Бөбектің былдыры, сылдырмақтың сылдыры аз




20.09.2011

Ана – үйдің ұйытқысы, бала – үйдің берекесі. Әлемдегі демографиялық саясаттың бастауы да осы екі ұғымға тікелей бағынышты. Сол себептен дүниежүзі ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударған. Ал біздің елімізде ана мен бала денсаулығына қарайтын Денсаулық сақтау министрлігі бұл істе не тындырды? Статистикалық деректер мен атаулы бағдарламалар шараналардың шығынын азайта алды ма? Медицина саласында ана мен бала өлімін азайту – басты мақсат болып отырғанымен, оған шын пейілімен, жауапкершілікпен қарап отырған кім бар? Қазір қоғамда «ана мен бала құқығы аяққа тапталып отыр» дейтіндер баршылық. «Ақ қалатты» деп абзал жанға теңейтін адамдарымыз ана құрсағындағы шарананың өліміне кәсіби тұрғыдан қаншалықты көмектесе алып жатыр?

Әрбір әйел адамның арманы да – ана болу. Алайда қазір аяғы ауырлап, бақыттың бал дәмін енді ғана сезінемін деп бойын қуаныш кернеген аналардың арманы аяқасты етіліп жүргені шындық. Бүгінгі таңда қоғамда өте өзекті болып отырған ана мен бала құқығы, аяғы ауыр әйелдердің түсік тастауы туралы аз айтылып жүрген жоқ. «Тоғыз ай бойы құрсағында көтерген сәбиін кеудесіне қыса алмай арманда кеткен аналар мен ана сүтін аузына алмай жан тапсырған шараналардың обал-сауабы кімге?» деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті соңғы уақыттары құрсақтағы ұрықтың дамымай қалу себептері де ерекше «қарқын» алып кетті. Аналар болса өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді, ал дәрігерлер өз денсаулығына немқұрайды қарайтын ата-аналарды жазғырады.  Ауруханалардағы таңнан-кешке дейін күнұзақ кезекте отыратын аналардың уәжі де орынды.  Бірақ бір гинеколог бүкіл әйелді қанша уақытта қарап бітеді? Соңғы кездері дәрігерлер мен аналар, әсіресе енді ғана аяғы ауырлаған жас аналарға түсіндірме жұмыстары, ақыл-кеңес айтып отыратын уақыттың тапшылығы да тағы бар.

Біраздан бері көкейде жүрген сауалдарымызға Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті жауап берген болатын.  Өткен жылы – 15 206, биылғы жылдың 5 айында – 6653 әйелде ұрықтың құрсақта өліп қалуынан болған жүктілік байқалған. Нәресте өлім-жітімі мың тірі туғандарға шаққандағы көрсеткіші былтыр – 16,5, ал ағымдағы жылдың 6 айында – 15,4 пайызды құрап отыр. Десе де министрлік «2008 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған өлі және тірі туғандар критерийлерінің енгізілуіне қарамастан және жүйелі шараларды қабылдау нәтижесінде көрсеткіш соңғы екі жылда 15 пайыз төмендеген» деген мәлімет береді. Біздің ол мәліметке ешқандай алып-қосарымыз жоқ. Бірақ бір күнде 20-дан аса әйел (бұл саннан көп болмаса аз емес) ұрықтың құрсақта өліп қалуынан зардап шегіп, аурухана төсегіне таңылатынын ғана айта аламыз.

Департамент: «Өткен жылы 30 630 әйелде жүктілік өз бетінше түсікпен аяқталған, ал биылғы  жылдың 5 айында ол 12 667 болып отыр. Жекеменшік медициналық ұйымдар жоспары тәртіпте «Медициналық қызметтерді көрсету, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы бойынша жеке кәсіпкерлік саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігі мен Экономикалық даму және сауда министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес тексеріледі. Ал жоспардан тыс тексеру жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізіледі», – дегенді айтқанымен, соңғы кездері қаптаған жекеменшік орталықтар емес, ауруханалардағы жүйесіздік шешімін тауып отырған жоқ. Бірақ, олар ана мен бала сырқаттанушылығы мен өлім-жітімнің көрсеткішін төмендетуде кешенді шараларды қабылдап жатқанын айтып сендіреді. Ауруханада емделді деген аты болмаса қазір аяғы ауыр әйелдерге ешқандай жеңілдік жоқ. Қай есікке барсаң да уақытың мен қыруар ақшаңды шығындайсың. Небір қымбат дәрілерді аналар өз денсаулығы үшін дәріханалардан сатып алады. Департамент берген жауапқа сүйенсек, жүкті әйелдерге жеңілдік молынан қарастырылған деседі. Олардың ұсынған тиімді технологиялары – қауіпсіз ана, балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеу, емшек сүтімен қоректендіру және жасөспірімдерге және жастарға деген достық қарым-қатынас бағдарламаларын енгізу, өңірлендіру қағидасы бойынша жүкті әйелдерге және босанатын әйелге көмек көрсету, мұнда әйелдер мен балаларды ең жоғары деңгейде тасымалдау жүзеге асырылады делінген. Тіпті ана денсаулығын сақтауды жақсарту үшін тегін медициналық көмек ретінде әйелдерге станционарлық көмекке былтыр жылы 23,8 млрд теңге, одан бөлек босандыру ұйымдарын жөндеуге 2,2 млрд теңге бөлінген. Олардың атауы дардай бағдарламалары мен кешенді шараларынан соң емханаға барып емделу оңай көрінеді. Қарапайым ғана адамгершілік тұрғысынан қарайтын болсақ, дәрігерлеріміз адаммен қалай қарым-қатынас жасауды білмейді. Адамдардың жанын рухани тұрғыдан емдеудің орнына науқастардың өзін қату қабақтары, ащы тілдерімен жекіп есін алады. Шын мәнінде де емделушілердің көпшілігі дәрігерлердің жылы сөзіне зәру екендіктерін алға тартады. Ауруханалардағы орыс тіліндегі құжаттарды тіл білмейтін кейбір емделушілер толтыра алмай әлекке түссе, енді біреулері ауырып тұрғанын айтып жеткізе алмайды. Ал бұл олқылықты қадағалап отырған құзырлы орындарды білмей басың қатады.

Әйелдерді скрингтік тексеріп-қарау, жүктілікті есепке қоюдың бастапқы мерзімінен бастап соңғы мерзіміне дейін әрбір жүкті әйелді есепке алуды жүргізуге ықпал ететін Жүкті әйелдер тіркелімін енгізу, балаларды, жасөспірімдерді және жүкті әйелдерді тегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде жүкті, босанатын, босанған әйелдердің ауыр жағдайының күнделікті мониторингі секілді таусылып бітпейтін министрлік бекіткен міндеттердің жүзеге асып жатқаны тағы шамалы. Бір ғана мысал, аяғы ауыр әйелдердің өздері қалаған емханаларға тіркелуі тым қиындалып кеткен. Алғашқы кеңес түгілі, олардың түсік тастағаннан кейінгі денсаулығына да бей-жай қарайды. Ал жас аналар көп нәрседен хабарсыз болғандықтан емделмей жүре береді. Бір қызығы, кейбір жағдайларда емханалардағы жүкті әйелдердің жолдама хаттары, тіркеу қағаздарын да қаптаған құжаттардың арасынан таба алмай екінші мәрте қайтадан жасатып жатады.

Қазақта «ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар. Адам жанын аман алып қалу Алланың ғана қолында. Сол себептен өз денсаулығына салғырт қарайтын ата-аналардың да сәби сүйе алмай жүргені шындық. Дәрігер мамандар жұбайлардың жеңіл жүрісі, отбасындағы жанжал мен жан күйзелістерінің соңы да іштегі шарананың жарық дүниеге келе алмауына себепші екендігін алға тартады. Тұмау, герпес, цитомегаловирус, хламидиоз, уреаплазмоз, микоплазмоз, токсоплазмоз секілді инфекциялар ұрықтың құрсақта өліп қалуына әкеліп соғады екен. Одан басқа анасы көп темекі шексе, ішімдік немесе есірткі тұтынса, үнемі күйзеліс жағдайында болса, терратоген эффектісі бар дәрілер қабылдаса, экологиялық қолайсыз ауданда тұрған жағдайда да ұрықтың құрсақта өліп қалу жүктілігі болуы әбден мүмкін. Ал жүктілік инфекция нәтижесінде дамымай қалған жағдайда ерлі-зайыптылар міндетті түрде ем алуы маңызды. Осы кезеңде ерлі-зайыптыларға қажетті емшара қабылдау, зиянды мінез-құлықтардан бас тарту, дұрыс тамақтану, витаминдер қабылдау, психологиялық оңалтудан өтуге ұсыныс беріледі. Осы қабылдаулардан кейін дәрігерлер әйелдердің 80-90 пайызы ұрықтың құрсақта өліп қалуынан болған жүктіліктен кейін дені сау баланы дүниеге әкеле алатынын айтады.

Бапаева Биллаханқызы, Окушерия және гинекология бөлімінің бас ғылыми кеңесшісі:

Дамымаған жүктіліктің негізгі себебі – хромосомды аномалия. Ол ұрықта генетикалық кемтарлық, өмірмен үйлесімін таппаған ақаумен даму, инфекциялық аурулар, жыныс мүшесі арқылы берілетін инфекциялық  аурулар, жүктіліктің басталған уақыттағы ананың вирустық ауруы, жатырдағы инфекциялық қабыну процестері, ананың эндокринді патологиясы, иммунды және аутоиммунды процестер – әкенің 50% антигені болғандықтан жартылай бөтен болып табылғандықтан ананың ағзасы эмбрион тіндерін қабылдамайды. Эмбрионның өлуі көбінесе ананың қант диабеті болғанда туындайды.

Әрине көп жағдайда дамымаған жүктіліктің уақытылы диагностикасы дәрігердің кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты. Десе де әлдекімді ұрықтың өлуіне себепкер деп кінәлау қиынға соғады. Біріншіден, ана мен әке өз денсаулығына дұрыс қарағаны жөн. Екіншіден, медицина қызметкерлеріне байланысты. Жүктіліктің ерте мерзімінде ұрықтың өліп қалуын өздігінен қорытынды жасап ешкім анықтай алмайды. Сондықтан да жүктілікті бақылау үшін әйелдер консультациясы дәрігеріне жиі барып тұрғаны маңызды. Ерте мерзімде дәрігер гинекологиялық тексеріс (жатыр көлемі мен жүктілік мерзімінің сәйкессіздігі) негізінде дамымаған жүктілікті болжай алады. Бұл диагноз ұрықты ультрадыбыстық зерттеу барысында расталады. Сонымен қатар генетик дәрігерлер салауатты өмір салтын ұстануды, жаман қылықтардан арылту, дұрыс тамақтану ұсынылады. Дамымаған жүктілікті алдын алу мақсатында жүктілікті жоспарлау мерзімінде және бірінші триместрінде жүктіліктің 12-14 аптасына дейін фолий қышқылы мен Е витаминін қабылдау ұсынылады. Анамнездегі дамымаған жүктілік әйелдің бала туа алатын қызметіне тоқтау қою деген  себеп еместігін айта кеткен жөн. Кейінгі жүктіліктер асқынулармен болады деп айту артығырақ. Келесі жүктілікті 6-8 айдан кейін, яғни ананың ағзасы толық қалпына келгеннен кейін жоспарлаған дұрыс. Осы уақытта толық тексеруден өтуі және қажетті емді қабылдағаны дұрыс.

Отбасындағы береке-бірлікті нығайтып, ерлі-зайыптылардың ортасындағы алтын діңгекке дем беретін – балалардың былдыры мен сылдырмақтың сылдыры. Сол бір үнді өз үйінен естігісі келетіндер қаншама! Ал ол үшін мамандар емес, ең алдымен, ата-аналар өз алдарына үлкен жауапкершілік қойып, Алланың алдында артық қылықтардан арылып, жаман әдетке бойламай, денсаулығына мұқият болуы аса маңызды.

Бөбектің былдыры