Ақмола, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында сәбилердің өлім-жітімі жоғары – ДСМ




29.01.2014

АСТАНА. ҚазАқпарат – Нәрестелердің шетінеуі Ақмола, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында жоғары болып тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің қатысуымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Салидат Қайырбекова мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы елімізде сәбилердің өлім-жітімі 17 пайызға төмендеген. 2008 жылдан бері оның төмендеп келе жатқанын ескерер болсақ, бұл көрсеткіш 2018 жылға қарай Еуроодақ көрсеткіштеріне жақындайтын болады.

«Міндет қиын, бірақ орындауға болады. Біз алға қойған мақсаттарға қол жеткізуіміз үшін балалардың өлім-жітімі көрсеткіштерін азайтуға тырысуымыз қажет. Әсіресе, бұл жұмыстар барынша әлсіз жүргізіліп келе жатқан өңірлерде шараларды көптеп қолға алуымыз керек», – деді ол.

Министр сондай-ақ сәбилердің қайтыс болу көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған жұмыстар нашар атқарылып отырған өңірлер қатарында Ақмола, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарын атап өтті.

«Өздеріңіз де байқап отырғандай, бұл туу деңгейі жоғары өңірлер. Өкінішке орай, дәл осы аймақтарда жас нәрестелердің өлім-жітім деңгейі жоғары болып отыр», – дейді С.Қайырбекова.