Отанды қорғау – ерлердің ісі




23.05.2014

      Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 69 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз – өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.  Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.  Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді.  Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Олар қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры. Мәншүк (шын аты Мәнсия) Батыс Казақстан облысының Орда ауданында дүниеге келді. Ерте жетім калды. Алматыда тұратын ағайындарының қолында тәрбиеленді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол медицина институтында оқып жүрді. Ол 1942 жылы өзі сұранып майданға кетті, 21-атқыштар дивизиясында болды. Алғы шепте айқаска түскен алғашқы күннен-ақ қаруластарын қайсарлығымен, табандылығымен, ержүрек батылдығмен қайран қалдырды. Неваль қаласын қорғау кезінде Мәншүк ақырғы оғы таусылғанша жауды жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты.

Әлия Молдағұлова (1924-1944 ж.) Казақтың каһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры.
Әлия Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келді. Бала кезінде жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленді. Кішкентай Әлия Ленинградқа барып, соғысқа дейін сонда тұрды. 9-сыныпты оқыды (қазір ол мектеп Әлия Молдағұлова есімінде). 1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітірді. Бірақ біраз уақытқа дейін командование алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпеді. Бірақ жас қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Ашық шайқасқа ол 1943 жылы маусымда 2-Прибалтика майданының 26-атқыштар дивизиясы құрамына түсті. Ефрейтор шенінде өз дивизиясымен барлық ірі-ірі айқастарға қатысып, құралайды көзінен атқан нағыз мергендігімен дараланды. 1944 жылы Новосокольники стансасы маңындагы ауыр шайқаста Әлия қаһармандықпен қаза тапты. Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Өткен жылы Алматыда Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүкке көрнекті жерге ескерткіш орнатылды.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды.

Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отан сүйгіштікке тәрбиелеу. Осы мақсатта біздің ҚазҰМУ-нің қара шаңырағында жыл сайын 9  -мамыр ЖЕҢІС күнін атап өту үлкен дәстүрге айналды. Биылғы жылы Ұлы отан соғысының ардагерлерін, Ұлы отан соғысына қатысқандар  қатарына теңестірілген азаматтарды, ауған соғысына қатысқан интернационал-жауынгерлерді және еңбек тылына қатысқан ардагерлерді құттықтау «Concordia»  театрында өтті. Салтанатты рәсімді құттықтау сөзімен ҚазҰМУ- нің ректоры, профессор А.А. Аканов ашты. Ол өз сөзінде Ұлы отан соғысына қатысқан Кеңес халқының жеткен жеңісінің маңызы туралы баяндап, барлық ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады. Осыдан кейін,  С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің «Травматология, ортопедия және әскери дала хирургия» кафедрасының доценті, м.ғ.к., Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары дәрежелі хирург, Ауған соғысының ардагері- Бердавлетов Бақытжан Әбдрашитұлы ағамыз сөз алып, өзінің естеліктері туралы былай деп баяндады: 9-мамыр күні бәрімізге мейрам күні, себебі осыдан 69 жыл бұрын Кеңес әскері фашистік Германияны жеңіп, жауыздарды тізе бүктірген, 4 жылға созылған, 1941-1945 жылдардағы отан соғысының сәтті аяқталған КСРО халықтарының бірлігінің нәтежиесі.  Бұл соғысқа қатыспаған еліміздің бірді-бір отбасы болмаған. Мысалы, біздің отбасымыздан үлкен ағам Бердавлетов Камал сол майданға 19 жасында кетіп, Ржев, Смоленск қалаларының түбіндегі шайқастарда екі мәрте оқтан жарақат алып, соғыс аяғында елге оралған. Менің нағашы ағам Бөлекбаев Хасан Ленинград қаласын блокададан босату ұрысына қатысып, оқ жарақатына ұшырап, 1944 жылы елге оралған. Соғыстан қайтпаған туыстарымызда бірталай.

Біз соғыс алдында және соғыс жылдары туылған сәбилер, өзімізді «соғыс балалары» деп есептейміз. Сол жылдары және соғыс біткеннен кейінгі қалаларды қалпына келтіру кезеңінде балалығымыз өтіп, көп таршылық пен жоқшылықты көргенбіз. «Тірі адам – күнін көреді» дегендей, біздерде адам болып кеттік. Елімізді  фашисттерден қорғап қалған, қазіргі ел тыныштығын алып келген отан соғысының ардагерлеріне алғысымыз шексіз. Олардың ерліктері мәңгілік жүрегімізде!

Мен, медицина институтын бітіріп, хирургия саласында жұмыс жасап, отбасы құрып, бала-шағалы болып жүргенімде, ойда жоқта 1979 жылы желтоқсан айында Ауғанстанда соғыс дүрс ете қалды.   Сол жылдың желтоқсанында КСРО  басшылығы ,  Ауғанстан президенті Аминнің  әділетсіздігі  арқасында болып жатқан қақтығысты  реттеу және демократия  құрылымын нығайту  мақсатымен Ауғанстан Демократия республикасына   интернационал көмек  ретінде  шектелген  Кеңес  әскерін  енгізу  жөнінде   шешім  қабылдаған.   Бұл  Ауған  соғысы 10  жылға созылды, 1979-1989 жж .

1980  жылдың  жаз  айында  Алматы  маңайына   Қазақстанның   түп- түбінен  әскерге  міндеттілер  жиылды. Жиынның  себебі,  КСРО  мемлекеттік  қауіпсіздік  комитет   шешімімен  ауғандағы   іс-әрекеттерді  өткізу   мақсатымен   « Каскад»   деген  спецотряд  құралған.    Сол  «Каскад  »  ішіне  Қазақстандық  «Алтай » отряды  құралған.  Қысқаша  айтқанда, осы «Алтай» отрядына  700 азаматтардың  ішінен  43 мамандар  қатаң  іріктелді. Солардың  қатарына мен де түсіппін. Сонымен, сол 1980 жылы жаз айында Ауғанстанға соғысқа  аттандық. Мен  осы  «Алтай»   арнайы  отрядының  хирургі және  медицина қызметінің  басшысы міндетін атқардым.   Іс- әрекеттеріміз  Пакистанмен шегаралас  Газни деген  аймағында  өтті.  Біздің арнайы  отрядымыздың  жұмысы   әскери  барлау  болды. Тобымыздың  жартысы  мемлекеттік  қауіпсіздік  комитетінің  жігіттері  болды.  Дәрігер  тобымыздың  мақсаты   әскерлердің денсаулығын сақтау, жедәл жәрдем беру және сонымен бірге  соғыс әрекетіне қатысу болды. Біздер  дәрігерлік  көмекті  Ауған  әскерлеріне де және  жергілікті  тұрғындарға да  көрсеттік.  Соғыс  –  ол  соғыс! Оның  жеңілі  жоқ.  Ауған  соғысына  қатысқандар   мемлекеттің тапсырысымен   міндеттерін  адал орындады. Қазіргі  жастарға  және  кейінгі  ұрпаққа  тілейтінім, олар  соғысты көрмесін. Бірақ  білімдерін  арттырып,  жақсы маман иесі  болға әрдайым  тырысу  керек. Өз  елін  қорғауға  дайын  болу  керек.

Жасасын  бізге  бейбітшілік  алып келген  Ұлы Отан соғысының  батыр  ардагерлері!!! деп сөзін аяқтады.

Осыдан кейін ардагерлерге арналған студенттердің әлеуметтік – мәдени құзіреттілігін дамыту департаментінің студенттер көмегімен ұйымдастырған 9-мамыр күніне арналған концерттік шаралар өткізілді. Сонымен қатар әскери дайындық кафедрасының көмегімен болашақ әскери дәрігерлер дайындаған студенттердің әскери парады өтіп, даңқ аллеясындағы ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, тағызым етілді. Шара соңында 70-тен астам соғыс ардагерлеріне арналып мерекелік дастархан жайылып, қошемет көрсетілді және 140 соғыс ардагеріне қаржылай көмек берілді. Ал өз ретінде ардагерлеріміз өздерінің дән ризашылықтарын білдірді.

Сөзіміздің соңын Бердавлетов Бақытжан Әбдрашитұлы ағамыздың жалынды сөзімен аяқтағымыз келеді,  Жасасын  бізге  бейбітшілік  алып келген  Ұлы Отан соғысының  батыр  ардагерлері!!!

Б.Ә. Бердавлетов,

С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ,

Травматология, ортопедия және

әскери дала хирургия,

кафедрасының доценті,

 Т.А. Жумакова,

қалыпты физиология кафедрасының доценті,

ардагерлер кеңесінің төрайымы

Г.У. Шардарбекова,

қалыпты физиология кафедрасының аға оқытушысы