Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!




17.03.2014

2014 жылдың 5-ші наурызында қалыпты физиология кафедрасында   «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы»  кеңесінің  ұйымдастыруымен «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз»  атты тақырыпта акция өткізілді .         Өткізілген акцияға университетіміздің Этикалық кеңесінің төрайымы проф. Ж.Ғ. Мустафина, Жалпы медицина факультетінің деканаты, «Life sciences» департаменті, ҚазҰМУ-нің тәрбие жұмыстары және әлеуметтік істер жөніндегі бөлім өкілдері мен университетіміздің «Антикор»  студенттік ұйымының  мүшелері шақырылды.

Сонымен қатар өткізілген іс-шараға кафедрамыздың профессорлық-оқытушылық құрамы және 1,2 курс  студенттері қатысты. Бағдарлама бойынша алғашқы сөзде  кафедра меңгерушісі міндетін атқарушы, доцент Ш.О. Рыспекова тақырыпқа сай өз ойын ортаға салды.

Университетіміздің Этикалық кеңесінің төрайымы проф. Ж.Ғ. Мустафина да біздің университетіміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің жұмыс бағдарламасы, оның нәтижелері мен университетіміздегі осы тақырыпқа сәйкес  алдын-алу  және  орын алған түрлі жағдайларға қарсы жүргізілген шаралар жайында айтып өтті.

Профессор  Ж.Ғ. Мустафинаның  университет қабырғасында студенттердің білім алу барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, болашақта да  үлкен қателіктерге бой алдырмай, дәрігер деген атқа кір келтірмей, ақ халатты жандардың жаны, рухы таза әрі кіршіксіз болулары жайында айтқан сөздерін  қатысушылар қызығушылықпен тыңдады.

Кафедраның сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің төрағасы профессор А.Д. Соколов  ҚР «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» заңының баптарымен таныстырды. Университетіміздің «Антикор»  студенттік ұйымының  мүшелері  С. Сайранбек  мен  Қ. Шәкен  өз ұйымдарының жұмыстары және жалпы жемқорлық туралы мәліметтерге тоқталып өтті. Сонымен қатар осы тақырып жайында студенттер де өз ойларын ортаға салды. Стоматология факультетінің 2 курс студенті Еңкебаев Нұрбол:

«Жемқорлықтың пайда болу себептері, студенттердің білім алу барысында пара беру мен оқытушыларды пара алуға мәжбүрлейтін жағдайларға тоқталып,  жемқорлықтың алдын-алу үшін осындай іс-шаралар кафедра, университет деңгейінде жиірек болса» деген ұсынысын айтып өтті. 2 курс Стоматология факультетінің студенті Жолшибекова Асем:  « Жемқорлықтың түбегейлі тамыры жойылмаса да жемқорлық жағдайларын азайтуға әркім өз үлесін қосуы қажет деген үндеу тастағым келеді» деп ойын айтты.

Акция тақырыбына сай суреттер жинағы ілініп, студенттердің өздері түсірген бейне-ролик көрсетілді. Осы тақырып төңірегіндегі  акция  студенттердің өз ойларын ашық жеткізіп,  қызығушылықтарын және белсенділіктерін арттырып, қызу талқыланып үлкен әсерленіспен өтті.

 

 

 

Акцияны ұйымдастырушы: қалыпты физиология кафедрасының сыбалайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің төрағасы: проф. Соколов А.Д., мүшелері: аға оқытушылар Атанова Н.А.,  Артықбаева Ұ.С.