Студенттеріміз дұрыс тамақтануды насихаттауда




11.04.2013

6 сәуірде Алматыда «Дұрыс тамақтанып, гипертонияның алдын ал» атты кең ауқымды акция өтті, оны С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ұлттық салауатты тағамтану орталығымен бірлесе ұйымдастырды.  

Іс-шара дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай «Саламатты Қазақстан – 2011-2015» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында өтті. Іс-шара қаланың тек орталығын ғана емес, оның көптеген аумақтарын қамтыды. Алматы Арбатында, 28 панфиловшылар саябағында және «Спутник» ойын-сауық сауда орталығында ақ халат киген жастар ниет білдірушілердің барлығының қан қысымын өлшеп, өз салмағын біліп әрі қажетті ақыл-кеңес алуға шақырды. Сондай-ақ, олар дұрыс тамақтану жайлы және өз хал-жайын қадағалап отыру туралы шағын дәрістер оқыды. Студенттер тыныш сахнада саламатты өмір салтын ұстанатын адамның өмірін бар-жоғы бірнеше минут ішінде көрсетіп, флэш-моб та ұйымдастырды.

Болашақ медицина мамандары көшедегі адамдардың барлығын акцияға қатысуға насихаттады, ал қызығушылық танытқандар өздері келіп қосылып жатты. Әрине, белсенділік танытқандардың ішінде, ең алдымен, бос уақыттары бар әрі жастарға қарағанда өз денсаулығына немқұрайды қарамайтын егде жастағы адамдар болды, дейді ҚазҰМУ студенттерінің әлеуметтік-мәдени құзыреттілігін дамыту департаментінің директоры Лескен Шыңғысбаев. Тосыннан туындаған «денсаулық алаңдарында» тіпті кезек күтіп тұрғандар да пайда болды. Қан қысымы жоғары болған адамдарға терапевт, кардиологқа қаралу ұсынылды.

Осы күні бар-жоғы бес жүзден астам қала тұрғыны тексерілуден өтті, – дейді Лескен Шыңғысбаев. Қатысушылар қатарына «денсаулық алаңдарына» сырттан қарап бақылап тұрған көрермендерді де қосуға болады, өйткені олар да өздерінің тамақтану жолы мен денсаулығы жайлы ойланған болуы мүмкін. Жалпы алғанда, мұндай іс-шара алғаш рет кең ауқымда әрі көпшілік арасында өткізіліп отыр. Бұл студенттердің өздері үшін де пайдалы болды, өйткені мұнда олар кәсіби дағды қалыптастырып, адамдармен сөйлесу барысындағы кедергілерді жеңе білуге үйреніп, қарым-қатынас қабілетін жақсартуға мүмкіндік алды.

Акцияның басты мақсаты қатысушыларға мынадай ойды жеткізу болды: тамақтану халық денсаулығының деңгейін анықтайтын негізгі фактор болып табылады. ДДҰ анықтамасы бойынша, адам өлімінің барлығының 60% дұрыс тамақтанбаумен тікелей байланысты, ал экологиялық факторлардың 75-80% азық-түлікпен және су арқылы адам ағзасына жиналады. Медициналық-демографиялық көрсеткіштердің барлығы, жұқпалы емес және жұқпалы аурулардың таралуы, қоршаған ортаның жағымсыз факторларына, психо-эмоционалдық жүктемелерге төзімділік, бәсекеге қабілетті өндіруші күштерді дамыту деңгейі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мәртебесі, оның ұлттық қауіпсіздігі халық қорегінің жай-күйі арқылы тікелей анықталады.

Акцияны өткізу барысында «денсаулық алаңдары» ұйымдастырылды: ниет білдіргендердің барлығы өздерінің артериалық қан қысымын, дене массасының индексін, бойы мен салмағын біліп алды. Диетолог дәрігерлер түрлі аурулар кезінде қалай дұрыс тамақтану керектігі жайлы, гигиенист дәрігерлер азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы, сондай-ақ терапевтер, гастроэнтерологтар және педиатрлар тегін кеңес берді. Пайдалы, таза және байытылған отандық өнімдер жәрмеңкесі өтті.

Ұйымдастырушылар халыққа дұрыс тамақтану жайлы ақпарат беруге бағытталған акция қоғамның тамақтану тәртібін жақсы жаққа өзгертеді және өз денсаулықтарына деген жауапкершіліктерін арттырады деген сенімде. Акцияға мектеп жасына дейінгі балалар, оқушылар, ата-аналар, жоғары оқу орындарының студенттері, аға буын өкілдері мен өмірлік ұстанымы белсенді қала тұрғындары қатысты. Қатысушылардың көбісі көрсеткен көмегі мен айтқан кеңестері, денсаулықтан қымбат ештеңе жоқ екенін еске салғандары үшін студенттерге алғыс білдіріп, ризалық танытты.