«Махабатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар»




17.03.2014

Өнер құдіреті

 

Студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру – біздің универсиет ұжымы алға қойған ең басты мақсаттарының бірі. Осы бағытта университет ректоры, профессор Айқан Ақанұлы Ақановтың қолдауымен тәрбие бөлімі мен тьюторлар көптеген игілікті істер атқаруда. Соның бір көрінісі – университетте «Театр маусымының» ұйымдастырылуы. Бірінші курс студенттерін жыл сайын қаламыздағы әртүрлі театрларға тегін апару дәстүрге айналған.

16 наурыз күні бірінші курс студенттері мен университет ұстаздары Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында орыстың ұлы композиторы Петр Ильич Чайковскийдің әйгілі «Аққу көлі» балетін тамашалады. Зигфрид ханзада мен Одетта ханшайымның арасындағы мөлдір сезім туралы әдемі аңыз арқау болған бұл балетті тебіренбей көру мүмкін емес. «Махабатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар»,–деп ұлы Абай атамыз жырлаған, адамға ғана тән бұл құдіретті сезім балетте әсем әуенмен әрленген әдемі қимылдармен суреттелген.

Халықтық би негізінде Еуропада дамыған балет қазақ қауымына да таңсық емес. Оған Абай атындағы опера және балет театрының жеткен жетістіктері куә. П.И.Чайковкийдің мәңгі өлмес туындысын шебер орындаған театр өнерпаздарының шеберлігіне көрермендер тәнті болды. Студенттерге, әсіресе, театрдың ерекше салтанатты сұлулығы және қойылымның көркем безендірілуі өте ұнады.

Осындай тамаша қойылымды көруге мүмкіндік жасап, ұмытылмас әдемі кеш сыйлаған университет ректоры А.А.Ақановқа студенттер мен ұстаздардың айтар алғыстары шексіз.

 

Қазақ тілі кафедрасының тьюторлары Б.Н.Канленова, Т.Қ.Зайсанбаев.