Алматыда алғаш рет диабет орталығы ашылды




02.04.2013

http://www.24.kz/index.php/zhanalyktar/densaulyk/item/almatyda-al%D2%93ash-r%D0%B5t-diab%D0%B5t-ortaly%D2%93y-ashyldy?category_id=106

Алматыда Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен медициналық мекеме іске қосылды.

Диабет орталығы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне қарасты клиника базасында ашылды. Бөлімше жоғары дәрежелі техникамен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда жоғары санатты невропатолог, офтальмолог, кардиолог сияқты бірнеше салалық дәрігерлер жұмыс істейді. Олар сусамырға шалдыққан науқастарға жан-жақты медициналық көмек көрсетпек. Орталық 26 орындық. Науқастар мұнда мемлекеттік квотамен тегін ем қабылдайды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл орталық дер кезінде ашылып отыр. Өйткені елімізде  қант диабетіне шалдыққандардың саны азаяр емес. Статистикаға сүйенсек, бүгінде осы дертке шалдыққан 208 мың қазақстандық ресми түрде тіркелген. Бірақ дәрігерлер шынайы көрсеткіш бұдан екі есе көп болу мүмкін дейді. Себебі тек өткен жылдың соңғы алты айында 15 мың адамнан осы аурудың белгілері анықталған.

Гүлбану СРАЙЫЛОВА, дәрігер-эндокринолог:

– Алдын алу шараларына келсек, егер адамның ата-анасы немесе туыстарының бірі осы аурумен ауырған болса, ол адамда осы ауруға бейімділік бар деген сөз. Сондықтан ол тамақтану режимін сақтауы керек.