Қазақ поэзиясының атасы Жамбыл Жабаевқа 170 жыл




28.04.2016

«Жыр алыбы Жәкең»  дегенде  ең алдымен  көз алдымызға Алатаудай асқақ бейнелі абыз қарт келеді. Оның өлең жолдарын мұқият оқығанда, кемел келешекке сара жол салып кеткенін бүгінгі ұрпақ таңдана, тамсана айтамыз. Ақындарымыз есімін  жырына  қосса, жас ақындарымыз «Жамбыл мектебінен» тәлім алуға ұмтылады. Өткір, өршіл өлеңдерінен еліміздің азаматтары  ғана емес, Жамбылды таныған шетелдіктер де тағылым  алады. Айтысқа шыққанда, қоңыр дауысқа сала отырып, қарсыласын  отты тілдерімен ора салатыны бүгінде осы өнерде жүрген айтыс ақындарының  ұраны деп мақтана айтамыз. Жырлары, дастандары ғасырлардан ғасырға  ұласатын ұлағат.

    «Тыңда дала, Жамбылды»-деп жырлаған жыр алыбының өсиетін байтақ еліміздің  ұрпақтарыөзінен кейінгі жетпіс жылдан бері жоғалтпай, қастерлеп келеді.

Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны, әріжыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді.

 Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты.

«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» – деген еді Сәкен Сейфуллин.

Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.

Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады.

 Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.

        Жүз жасаған жыр алыбының өлеңдерін оқығанда, ғибрат аласың. Айкүміс, Құлманбет, Шашубай және Досмағанбетпен айтыстарында  елге деген сүйіспеншілікті, адал еңбек етуді жастарға өнеге етіп отырған.

Ал, «Өтеген батыр»,  «Сұраншы батыр», «Көрұғлы»,  «Бақ, дәулет, ақыл» атты дастандарында ерлікті, батырлықты жырлайды.

Айталық , өзін емдеп жүрген дәрігер Рақымбай

Досымбаевқа арнаған өлеңі де бар. Өлең осыдан жүз жыл бұрын  жеке дәрігеріне арналып жазылса да, бүгінде маңызын еш жойған жоқ.

Жамбылдың дәрігерге айтқаны

Бұл өмірде тоймайды адам жасқа,
Бақыт үшін болама жасамасқа…
Қарағым, жасарта бер Жамбылыңды,
Өлтірме шамаң келсе даңғылыңды.
Өмірге тым асығыс ерте туып,
Өткіздім бейнетпенен сан жылымды.
Өткенге өкінемін амалым жоқ,
Өлімге менің қарсы табарым жоқ,
Өзің біл шамаң келсе шара қолдан,
Жәй жатқан жан емеспін талабым жоқ,
Бір күні зорлық қылып әкетпесе,
Өзім тілеп өлімге барарым жоқ-дейді.

Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы,тьютор

 Рахымбаева Ақлима Тлеумбекқызы

Жалпы медицина факультеті 15- 003-1-2 топ студенттері