология факультеті, 2-курс студенті Әнуарбекова Сымбат «1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің маңызы» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамадан кейін осы тарихи кезеңде туған халық әні «Самалтауды» қазақ тілі кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы орындады. Бұдан кейін жалпы медицина факультеті, 1-курс, 15-033-тобының студенттері Азекенова Алина, Аидинов Рифат, Амаганова Мадина, Калматаева Анель, Ким Регина, Мырзалы Бекжан, Сеитжанов Темирлан, Пак Татьяна  А.Иманов бастаған көтеріліс туралы шағын көрініс көрсетті.

Кеш тек 1916-жылғы ұлт азаттық көтеріліспен шектеліп қалған жоқ. Мәселен, стоматология факультеті, 2-курс, 14-009-тобының студенті Қарлыбаева Айжамал Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы шыққан «Исатай-Махамбет» көтерілісі туралы,  ал осы топтың студенті Сәрсенбаева Аруа қытай жеріндегі қазақтардың азаттығы үшін жанын қиған Оспан батыр туралы баяндама жасады.

Әдеби кешке шетелдік студенттердің қатысып отырғаны ескеріліп, әрі еліміздегі үштілдік саясатын жүзеге асыру мақсатында кеш қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Стоматология факультеті, 2-курс, 14-009-тобының студенттері С.Әнуарбекова А.Қарлыбаев, А.Сәрсенбаевалар үш тілде еркін сөйлейтіндіктерін көрсетті. Кешті жүргізіуге жалпы медицина факультеті, 1-курс студенті Жұмбай Марлен мен шетелдік студент Al-Masawi Ahmed белсене ат салысты.

Кеште күмбірлетіп күй тартып, әуелете ән салған Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның 3-курс студенті Әділ Мұхтар мен осы консерваторияның 2-курс студенті Қалқанов Оңдасын және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университеті, жалпы медицина факультетінің 2-курс студенті Темірзақова Жазира тыңдармандардың ризашылығына ие болды.

Кешті қорытындылаған қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент З.А.Абдуллина бұл кештің маңыздылығына тоқталып, кешті өткізуге белсене ат салысқан студенттерді марапаттады.

 

Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.м. Бураханова Қ.С.