АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ҚАЙСЫ?




18.02.2011

Жаңа әлеуметтік саясат ауыл тұрғындарының денсаулығына маңыз берді

Саламаттылық – алға қойған мақсаттарға жету үшін қажет. Қандай болмасын мемлекеттің дамуы да денсаулықпен байланысты екені хақ. Сондықтан, елімізде бұл салаға баса назар аударылып келеді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қажет нәрсенің барлығы жасалуда. Денсаулық сақтауды қаржыландыру үшін қыруар ақша бөлініп, жаңа емдеу орталықтары да әр жерден бой көтеруде. Ғылыми жетістіктеріміз де жоқ емес, бүгінде медицинаның ең бір күрделі бағыттары бойынша операциялар жасалуда. Десек те кейбір облыстардағы шалғай ауылдар медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілмеген. Осыны ескерген Елбасы биылғы Жолдауында ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді болуын баса айтты. Бұл мәселенің төңірегіндегі сауалдарға Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адами ресурстары департаментінің директоры Нұргүл Хамзина, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов, Алматы аймақтық балалар емханасының бас дәрігері Ролан Нұрбаев және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жүрген жас маман Бауыржан Досымбеков жауап берген еді.

– Елбасымыз Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағ­дайын бақылаудың ұлттық бағдарла­ма­лары кешенін енгізу қажеттігіне тоқталды. Соның ішінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетім­ділігін кеңейтуді баса айтты. Ол үшін ең алдымен не істеу керек деп ойлайсыздар?

 

 

Нұргүл ХАМЗИНА:

– Иә, Елбасымыз барлық Жолдауларында денсаулық сақтау саласын естен шығарған емес. Бұл жолы да қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту, өмір жасын ұзартуға баса назар аударды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де барынша еңбектенуде. Мысалы, министрліктің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті 2004-2010 жылдары Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың мемлекет­тік және өңірлік бағдарламалары бойынша ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мә­селесіне байланысты біраз дүниелерді то­лықтырғанын айта кеткен жөн. Толығырақ тоқталатын болсақ, материалдық техника базасын дамыту, жергілікті ауруханаларды күрделі жөндеуден өткізу, жаңа ауруханалар салу, сондай-ақ бүгінде басты мәселе болып отырған алғашқы медициналық көмек көрсету қызметін медициналық жабдық­тармен қамту мәселесі едәуір жақсартылды.

Алғашқы медициналық және санитарлық көмек көрсету мәселесі 2011-2015 жылға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында жалғасын тапты. Бұл бағдарлама Елбасының тікелей Жарлығымен қабылданған болатын. Оның басым бағыттары денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру болып табылады. Ол алғашқы медициналық көмек қызметін дәрігерлік тәжірибеге кезең-кезеңмен енгізу бағытында жүзеге асып, аурудың алдын алуға септігін тигізбек.

 

Айқан АҚАНОВ:

– Бұл – мәселені шешу үшін жақсы әлеуметтік саясат болу керек. Ауылды жерлерге мамандар бармайды емес, барады. Бірақ, олар үшін жағдай жасалуы тиіс. Бұл жерде тек қана үймен қамтамасыз етіп, жалақысын көтеру ғана емес, сонымен қатар ауылдық, жерлердегі медициналық пункттер болмаса ауруханалар тиісті медициналық жабдықтар­мен толықты­рылуы тиіс. Сондай-ақ, емдейтін дәрі-дәрмек­тері, қажет бола қалса жүріп кететін арнайы көлік те міндетті түрде керек-ақ. Яғни, дәрігер алдына келген науқасқа толығымен көмектесе алатындай болуы қажет. Тіпті қазіргі заманда жылдам хабарла­суға мүмкіндік туғызатын интерне­тіңіздің пайдасы зор. Басқа әріптестері­мен тәжірибе алмасуда таптырмайтын нәрсе. Сол ауылды жерлерде еңбек етіп жүрген ма­мандардың білімін жетілдіруіне қамқорлық жасалса, біліктілігі арта түсетіні анық. Осы­ның барлығы қолға алынған жағдайда бұл мәселені толығымен шешуге болады деп санаймын.

 

Ролан НҰРБАЕВ:

– Аймақтардағы, онда да кейбір ауыл­дардағы ауруханалар сол 1990 жылдары жабылып қалды. Одан бері де, міне, бірнеше жыл өтті. Содан бері денсаулық сақтау саласында да жаңалықтар көп. Мысалы, «100 аурухана» бағдарламасы қабылданып, елімізде әр жерден жаңа ауруханалар бой көтерді, ескілері күрделі жөндеуден өтті. Бірақ, көп­теген ауруханаларда маман тапшы. Әсіресе, білікті, тәжірибелі мамандар қат. Осы мәселенің шешімін табу үшін қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масын да айта кеткен жөн. Бастама жақсы, алайда ауылға ұмтылған жас мамандар баяғы баспана мәселесімен қиналып жүр. Мен дәл қазір осындай мәселелермен бетпе-бет келіп отырмын. Жақында ғана ашылған аймақтық балалар емханасына дәрігерлерді жұмысқа қабылдаудамыз. Біздің бұл емханамыз қалаға жақын жерде орналасса да, көптеген мамандар ең болмаса жатақхана болса деген тілекпен келіп жатыр. Әйтпесе дәрігерлердің жалақысы жыл сайын көбеюде, сондықтан оған ешқандай өкпе жоқ. Тек қана осы айлық тұрақты болса болғаны.

Өзіміздің емхананы мысалға алсақ, іші жаңа медициналық технологиялармен жабдықталған. Олардың барлығы қазір жоғары бағаланып жүрген Ресей, Германия, Америка елдерінде шығарылған құрал-жабдықтар. Бұл емхана аймақтағы жалғыз емхана болмақ. Бұған дейін 1990 жылдары Горький саябағы жанында балалар емханасы болған болатын. Ол да кейін жабылып қалды. Айтайын дегенім, көптеген ауруханалар күрделі жөндеуден өтеді. Олардың қызмет­кер­лері толық, бұрыннан қалыптасқан ұжымнан құралған. Біздің мына емханамыз жаңадан ашылып жатқандықтан, көптеген дәрігерлер бұрынғы жұмысынан қол үзіп, бізге келіп еңбек етуден тартынуда.

 

Бауыржан ДОСЫМБЕКОВ:

– Биылғы Жолдауында Елбасы осы мәселені көтерді. Яғни ауыл тұрғындарының денсаулығына мән беріп отыр. Қазіргі таңда қалалы жерлерде барлық ауруханаларға жағдай жасалған. Аудандық ауруханалардың да жағдайы жаман емес. Бірақ, шалғайдағы ауыл адамдарының кей кездері қиналып қалатыны да жасырын емес. Осы тұста бүгінгі күннің басты проблемасына айналған жем­қор­лықтың алдымыздан шығатынын айта кеткен жөн. Бұл салада да осы мәселенің кездесіп қалатыны тағы бар.

Өзім жастарға арналған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша өзімнің туған жерімде, аудан орталығындағы ауруханада жұмыс істеп жатырмын. Біз сияқты еңбек жолын енді бастап жатқан жас мамандар үшін мұндай бағдарламалардың көмегі көп. Оның үстіне ауыл адамдары үшін де маңызды болмақ.

 

– Қазіргі таңда қашықта орналасқан ауылдық жерлер дәрігерлердің көмегі тұрмақ, алғашқы медициналық көмекке зәру болып отыр. Тіпті әйелдер босану үшін бірнеше шақырым жердегі аудан орталықтарына сабылады. Осы олқылық­ты қалай жоюға болады?

 

Нұргүл ХАМЗИНА:

– Қай елде болмасын ана мен бала денсаулығы – басты мәселенің бірі. Дені сау анадан дені сау бала туады. Сондықтан біздің елімізде де бұған көп көңіл бөлінуде. Ана мен нәрестелер өлім-жітімін төмендету және елде әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді уақтылы және толық көлемде медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған перина­талдық көмекті өңірлендіру қағидаты сақ­талуда. Осылайша, дені сау жүкті әйелдер аудандық ауруханалардың маманданды­рылған бөлімшесінде ешбір кедергісіз босана алады. Егер босануы қиынға соғатын немесе денсаулығы нашар аналар болатын болса, оларды бірден қалалық, облыстық перзентха­наларға орналастыру мәселесі қаралған. Демек бала дүниеге келгенше ана да, бала да дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс.

 

Айқан АҚАНОВ:

– Біз қазіргі таңда халықтың 46 пайызы ауылда тұрады дейміз. Десек те осы көрсет­кіштің 30-40 пайызы аудан орталығының төңірегінде орналасқан ауылдардан тұрады. Демек, шалғай жерлерде орналасқан елді-мекендер санаулы пайызды ғана құрайды. Қашықтағы ауылдар үшін кезіндегідей арнайы амбулаториялар немесе фельдшерлік бөлімшелер ашу керек сияқты. Бұрын бұндай бөлімшелер саны 4,5-5 мыңға дейін болатын. Кейін біртіндеп саны қысқартылды. Жалпы, ауыл медицинасы ауылдың өмірімен тікелей байланысты. Бұл – ауылдық жерлерде жүретін саясаттың бір сигменті болуы керек. Естеріңізге сала кетейін, Кеңес үкіметінің тұсында әрбір совхоз, колхоздардың директорлары, партия мүшелері жергілікті тұр­ғын­дарының денсау­лығына жауап беретін болған. Негізінде бұл дұрыс та шығар. Осыны ескерсек, бұл кешенді түрде, кең көлемде ше­шілетін мәселенің бірі. Тағы бір айта кететін жайт, осы әңгімелеп отырған ауыл­дарымыздың өзін қалай қарас­тыруға болатыны белгісіз. Олай дейтінім, ауыл бұрынғыдай колхоз, совхозға бірік­тірілмеген ғой. Сондық­тан бұрынғыдай үкімет тарапынан қадағала­натын жұмыс орындары да көп емес. Амал жоқ жастар қалаға сабылып жатыр. Ауылдық жер болған соң ең алдымен ауыл тұрғында­рының жағдайы ескеріледі. Мысалы, ауыл балаларына арнайы мектеп, бала­бақ­ша, емделетін орындары болуы тиіс. Бұның барлығы арнайы инфроқұрылымды қажет етеді ғой. Денсаулық, мәдениет, әлеумет саласы бірге шешілетін мәселе.

 

Ролан НҰРБАЕВ:

– Әр ауылға бір-бір аурухана салып қою – мемлекетіміз үшін тиімсіз. Өйткені, аурухана халықтың санына қарай ыңғайланады. Кішігірім ауылдар болса, онда міндетті түрде алғашқы медициналық көмек көрсететін пункттер болады. Онда жалпы емдеу ісі бойынша білім алған терапевт, педиатр мамандары қызмет көрсетеді. Босанатын аналар, операцияны қажет ететін науқастар аудан орта­лығындағы ауруханаға қаралады. Мен бұны дұрыс деп есептеймін. Өйткені әр ауылға жеке-жеке перзентхана салып қою мүмкін емес.

 

Бауыржан ДОСЫМБЕКОВ:

– Мен тәжірибелі маман емеспін. Бірақ, бұл сауалыңызға өз пікірімді айтайын. Ауыл­дық жерлерде кішігірім медициналық пункттер бар. Былай қарасаңыз, сол бар нәрсені дұрыс игере білу керек. Яғни ауылды жерлерде еңбек етіп жүрген жоғары және орта буындағы медицина мамандарына қолдау көрсету қажет сияқты. Олар, ең алдымен, қажетті дәрумен­дерден таршылық көрмеуі тиіс. Әйтпесе, қазіргі таңда ауыл, дәріханала­рынан көп дәрі таба алмайсыз. Ауырып қал­ған жағдайда тұрғындар қаладан дәріні ал­дыр­туға мәжбүр болуда. Сондай-ақ, аяқ асты­нан аудан орта­лығына бара қалатын болса, медициналық «жедел жәрдем» көлігінің ақаулары кедергі келтіріп жатады. Болмаса жанар майы таусылып, оны құйғанша біраз уақытты өлтіріп алуы мүмкін. Осының барлығы айналып келгенде алғашқы медици­налық көмек көрсетуге кері әсерін тигізеді деп ойлаймын.

 

– Бұл саланың дамуында білікті дәрі­герлердің де үлесі зор. Олай болса, елі­міздің жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан студенттеріміздің білімін қалай бағалар едіңіз?

 

Нұргүл ХАМЗИНА:

– Бүгінгі күні еліміздің барлық жоғары оқу орындарында студенттердің терең білім алуына жағдай жасалған. Дегенмен, бүгінгі күні денсаулық сақтау саласы кадрларын даярлау жүйесінің басты проблемасы ретінде студенттерді тәжірибелік жағынан даярлау жағының жетіспейтінін айта кеткен жөн. Жылдық интернатура толымды мамандар­дың бітіруіне мүмкіндік бермейді. Меди­циналық білімі бар мамандарды оқыту басқа бағыттармен салыстырғанда тым ұзақ. Оның үстіне теориялық және клиникалық пәндерді толығымен зерделеуді, тиісті материалдық-техникалық базаның және толымды кли­никалық даярлау үшін жағдайлардың болуын қажет етеді.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігі жоғары болуы үшін тәжірибені пысықтап, диагностика мен емдеудің қазіргі заманғы әдістерін игеруге мүмкіндік беретін толымды клиникалық базалар болуы керек.

Сондықтан осы мәселе ескеріліп, қазіргі уақытта медициналық білім беру саласында денсаулық сақтау саласы кадрларын даярлау­дың жаңа жүйесін құру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі медициналық білім беру мәсе­лелерін регламенттейтін нормативтік құқық­тық базаны қайта қарады. Сондай-ақ, ха­­лық­аралық талаптарға сай жаңа білім беру стандарттары әзірленді. Барлық жоғарғы оқу орындарында оқыту-клиникалық орта­лықтар құрылып, қазіргі заманғы зертханалар ашылды. Бүгінгі таңда жаңа білім беру технологиялары енгізілуде, профессор-оқытушылық құрамының білімін жетілдіру мәселесі де қолға алынып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, Үкіметтің 2010 жылғы 2 наурыздағы № 157 қаулысымен 400-ден астам жергілікті бюджеттегі медициналық ұйым­дарды қоса алғанда медициналық жоға­ры оқу орындарының клиникалық базаларының тізбесі бекітілді. Медициналық жоғары оқу орындарына түсушілерге талаптар күшей­тілген. «Жалпы медицина» мамандығына түсушілерге оқуға түсудің ең аз балы ағым­дағы жылы 55 балды құрады. Жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ, медици­налық колледждерге де қатысты. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен жоғары медициналық және фармацевтика­лық білім берудің стандарттарына сәйкес медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары бекітілді және ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап медициналық колледждерге енгізілді.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 2011-2015 жылдары медициналық және фармацев­тикалық білім беруді, денсаулық сақтау саласы кадрларын даярлаудың жаңа жүйесін құру жөніндегі жоспарланған реформаларды іске асыру жалғастырылады.

 

Айқан АҚАНОВ:

– Біздің жасап отырған сараптама қорытындысы бойынша жылына мыңға жуық маман дайындап шығарамыз. Оның ішінен фармацевт, тіс дәрігерлерін алып тастасақ, емдеу ісіне баратындары 600-700 адамға жуық. Сол түлектеріміздің 92 пайызын жолдама арқылы жұмыстарға жібереміз. Оның өзінде жартысы ғана сол жолдама берілген жерге жетеді. Бұл – жаман көрсет­кіш емес. Өйткені осыдан үш жыл бұрын арнайы жолдамамен жіберілгендердің 20 пайызы ғана тиісті орындарына баратын еді. Бүгінгі көрсеткіш бойынша жолдамамен қызмет етіп жүргендердің саны 40-50 пайызды құрап отыр. Мысалы, 2006 жылы бітірушілердің 16 пайызы, 2007 жылы 16 пайызы, 2008 жылы 20 пайызы ғана ауылдық жерлерге баратын. Демек, ауылдық жерлер­дегі әлеуметтік жағдай едеуір көтерілген. Мамандарымызға жағдай бұрынғыдан жақ­сырақ жасалатын болған деген сөз. Жылда бізде арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Онда мамандарға ұсыныстар келіп түсіп жатады. Былтыр 3600 маманның жетіс­пейтіні белгілі болды. Яғни, бір дәрі­герге бес орыннан келді. Оның басым көп­шілігі ауылды жерлерден. Жергілікті әкім­шіліктер жас маманды тарту үшін оған жағдай жасау қажет­тігін енді ғана түсініп жатқан сияқты. Олай дейтінім, кейбір облыстарда әлі де жастарға көңіл бөлінбеуде. Бүгін Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары, Атырау өңірлері алда келеді. Олар жас мамандарды жақсылап қарсы алуда. Осы күні біздің университет пен Солтүстік Қазақстан облысы арасында мамандарды жұмысқа тарту шарты бар. Олар жұмысқа орналасқан жастарға бірден пәтер береді, шамасына қарай аздаған малын да бөледі. Бара салған кезінде 250 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Тіпті жас маманның өсуіне де жағдай жасалады. Өзінің білімді­лігімен көзге түскен дәрігерлердің бір-екі жыл­дың ішінде қызметтері де өседі. Ар жа­ғында Ресей жақын болғандықтан, сол елге барып арасында білімін жетілдіруіне де көңіл бөлінеді. Атыраудың да жас маманға жасалатын әлеуметтік пакеті жоғары деңгейде. Университетіміздің байланыс жасап отырған он екі облысының ішінде осы үшеуін баса айтқым келеді. Басқалары жәрмеңке барысында уәдені үйіп-төгіп кеткенімен, іс жүзінде басқаша болып жатады.

Қалай да болса бітірген мамандардың төрт­тен бірі Алматы қаласында қалады. Жо­ғары білім беретін оқу орны осында болса да, жалғыз біз емес Қазақ – Ресей уни­верситеті де бар, Алматының өзінде осы күні 1400 дәрігер жетіспейді. Біздің түлекте­рімізге университет бітіргеннен кейін 2-3 жыл міндетті түрде тәжірибе жинақтауы керек. Өйткені дәрігер болу – өте жауапты іс. Олар­ға барған жерінде қолдау көрсетіліп, көмек беріліп жатса біліктілігін де арттырар еді. Сондықтан барлық облыстар жас ма­манға көңіл бөлсе екен деймін.

 

Ролан НҰРБАЕВ:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы­дағы қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында болып, ондағы соңғы үлгідегі емдеу аппараттарымен танысты ғой. Сонда ол кісі мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына әрдайым көңіл бөлініп келе жатқанын, ендігі кезекте халықты жақсы медициналық қызметпен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Сондықтан медици­налық жоғары оқу орындары да жақсы мамандар даярлауы қажеттігін тілге тиек етті. Негізінде адам жай ғана білім алуымен жақсы дәрігер бола алмайды деп ойлаймын. Ол бұл мамандыққа жанымен берілуі тиіс. Бұл барлық маман­дыққа қатысты қағида ғой. Жоғары оқу орындарының ішінде ең көп оқитыны медициналық оқу орындары. 7-8 жыл бойы ата-анасының ақшасына ақылы түрде білім алып жатқан студенттер көп. Олардың бар­лығы бірдей адамды емдеуге бара бер­мейтіні анық. Көбісі қолына дипломын алған соң фармацевтика болмаса шағын компанияларда кішігірім қызмет істеп жүр. Демек, олар өздеріне сенімсіз. Керісінше дәрігер болуды армандап, шынымен көңілі кеткен жастар­дың бұл мамандық бойынша білім алуына шамасы жетпеуі мүмкін. Олар­дың арасынан небір мықты дәрігерлер шығатын ба еді?! Ақшасы барлар оқиды бірақ, ынтасы жоқ. Дәл қазіргі таңда ақылы оқудың бағасын білмеймін. Бірақ, аз ақша емес екені белгілі. Сондықтан осы мамандыққа гранттар көбірек бөлінгені дұрыс сияқты.

 

Бауыржан ДОСЫМБЕКОВ:

– Біздің жоғары оқу орындарымызда білім беріп жатқан ұстаздарымыз ел арасында танымал, белгілі бір нәтижеге қол жеткіз­ген, кәсіби мамандар. Білім алып жатқан студенттер әртүрлі. Олардың арасында осы ма­мандыққа берілгені де бар, әйтеуір келе салғаны да бар. Дегенмен, білім алатын бірнеше жыл, яғни 7-8 жыл ішінде сол студенттер өздері-ақ іріктеліп шыға келеді. Жыл аяғында шынымен дәрігер болғысы келген­дері қалатын сияқты. Енді осы жас мамандар көп жерлерде елеусіз қалатын сияқ­ты. Біріншіден, бағана да айттым кеттім оларды ауылға көптеп тартса. Онда да бір реттік үстемақысын кемінде 150 мыңға дейін көтер­се. Мысалы, былтыр жас мамандарға 96 мың теңге үстемақы берілді. Сондай-ақ, баспана мәселесін шешуге көмектессе деймін. Бұл жерде бара салып, бір үйге кіргізе салса деп отырғаным жоқ. Қазір ауылдық жердің өзін­де үйдің құны 10 мың доллардан кем түспейді. Бір адамға берілетін несие 890 мың теңгені құрайды. Оған әрине үй сатып ала алмайсыз. Несиеге үй алу үшін бір бума құжат дайындайсыз және бірнеше ай соның соңында жүруге тура келеді.

 

Әзірлеген,

Толқын САДЫРОВА.

 

түйін

Нұргүл ХАМЗИНА:

– «KAZ НИИТО» деп аталатын травматология және ортопедия ғылыми орталығы цементсіз бекітуге арналған ұр­шық­буынының эндопротезін әзірледі. Сон­дай-ақ, блогталған остеосинтезге арнал­ған жаңа интрамедуллярлы шеге де шыға­рылды. Ұлттық ғылыми медициналық орта­лық пен «Stemedica Сэлл Техн., Инк.» аме­рикандық био-фармацев­тикалық компаниясымен «Жаһан­дық көш­басшылыққа жету» жобасы әзірленді. Оның шеңберінде зертхана және FDA (Food Drug Administration, АҚШ) сертификат­талған «Адамның дің жасушалары Мастер Банкі» ұйымдастырылды. Дің жасушалары бірінші кезеңде АҚШ Ұлттық донор банкінен түседі. Тағы бір айта кететін жайт, жақында ғана Қазақтың көз аурулары ғылыми-зерттеу институты фотодина­микалық терапия және дәрілік заттарды век­торлық жеткізуді пайдаланумен емдеудің жаңа тәсілдерін тапты.

 

Айқан АҚАНОВ:

– Жоғары оқу орнын бітірген студент­тердің 20 пайызы ғылымға бет бұрады десем, қателеспеймін. Қолына диплом алысымен, оқуын ары қарай жалғастырып магистратура да оқиды, артынан PhD үлгісіндегі докторан­тураға талпынып жатыр. Неге десеңіз, бүгінгі таңда ғылымсыз медицина жоқтың қасы. Жыл сайын медицина саласында жаңа өз­герістер пайда болып жатады. Оның ішінде жаңа дәрілер, жаңа емдеу тәсілдері деген сияқты жаңалықтар көп. Сондықтан дәрігер­лер үнемі ізденісте болуы керек. Қазір Білім және ғылым министрлігі оқудың жаңа концепциясын қарастыруда. Яғни, университеттер бес түрге бөлінбекші. Соның ішінде ғылыми-зерттеу институттарына баса назар аударылып, арнайы бағдарламалар жасалып, солар арқылы ғылымды дамыту көзделеді деп ойлаймын.

 

Ролан НҰРБАЕВ:

– Жаңа аймақтық балалар емханасы бюджеттен жалпы құны 3,3 млрд. теңгеге салынды. Оның құрамында бір кезеңде 450 адам қабылдайтын емхана, 200 төсектік стационар, қабылдау, рентген, физио бөлімдері, зертхана, кір жуатын бөлім, оттегімен қамтамасыз ететін стансы, басқа да қосымша бөлімдері бар. Аурухана әлемдік деңгейдегі стандартқа сай 733,0 млн. теңгеге 153 медициналық құрал-жабдық­пен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ауруханаға 670,5 штат бірліктері берілді, оның 161-ін дәрігерлер құрайды. Бү­гінгі таңда қалаларды айтпағанда аудан­дық аурухана­лардың өзінде медици­нанның барлық саласы бойынша арнайы кафедралар жұмыс істейді. Жұмысқа келген мамандар­дың науқасты емдеуіне, оған ақыл-кеңес беруіне, ағзасын тексеріп, анализ жасауына деген сияқты көптеген жұмыстарына кедергі жоқ.

 

Бауыржан ДОСЫМБЕКОВ:

– Ауыл тұрғындары үшін қат маманның бірі – тіс дәрігері. Тістің саулығы басқа ауыру­ға жол бермейтін бірден-бір амал болмақ. Қазіргі таңда қай ауылға бармасаңыз да тіс­тің түрлі ауыруларынан зардап шегіп жүрген жандарды көресіз. Болмаса жасына жетпей жатып, тіссіз қалатындары да баршылық. Жасыратыны жоқ, жаны қиналған олар аудан орталығына барады. Онда да ауруларын әбден асқындырып алғандықтан, тісін жұл­дыруға тура келеді. Дер кезінде ем қабыл­даған болса бұндай жағдайға жетпес еді. Тағы бір айта кететін жайт, сол тіс дәрігерінің өзіне де жағдай жасалмайды. Оның толық қызмет көрсетуі үшін арнайы дәрі-дәрмектер жетіс­пейді. Тіпті құрал-жабдықтары да бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Осы олқы­лықтар ескеріліп, ауыл дәрігерлері де назардан тыс қалмаса екен деймін.

Источник