Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлері тәртібінің, олардың азаматтармен сыпайы және ілтипатты қарым-қатынас жасау ережелері




20.08.2011

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібі, олардың азаматтармен сыпайы және ілтипатты қарым-қатынас жасау ережелері (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларының, «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңның талаптарының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінің негізінде әзірленді.
2. Ережені Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) сақтауы үшін міндетті этиканың көпшілік мақұлдаған нормалардан және мемлекеттік қызмет ерекшеліктерінен туындайтын негізгі тәртіп ережелері белгілейді.
3. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін-өзі қауіпсіз сезінуге, полиция қызметкерін оның өмірін, денсаулығын, намысы мен абыройын қылмыстық қол сұғушылықтан сенімді қорғауға қабілетті қорғаушы ретінде білуі тиіс.
4. Заң берген кең құқықтар мен өкілеттіктерге ие болып, полиция қызметкері ұстамдылық пен жоғары мәдениеттілік таныта отырып, оларды білікті және саналы пайдалануы тиіс.
5. Қызметкерлер құқық бұзушылықтардың жолын кесу кезінде табанды болуға міндетті, сонымен қатар олардың іс-әрекеттері құқықтық тұрғыда мінсіз, заң бұзушылықтарды, азаматтардың, оның ішінде ұсталғандар мен қамауға алынғандардың құқықтарына қысым көрсетуді болдырмайтындай түсінікті болуы тиіс.
6. Қызметкерлер халықтың назарында ұдайы болатынын және полицияның абыройы оның мінез-құлығына байланысты екенін әрқашан есте ұстауы керек.
7. Әрбір полиция қызметкері:
– өзінің парызын адал орындауға; – орындаушылыққа, ұқыптылыққа, кәсіби біліктілікке, қарапайымдылыққа, нақтылыққа, өзінің және өзгенің уақытын бағалай білуге негізделген іскерлік тәртіпті ұстануға;
– үнемі өз тәртібін, сезімдері мен эмоцияларын бақылап, өзінің жеке симпатиялары немесе антипатияларының, жек көру сезімінің, жағымсыз көңіл-күйдің немесе достық қарым-қатынастың қызметтік шешімдерге әсер етуіне ерік бермеуге;
– атағы немесе жасының үлкендігіне қарай үлкендерге құрмет көрсетуге және көңіл бөлуге, кіші – үлкенмен, қол астындағы қызметкер – бастықпен үнемі бірінші болып амандасуға;
– қызметкерге үлгілі отағасы болып, балаларына қамқорлық танытып, олардың жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға міндетті;
– сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға;
– ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке мүдделерін қозғайтын мәселелерді шешуге қатысты адамдардың қызметіне араласпауға;
– кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласпау фактілерін және жеке шаруашылықпен айналысатын субъектілерге ықпал ету жағдайларын болдырмауға;
– қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты жеке және заңды тұлғалардан сыйлық пен көмек қабылдау фактілерін болдырмауға;
– қазақстандық немесе шетелдік жеке немесе заңды тұлғалардың есебінен мемлекетаралық және шетелге туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де жол жүрулерге, заңда белгіленген жағдайлардан басқа шақыруларды қабылдамауға міндетті.
8. Автомобиль немесе басқа да көлікті жүргізетін қызметкерге жол жүру қауіпсіздігі мен автокөлікті пайдалану ережелерін қатаң және нақты орындау:
– автокөлікті (алкогольдік, есірткілік, токсикологиялық) мас күйде жүргізуді болдырмау, басқа адамға қызметтік автокөлікті сеніп тапсырмау;
– автокөлікті барлық қажетті құжаттармен жүргізу;
– қызмет өткеру кезінде қызметтік және жеке автокөлікпен басшылықтың рұқсатынсыз елді мекендерден тыс жерлерге шықпау қажет.
9. Қызметтік мәдениеттің нормалары мен ережелері қызметкерге:
қызметтік міндеттерін орындау кезінде құрамында алкоголі бар сусындарды қолдануға;
арнайы белгіленген орындардан басқа қоғамдық орындарда, қызметтік үй-жайларда, мемлекеттік мекемелердің үй-жайларында темекі шегуге тыйым салады.

2. Қызметкерлердің тәртіп нормаларының негізгі ережелері

10. Жедел-қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ережелер қызметкерден: барлық қызметтік уақыт ішінде тиімді жұмыс атқаруды, оның қарауындағы материалдық және материалдық емес ресурстарды тек қызметтік мақсатта пайдалануды талап етеді.
11. Ұстау, тінту, тексеру кезінде құқық бұзушыларға (күдіктенушілерге) қатысты шектен тыс қаталдыққа, жәбірлеуге жол бермеу және олардың нәсілдік, діни және саяси көзқарастарына қатысты құқыққа қарама – қайшы іс-әрекеттер жасамау.
12. Жәбірленушілер мен куәларға, әсіресе, жасы ұлғайған адамдарға, әйелдерге, балаларға, кемтар адамдарға кішіпейілділік таныту және көңіл бөлу.
13. Тұрғын үй-жайларында тінту, тәркілеу жүргізу кезінде азаматтардың бұйымдары мен жеке заттарына ұқыпсыз қарауға жол бермеу.
14. Құқық бұзушылық іс-әрекеттерді анықтаған және олардың жолын кесу кезінде қызметкер:
– құқық бұзушыға, егер жағдай болса, әдепті және дәлелді түрде оған қарым – қатынас жасауы себебін түсіндіруі қажет;
– оларды азаматтардың қате немесе екі түрлі түсінулеріне жол бермей, нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сүйене отырып, қысқа және анық айтуы;
– төзімділігі мен намысын сақтай отырып, өзінің эмоционалдық көңіл-күйін бақылап, өзінің болмысымен және іс-әрекетімен сенімділік пен сабырлылық көрсетуі;
– құқық бұзушылар дау-жанжал тудырған кезде эмоционалдық-психологиялық тұрақтылық танытуы қажет.
15. Медициналық көмекті қажет ететін адамды ұстаған кезде қызметкер медициналық персоналды қатыстыра отырып, оған осы көмекті қамтамасыз етуге, ал қажет болған жағдайда оның өмірі мен денсаулығын сақтап қалу шараларын қолдануға міндетті.
16. Қызметкерге белгілі болған жасырын сипаттағы барлық мәліметтерді құпия сақтауы тиіс.
17. Қызметкер өзіне өтініш білдірген азаматтардың мәселелерін оң шешу үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
18. Қызметкер азаматтар өтініш жасаған кезде :
– қызметтік қарым-қатынасын амандасудан бастап (нысанды киімде болғанда қолын бас киімге тақап);
– өзінің лауазымын, арнаулы атағын, тегін айту керек;
– азаматтың сұрауы бойынша қызметтік куәлігін ұсынуы;
– өтініш білдіруінің мақсаты мен себебін қысқа хабарлау керек;
– өзінің ескертулері мен талаптарын сыпайы және сенімді түрде айтуы;
– қажет болса, айтылғанның мазмұнын ешбір ашуланусыз қайталауы және түсіндіруі;
– азаматтың түсініктемелерін немесе сұрақтарын мұқият тыңдап, сөйлеушінің сөзін бөлмей, әңгімелесушіге деген тілектестігін және құрметін көрсетуі тиіс.
19. Азаматтың құжаттарын тексергенде қызметкер:
– әдепті және сыпайы түрде талап етілген құжаттарды ұсынуды сұрауы;
– азаматқа себебін түсіндіре отырып, құжаттарын тексеруі;
– тексеріс аяқталғаннан кейін азаматқа алғыс айтуы және құжаттарды қайтаруы тиіс.
20. Қызметкер телефонмен сөйлескенде:
– қоғамдық орындарда телефонды пайдаланғанда маңайындағы адамдарға қолайсыздық тудырмай сөйлесуі;
– қызметтік телефонды пайдаланғанда өз ойын анық, айқын және қысқа баяндауы;
– қызметтік құпияны сақтау туралы үнемі есте сақтауы;
– телефон қоңырауына жауап берген кезде атағын, тегін айтуы және түсінікті, толық ақпарат беруі керек.
21. Келушілерді қабылдау кезінде:
– кабинетке кірген келушінің амандасуын қабыл алуға, оған отыруды ұсынуға;
– келушінің өтінішін тыңдауға және баяндалған проблеманың мәнін анықтап алуға, сыпайы түрде нақтылайтын сұрақтар қоюға;
– қажет болған жағдайда қарастырылып жатқан мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіруге;
– келушіге өтінішінің қаралу тәртібі мен мерзімдерін, сонымен қоса қабылданған шешімге шағым беру туралы мәлімет беруге кеңес беріледі.
22. Қызметкер:
– келушіні қабылдауды негізсіз көп уақыт күтуге мәжбүрлемеуі;
– келушінінің сөзін дөрекі түрде бөлмеуі;
– келушіге қатысты ашуланбауы және наразылық танытпауы тиіс.
23. Шетелдіктермен қарым-қатынас кезінде қызметкер шыдамдылық, ұстамдылық, сыпайылық, көмек көрсетуге дайын екендігін танытып, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіруі қажет.
24. Шетелдіктер қоғамдық тәртіпті болмашы бұзған кезде қызметкер мұндай іс-әрекеттерге жол бермеу туралы түсіндірумен және ескертумен шектелуі тиіс.
25. Қызметкерге шетел азаматтарымен саясат және қызметтік жұмыстар, сондай-ақ ұжымдағы қарым-қатынастар туралы мәселелерді талқылауы қажет емес.
26. Қызметкердің сөйлеу мәдениеті жеке тұлға мәдениетінің маңызды элементі болып табылады.
Қызметкер өзінің сөйлеуін, сөйлеу ырғағын және интонациясын қадағалап отыруы керек. Сөйлеу кезінде белгілі бір әлеуметтік немесе ұлттық топтарға қатысты дөрекі қалжың және мысқыл сөздер, «паразит» сөздер, тіл тигізу болып саналатын пікірлер, адамның кемтарлығына байланысты қорлау және ұятсыз сөздерді қолдануға болмайды.
Адамдарға деген жағымсыз, жиіркенішті қарым-қатынасты айрықшалайтын әдепсіз лексикалар мен көргенсіз сөздер, әріптестермен және азаматтармен қарым-қатынаста, жаргон сөздер мен қылмыстық субкультураның басқа да элементтерін қолдануға қатаң тыйым салынады.

3. Бастық пен оның қарамағындағы адамның қарымқатынасы

27. Бастық.

Қай басшының болмасын жұмыс стилі туралы оның қолданатын тәсілдері мен әдістерінің жиынтығына, іске деген ыңғайына, адамдарға, әсіресе, қарамағындағы қызметкерлерге деген қарым-қатынасы бойынша бағалайды.
Әрқашан да қарамағындағы қызметкерлер үшін бастықтың оң үлгі-өнегесі қажет. Егер бастық беделді және сыйлы болса, оған ұқсауға, оның жұмыс әдістерін, мінез-құлық әдеттерін, сөйлеу ырғағын өзіне қабылдауға тырысады.
Қарамағындағы қызметкер бастықтың тарапынан ілтипат пен сыйластықты сезінуі қажет. Егер қарамағындағы қызметкердің пікірі қате болса, оны дәлелді және әдептілікпен айту қажет.
Қарамағындағы қызметкерге жолдастарының, әсіресе, бөгде адамдардың алдында ұрсуға болмайды. Жасалған теріс қылыққа байланысты қарамағындағы қызметкерге кез-келген ескерту оның ар-намысына тигізбей жеткізілуі керек.
Басшы қарамағындағы қызметкерлерімен қарым-қатынаста өзін бірқалыпты ұстауы қажет, кез-келген жағдайда сабырлылығын жоймауы тиіс. Объективті және әділ болуы керек, біржақтылыққа жол бермеуі және өзін сыпайы және әдепті ұстауы қажет.

 

28. Қарамағындағы қызметкер.

Бастықтың бұйрықтары мен өкімдерін мүлтіксіз орындау туралы жарғының талаптарынан басқа, бастықтың кабинетіне кіргенде қарамағындағы қызметкер:
– егер бастық оны жеке білмесе, өзін таныстыруға;
– егер отыруға рұқсат берілмесе, отырмауға;
– отыру туралы рұқсат алған соң, орындыққа жантайып жата кетпей, аяқты аяққа салып алмай және қолда ештеңе айналдырмай, түзу, тыныш отыруға;
– сөйлескенде басшының сөзін бөлмеуге, оған өз ойын аяқтауға мүмкіндік беруге, қысқа сөйлеп, іскер және сабырлы болуға, өзін-өзі еркін сезінуге, әңгімелескенде өз пікірін ұялмай айтуға міндетті.
Бастық пен атағы бойынша жоғары қызметкерге деген сыйластық оған жол беруді, дәлізде немесе көшеде өткізіп жіберуді талап етеді.

4. Нысанды киімдерді кию және қызметтік куәлікті ұстау

29. Этикеттің маңызды құрамының бірі – өзінің сырт келбетіне қарау болып табылады. Сырт келбетінің сымбатты болуы – адамның өзін-өзі және маңындағыларды сыйлауы. Керісінше, киім киюдегі, шаш қою үлгісіндегі ұқыпсыздық және т.б. – адамгершілік пен іскерлік қасиеттердің жоқтығының көрінісі.
30. Ішкі істер органдарының қызметкері:
– нысанды киімді белгіленген талаптарға сәйкес таза, мұқият және үтіктелген күйде киюі;
– мереке күндері нысанды киімге мемлекеттік және ведомстволық ордендер, медальдар және үздік белгілерді, ал күнделікті жағдайда – ордендік планкаларды тағуы;
– саптық сымбатын көрсетіп, өзін тік ұстап, бүкіреймей жүруі керек.
31. Нысанды киімдегі қызметкерлер бір-бірімен кездескен кезде бұйрық талаптарына сәйкес амандасады.
32. Қызметтік қажеттілік кезінде іскерлік қатаң стильдегі, қызметкердің ұқыптылығы мен мұқияттылығын айрықшалап тұратын азаматтық киім киюге рұқсат етіледі.
33. Нысанды киімдегі қызметкер: егер ол қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты болмаса, базарларға, дүкендерге, мейрамханаларға, казиноларға және басқа да сауда объектілері мен көңіл көтеру орындарына бармауы тиіс. Көшеде өздігінше қозғалыс кезінде шаруашылық сөмкелерін, ашық түсті целлофанды пакеттер ұстауға, шылым шегуге, тамақ жеуге болмайды.
34. Қызметкерге сақал, ұзын бакенбардтар өсіруге, неке жүзігінен басқа зергерлік бұйымдар тағуға кеңес берілмейді.
35. Қызметкерге татуировка жасауға, пирсинг тағуға, нысанды және азаматтық киімдердің бұйымдарын араластырып киюге, қолын қалтасында ұстауға, түкіруге, тиісті түрін жоғалтқан нысанды киіммен жүруге болмайды.
36. Қызметтік куәлік – қызметкердің ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргендігін растайтын ресми құжат болып табылады.
37. Қызметкерге:
– қызметтік куәлігін басқа адамдарға беруге, оны кепілдікке немесе сақтауға қалдыруға;
– қызметтік куәлікті қызметтік міндеттерді орындаумен байланысты емес мүдделерге пайдалануға (ұсынуға);
– қызметтік куәлікті әмияндарда, барсеткаларда, сөмкелерде, портфельдерде, оның сақталуын қамтамасыз етпейтін басқа орындарда сақтауға тыйым салынады.
38. Қызметтік куәлікті жоғалту қызметтік тәртіпті ғана емес, сонымен қоса кәсіби этика нормаларын дөрекі бұзғандық болып табылады. Қызметтік куәлікті немқұрайлықпен жоғалту, оны жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану, белгіленген тәртіптегі жауапкершіліктен басқа, қоғамдық ықпал ету шараларына тартуға әкеп соғады.

 

 

5. Ережелердің нормаларын бұзғандық үшін жауапкершілік

39. Ережені сақтау – ішкі істер органдарының әрбір қызметкерінің адамгершілік борышы болып саналады.
40. Ережені білу және оны үлгілі орындау қызметкердің кәсіби қызметін, оның ішінде марапаттау және қызметі бойынша ауысқан кезінде бағалаудың міндетті белгілері болып табылады.
41. Қызметкерлердің тәртібі үшін ерекше жауапкершілік қарамағындағылардың қызметтік парызын Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын қатаң сақтау, қызметтік міндеттерін адал орындау, дөрекілік пен мейірімсіздікке келіспеушілік рухында тәрбиелеуге міндетті болып саналатын барлық деңгейдегі басшыларға жүктеледі.
Қызметкерлердің азаматтармен әдепсіз қарым-қатынасы фактілеріне басшылар түбегейлі араласуы, оған кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуы, қарамағындағы қызметкерлерге өзінің азаматтармен әдепті және сыпайы қарым-қатынасының үлгісін көрсетуі қажет.

әдеп,қарым-қатынас