Латын әліпбиі – өрісі кең әліпби




06.02.2018

Бүгін де қазақ қоғамының өзекті де маңызды мәселелерінің бірі –латын әліпбиіне көшу болып отыр. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады», – деп латын графикасына көшудің нақты мерзімін белгілеп берген болатын. Бұл мәселені Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тағы қозғаса, 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «… қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді», – деп латын әліпбиінің артықшылығын баса көрсетті.

Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев өзінің тьюторлық тобы –  халықаралық медицина факультеті 3 курс (15-040) студенттерімен бірге ҚР Президентінің жолдауындағы латын әліпбиі мәселесін талқылады. Халықаралық медицина факультеті 15-040 тобының студенті Абижай Маржан «Латын әліпбиі – өзекті мәселе» деген тақырыпта жасаған баяндамасында орыс тілді және қазақ тілді сайттардағы латын әліпбиі жайлы пікірлерге шолу жасап, латын әліпбиінің тиімді жақтарына және бұл әліпбиге көшеде кездесетін қиындықтарға тоқталды.

Доценті Т.Қ.Зайсанбаев «Қазақша медициналық терминдерді қалыптастыру жолдары» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол термин қалыптастырудың әр түрлі тәсілдеріне тоқтала келіп, халықаралық терминдерді қазақ тіліне бейімдеудеу туралы өз ойын ортаға салды. Қазақ тіліне тән емес әріптерді әліпбиден шығарып тастау арқылы халықаралық терминдерді қазақ тіліне бейімдеуге болатынына және латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін игеруге де ықпалын тигізетіне баса назар аударды.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдары латын емес орыс әліпбиін пайдаланайық дегендерге қарсы шыққан белгілі қоғам қайраткері, сол кезде Мәскеудегі КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарған Н.Төреқұлов: «Орыс әліпбиінің майданы тар. Орыс, бұлғар сықылды елдерден басқа онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең. Мұнымен кең майданға шығамыз» [4, 80-81],– деп сол кездің өзінде-ақ еуропаның озық ғылымын меңгеруге латын әліпбиінің зор көмегі болатынын болжаған.

Тәрбие сағаты барысында латын әліпбиіне көшудің маңызы туралы студенттер толық мағлұмат алды.