Бір шаңырақ астында




04.05.2013

ҚазҰМУ әлемнің 17 елінің, 34 ұлттың студенттері үшін ортақ отбасыға айналды.

«Біз, дәрігерлер –  орналасқан шекарамызға, діни көзқарасымызға және сенім-нанымымызға қарамастан, тек бір ғана тілде – медицина тілінде сөйлейтін үлкен бір медициналық отбасымыз».

Айқан Ақанов

 Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған дәстүрлі этнофестиваль С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да өтті.

Театр аренасы алдындағы алаң қызыл-жасыл ұлттық киім киінген бойжеткендер мен бозбалаларға толы. Елімізде өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлттардың алуан түрлі ұлттық бояулары мерекелік көңіл-күйді сезіндіріп, тұрмыстарының, дәстүрінің, мәдениеті мен дінінің өзгешелігіне қарамастан,  республикамыздың басты байлығы – халықтар бірлігі, олардың достастығы мен толеранттылығын тағы да еске салды.

Біздің универсиетет – осындай қарым-қатынастың айқын үлгісінің бірі: мұнда 34 ұлт өкілдері білім алып жүр! Мереке күні театр аренасында ашық аспан астында өз тұрмысын, мәдениетін және өнерін қазақтар, орыстар, ұйғырлар, корей, татар, түркімен, өзбек, ауған, үндіс, тәжік және әжірбайжан халықтары таныстырып өтті. Көрмелерде ұлттық киімдер мен бас киімдер, музыкалық аспаптар, кітаптар мен қолөнер туындылары, ұлттық тағамдар және де әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігін сипаттайтын басқа да заттар көрсетілді.

Этно-мәдени топтардың солистері мен би ұжымдары өз күштерімен қойып, орындаған биге не жетсін! Осы күні аренаға жиналған көрермендер өнер көрсетушілерге ду қол шапалақ соғып, керемет қолдау көрсетіп отырды.

Фестиваль жүргізушілері елімізде 130 ұлттың өкілдері өмір сүріп келе жатқанын еске түсірді. Елбасының бастамасымен 20 жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды, барлық ұлттық мәдениеттерді дамыту үшін тең мүмкіндік беріліп отыр, балалар ана тілін оқып үйрене алатын мектептер жұмыс істеп тұр.

Қолдарынан бал тамған студенттер алуан түрлі тағамдар әзірледі: пахлава, шакербура, чак-чак, нарын, палау, хе, далма, манты… жарқыраған ұлттық киімдер, әртүрлі халықтардың музыкасы, әдемі би, музыкалық аспаптар көрмесі – мұның бәрі көпұлтты еліміздің өміріне алуан түсті реңк берді. Фестиваль айналамызда өмір сүріп жатқан адамдардың дәстүрі, мәдениеті жайлы білуге, оларды жақыннан түсіне білуге, олардың жарқын ерекшелігін сезінуге және де қазақ жерінде  тұрып жатқан халықтардың татулығы мен бірлігін нығайтуға септігін тигізді.

 ҚазҰМУ Баспасөз қызметі